Қуыршақтар алматылық шеберлер Татьяна Фисенко, Марина Асими, Алиса Меңдіғалиева және Сева Демидовтің қолынан шыққан. Көрмеге Томирис патшайым, Абылай хан, Абай Құнанбайұлы сияқты тарихтағы ұлы тұлғалардың образы сомдалған қуыршақтар қойылған. Олардың бейнесі мен костюмі арқылы тарихи тұлға туралы ақпарат алып қана қоймай, сонымен қатар тұтас бір дәуірдің лебін сезінгендей болдық.
Көрменің кураторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Апорт» сауда орталығының арт-директоры Светлана Киляоглова іс-шараның басты мақсаты қоғамда кез келген мәдениеттің екі бағытта – дәстүрді сақтау және жаңғырту арқылы дамитынын айтты.
Қуыршақ авторларының бірі, шебер Марина Асимидің айтуынша, оның осы өнермен шұғылданып жүргеніне үш жыл болыпты.
«Қазір мүсін өнерін тереңірек оқып, зерттеп жүрмін. Негізгі жұмыстардың ішінде әнші Виктор Цойдың, қолбасшы Томирис патшайымның образын бейнелейтін қуыршақтарымды атап өтуге болады. Томирис қуыршағын режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильміндегі басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсынға ұқсатып жасадым. Ол жұмысымды екі ай бұрын аяқтадым. Қуыршақты жасай отырып, мен патшайымның барлық эмоциясы мен сезімін, Кир патшаға қарсы шыққан кезіндегі батылдығы мен табандылығын жеткізгім келді», – дейді ол.
Томирис патшайым қуыршағының киімі таза былғары мен күдеріден, шашы Ангор ешкінің жүнінен жасалған. Ал қуыршақтың көзін шебер тапсырыспен арнайы маманнан алдырған. Айта кету керек, барлық қуыршаққа тек табиғи материалдар пайдаланылған.
Ал тағы бір автор Татьяна Фисенконың негізгі мамандығы – экономист. Шығармашылықпен алты жылдан бері айналысады екен.
«Жылына шамамен 2-3 қуыршақ жасаймын. Қуыршақты пластиктен әзірлеп, шаш жапсырамын. Қол-аяғын бөлек мүсіндеймін. Образды қайдан аласыз десеңіз, интернеттен қарап, көрмелерге барып, идеялар жинаймын. Кейде өзім не істеп жатқанымды түсінбеймін. Өйткені мен суретші емеспін. Мен көркемөнерге байланысты ешқандай арнайы оқу оқымағанмын. Тек бұл жолда маған көмекке келер, бағыт-бағдар сілтер жалғыз дүние – шабыт. Барлығы шабыттан туады. Көрмелерде жүрген кезде қуыршақтарды көріп қалып, мен де осындай туындыны өмірге әкелгім келетінін түсіндім. Қуыршақ жасау өнеріне деген қызығушылығым осылай басталды», – деп ағынан ақтарылды шебер.
Көрмеге қойылған тоғыз қуыршақтың бесеуі осы Татьянанікі.
«Қуыршақтарымды бұған дейін Алматыдағы Қастеев музейіне, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Саратов, Новосібір және Нижний Новгород секілді қалаларында өткен көрмелерге қойғанмын», – деді Т.Фисенко.
Айта кету керек, көрме 11 маусымға дейін жалғасады.
Аяжан ИСИНА,
Дамира СӘРСЕМБАЙҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенттері