Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты елімізде ауыл шаруашылығын өркендету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан іргелі мекеме саналады.
Күріш институтынан күй кетті
1,594
оқылды

Сырдың басты дақылы – күріш шаруашылығын өрістетіп, өндірісті жаңа сұрыптармен толықтырып отырған институттың ғылыми-зерттеу жолында жеткен жетістіктері де жетерлік. Алайда білікті ғалымдардың басын біріктірген мекеменің соңғы жылдары ахуалы күрт төмендеп кеткен. 

Сыр өңіріндегі іргелі ғылым ордасының тоқы­рап тұрғаны соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Басқасын айтпағанда, ғылыми институттың бас ғимаратының тозығы жетіп, жөндеу көрмегеніне біраз жыл болды. Сапасы сыр берген ғимаратта жұ­мыс істеп жатқан ғалымдарға ешқандай жағдай жасалмай тұр. Соның салдарынан ғылыми орталық қызметкерлері мемлекеттен қолдау болмай, қаржылық тоқырауға ұшырап, өлместің күйін кешіп отырғанын айтып отыр. 

Ең алғаш аталмыш мекеме 1933 жылы Бүкіл­одақ­тық Күріш тәжірибе стансасының қарама­ғындағы Қызылорда күріш тәжірибе егістігі болып құрылған. Содан бері атауын бірнеше мәрте өзгерт­кен ғылыми-зерттеу орталығы бүгінде іркіліссіз ізденістің нәтижесінде өміршең  жобалар бойынша жұмыс жүргізіп, жемісті жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Дейтұрғанмен, ғылыми жаңалыққа ден қо­йып, жаңа сұрыптар дайындауға еңбек етіп жүрген ғалымдар қауымы қолдауға зәру.

«Қазір институттың ахуалы өте төмен. Биыл мекемеден 2023 жылғы базалық қаржыландыруды мүлде алып тастады. Жалпы, елімізде 13 ғылыми мекеме мемлекеттік қаржыландырудан қағылып отырғаны мәлім. Соның қатарында Күріш инсти­туты да бар. Қазір ғылыми орталық қызметкерлері 6 айға жуық уақыт бойына еңбекақысыз отыр. Тек қызметкерлердің айлықтары нысаналы қаржылан­дыру бағдарламасы шеңберінде ғана жүргізілуде. Бұл бағдарлама негізінде бізде 4 жоба бойынша жұмыс жүргізіледі. Яғни, белгіленген шарттарға сәйкес қосымша қызмет көрсетеміз. Аталмыш бағ­дарлама 2021-2023 жылдарға арналғанын ескер­сек, биыл бұл жобалар негізіндегі жұмыстар да аяқталады. Соған орай қосымша табыс көзі тоқтап, еңбекақы төлеу мәселесі тіпті қиындай түспек», – дейді Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Жанар Жұма­ділова. 

Қаржы тапшылығының қолбайлау болғаны салдарынан биыл көктемгі егіс жұмыстарын да бастау қиынға соққан. Соған орай басқарма бас­шы­сы «Жан-арай» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жүр­гізуге шешім қабылдап, әупірімдеп жүріп, көк­темгі егіс жұмыстарын ұйымдастырыпты. Сонымен қатар институттың өндіріс орнын да осы серіктестік қар­жы­ландырып отырса керек. Бұл тұрғыда барлық қажетті техника мен жанар-жағармаймен қам­тып келеді екен. 

Қазір ғылыми орталықта селекциялық жұмыс­тар мүлде тоқтап тұр деп айтуға болады. Себебі ға­­лым­­дарға бірде-бір қолдау жоқ. Мәселен, мем­лекет тарапынан жаңа сұрыптар дайындауға талап қойылады. Бұл жұмыстарға кемі 8-10 жылдай уақыт қажет. Ғалымдарға мемлекеттен қолдау болма­ған­дықтан, ұзақ жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Институт бас­шылығы осылай деп мұңын шақты. 

«Қазір ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен айналысып, жаңа сұрыптар дайындауға мүм­кіндігі жоқ. Оның үстіне, шаруашылықтар қа­жетті тұқымдарды жыл сайын сырттан тасы­мал­дап жүр. Бұл да ғылыми институттың жұмысын жандан­дыруға кері әсерін тигізуде. Яғни, ғылыми ор­талықтың дайындаған тұқымына сұраныс бол­майды деген сөз. Бүгінде өзіміз дайындаған әлемге әйгілі «Маржан» сорты сырттан жеткізілген жаңа сұрыптардың салдарынан ауруға шалдығып отыр. Бұл күріш сұрыбы 2006 жылдан бері «перекулез» деген індетке душар болды. Сондықтан оған деген сұраныс күрт төмендеді. Соған сәйкес, бүгінде  «Сыр сұлуы» мен «Айсара» атты жаңа сұрыптарды әзірледік. Соның ішінде «Сыр сұлуы» сортын былтыр өз қаражатымыздың есебінен шаруа­шылық­тарға енгіздік. Нәтижесінде, облыстың 40 пайызға жуығын осы күріш түрімен қамтамасыз еттік. Ал «Айсара» сұрыбының перспективасы өте жоғары деп айтуға болады. Бұл сұрыпты әзірге өзіміздің тұқым бағымызда көбейтіп жатырмыз», – дейді Жанар Шәдібекқызы.

Басқарма төрағасының орынбасары «Айсара» сортының өнімділігіне байланысты шаруа­шылықтардан үлкен сұраныс түсіп жатқанын алға тартады. Алайда бұл күріш сұрыбы әлі де өнді­ріске енгізілмегенін жеткізді. Ал қолданыстағы сорттарға деген сұранысты арттыру үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет. Бұл тұрғыда жыл сайын шаруашылықтарға күріш тұқымын жер­гілікті ғылыми институттан алу міндеттелсе деген уәжін білдіріп отыр. Соған орай жылма-жыл белгіленген мөлшерде тұқым дайындап, бірқатар қаржылық қиындықты еңсеруге бетбұрыс жасалар еді деген пікірде.

Материалдық-техникалық базасы сын көтер­мейтін күйге жеткен ғылыми орталықта маман тапшылығы да сезіледі. Мекемеге жас мамандар кел­генімен, ұзақ тұрақтамайды. Мұны қаржы тап­шылығына байланысты еңбекақының уақытылы берілмеуімен байланыстырады.

Қаржы тапшылығының қолбайлау болғанына қарамастан, институт ғалымдары алдағы уақытта да жаңа сұрыптар шығаруға иек артып отыр. Қазірдің өзінде күріштен бөлек арпа дақылының жаңа сұрыптарын дайындауда. Ғалымдар жаңа технологияларды да қолданысқа енгізуге ынталы. Алайда үлкен нарыққа шығуға мемлекеттен қолдау күтеді. 

Жалпы, 90 жылдық тарихы бар ғылыми орталық Вьетнам мемлекетімен, Корей, Филиппин, Ресей елдерімен ішінара болса да, тығыз әріптестік байланыста жұмыс жүргізуде. Осылайша, алыс-жақын шетелдермен байланысты үзбей, мүмкін­дігінше тәжірибе алмасып келеді. 

Сондықтан институт тарапынан еліміздің ғылым саласын өркендетуге бетбұрыс жасалып, мек­емені базалық қаржыландыру мәселесі оңтай­лы шешімін тапса деген талабын жеткізді. Қазіргі ахуал түзелсе, шетелдермен әріптестік байланысты бұдан әрі нығайтып, өміршең жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы

Фото: qazaqstan.tv