Уақыт жағынан алғанда Парламент Мәжілісінің кешегі өткен жалпы отырысы биылғы ІІХ шақырылымда ең ұзақ күн тәртібімен ерекшеленді. 13 мәселе қаралған жиында депутаттар түске дейін 2022 жылғы бюджеттің орындалысын талқылады.
Былтырғы бюджеттің орындалуы мақұлданды
1,035
оқылды

Қалай дегенде де, мәжі­лісмендердің бұл күнді қатты күткені байқалды. Ал түстен кейін «Масс-медиа туралы», «Шетелден активтерді қайтару туралы», «Прокуратура туралы» сынды тағы басқа заң жо­баларын талқылады. Жалпы отырысқа Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов төрағалық етті.

Сонымен, түске дейін Мәжілістің жалпы оты­рысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жария етті. Былтырғы бюджеттің игерілуі туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылы пандемиядан кейін экономиканың біртіндеп өсіп, іскерлік белсен­діліктің жандануы байқалғанына назар аудартты. 

«Өткен жылы елдегі жалпы ішкі өнім 3,3 па­йызға өскен. Азық-түлік пен шикізат бағасының әлемде қымбаттауынан Қазақстандағы инфляция деңгейі де қалыпты көрсеткіштен асып, 20,3 пайызды құраған. Былтыр бюджет шығыстары 56 стра­тегиялық бағыт бойынша жұмсалды. Мемле­кеттік органдардың даму жоспарларының 219 нысаналы индикаторына қол жеткізілді. Оларды іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берді», – деді ол.

Келесі баяндамашы, Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья  Годунованың баяндамасында еліміздегі қаржы саласындағы, соның ішінде бюджеттің орындалысына қарасты өзекті проблемалар көтерілді. Ол бюджет қаражатын ұтымсыз жұмсау мердігерлер мен жеткізушілер арқылы көбірек жүзеге асырылатынын мәлім етті.

«Біз бюджет шығыстарын қойылған стратегия­лық мақсаттарға байланыстыруды сол күйі үйрене алмай қойдық. Салдарынан жалпыұлттық міндет­терге қол жеткізуге ешқандай әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурстарды жұмсадық. Ұлттық жобаларды әзірлейміз, алайда іске асы­рылған екінші жылында олардың күшін жоямыз. Барлығы орындалып жатқан сияқты көрінеді, бірақ беретін әсері күмәнді. Бір жақтан мыңдаған жұмыс орны құрылып жатса, екінші жағынан Еңбек министрлігі жұмыссыздардың саны өседі деген болжам айтып отыр. Алынатын экономикалық әсер соңына қалдырылған. Жобалық қуатты кеңейту және оған шығу үш-бес жылдан кейін жоспарланған. Ал мұны ешкім бақыламайды», – деді Наталья Годунова.

Осыдан кейін отырысқа шақырылған Үкімет мүшелері Мәжіліс депутаттары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Ал осы тақырып бойынша қосымша баяндамашы, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің жоспарланған параметрлері орындалғанына қарамастан, игерілген қаражат пен бюджетті қалыптастыру кезінде жос­пар­ланған көрсеткіштер арасында нақты байланыс жоқтығын, тиімсіз жоспарлаудың салдарынан бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол беріліп отырғанын айтты.   

«Бұл стратегиялық мақсаттарға деген формальды қатынасты және стратегиялық және бюджеттік жоспарлау сапасының төмендігін көрсетеді. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған тиімсіз пайда­ланылған бюджет қаражатының көлемі 421 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өзара және жергілікті атқарушы органдармен іс-қимылдары сәйкес келмейді. Мәселен, аймақтарды дамытуға бөлінген 1 трлн 79 млрд теңге нысаналы трансферт, оның 64 пайызы Ұлттық қор есебінен берілген. Ал 63 млрд теңгесі игерілмей қалды дейік. Бұл көрсет­кіштердің артында қаншама мәселе тұр. Суға, канализацияға, газбен жабдықтауға қол жеткізе алмай жүрген халық, денсаулық сақтау объектілері тапшы өңірлер бар», – деді депутат.

Депутат Елнұр Бейсенбаев елдегі қымбатшылық пен инфляция, соның салдарынан халықтың несиемен күн көруге мәжбүр болып отырғанын айтты. 

«Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді осы орнаған жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының 3/1 бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31 пайыз, 2018 жылы – 29 пайыз, 2015-2016 жылдары – 23 пайыз). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы, 2022 жылы тұтынушылық несие – 30 пайызға, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл – бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни, аталған көрсеткіш – ха­лықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яки бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз», – деді депутат. 

Сонымен, Мәжіліс Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін мақұлдады. Төменгі Палатадағы 94 депутаттың екеуі жиынға қатыспаған болса, қалған 73 депутат жақтап, 12 депутат қарсы дауыс беріп, 7 депутат қалыс қалды. Үкімет есебіне түйінді бағасын берген Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов өтіп кеткен бюджетті сынға алған соншалықты дұрыс емес екеніне де назар аудартты.

«Бүгін жан-жақты талқылау болды. Өте маңызды ұсыныстар айтылды. Қатты да әңгімелер айтылды. Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келе жа­тырмыз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретін – тек баяндамашылар және сұрақ қоятын адамдар. Десе де, өтіп кеткен бюджетті сынға алған соншалықты дұрыс емес деп санаймын. Өйткені орындалған бюджет қайта оралмасы анық. Сондықтан да алдын алу мәселелеріне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Мә­селен, алдағы уақытта Мәжіліске келіп түсер Бюд­жет кодексінің кезінде және Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды қарау барысында бүгінгі айтылған сын-тілектерге назар аудару қажет», – деді ол.