Сериялардың бірінде қаһармандар бағасы аспандап тұрған «қазақстандық» сағызды талқылап, қазақтардың бекон жемейтінінен хабардар екенін көрсетеді. Әлбетте, отандық көрерменнің көбі бұл қиял-ғажайып эпизодтарға езу тарта қарағаны рас. Әйткенмен, батыстық кино мамандарының біздің елді сценарийге қосарда қандай қисынға сүйенері сол күйі түсініксіз қалды.
Сол күйі дейтініміз – бұған дейін де жарыққа шыққан Голливуд фильмдеріндегі Қазақстан жайлы мәлімет ақиқатпен оншалықты, тіпті көбіне-көп мүлдем сәйкеспейді...
«Қазақтар бекон жемейді»
«Фубар» сериалында көрерменнің көзіне Қазақстан азаматының төлқұжаты оттай басылып, құлағына Сүлеймен Демирел университетінің атауы ып-ыстық естіледі. Иә, кейіпкерлер әңгіме қылып отырған Анна Фетисова атты «қазақ» студенті осы оқу орнында оқитын болып шығады. Жергілікті ұлтқа неліктен славян есімін телігілері келгені бізге белгісіз. Жалпы, белгісіз дүние мұнда көп. Мәселен, олар қай бір жылдары Қазақстанда аса танымал болған «Жарқын күлкі» деп аталатын сағызды талқылайды: кейіннен қызылмияның тапшылығынан әлгі сағыздың бағасы аспандап кетіп, шенеуніктерге ғана қолжетімді затқа айналыпты-мыс. Бізді тағы бір таңғалдырғаны – қолданыста жоқ қазақша сөздер еді. Агенттің серіктесі құлаққа түрпідей тиетін акцентпен «Неге көңілсізсің, суперханым?» деп қазақша сөйлегенінде, көрерменнің кейбірі шайына шашалып та қалған шығар. Бірақ сценарист біздің доңыз етін жемейтінімізді білетіні қуантты: жолаушы жігіттің бекон жеп отырғанына қарап, шпиондар оның қазақ болып шығуы екіталай деген тоқтамға келеді. Әрине, бұл жерде нысанадағы әлгі адамның нәсілі азиатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны-мен олардың шаруасы болмады.
Қала атауына да қатты бас қатырмаған
2008 жылы жарыққа шыққан «Біздің дәуірімізге дейінгі Вавилон» фильміндегі Қазақстанның да шынайы Қазақстанмен ұқсастығы тым аз. Онда кейіпкерге Аврора есімді жұмбақ қызды Моңғолиядан Нью-Йоркке алып келу тапсырылады, қауіпке толы жол «қазақстандық» Троицк қаласы арқылы өтеді. Фильм авторларының неліктен қаланы орыс-ша атағысы келгені беймәлім. Шамасы, бізді де славян тектес ұлт деп ойласа керек, өйткені кадрға көбіне славян кейіпті адамдар түскен. Владивостокқа бара жатқан пойызда балалары мен ешкілерін алып келе жатқан азиат отбасы кездеседі, алайда олар қазақша сөйлемейді.
Фильмде 2027 жылдағы біздің мемлекет оншалықты бақуатты ел болып көрсетілмейді. Радиациядан әбден уланған, жартылай қираған қалалардың алаңдарында тот басқан кеңестік бронетехника тұр, азып-тозған халықтың жерге асы, ішерге суы жоқ. Мұнда тек қылмыскерлер ғана шат-шадыман өмір сүреді. Тар өткелдердегі жайма базарларла арзанқол киім-кешекпен қатар клондалған экзотикалық жануарларды да, сондай-ақ өлген иттерді де сатып алуға болады.
Фильм оптимистік нотада аяқталады: монах әйел ақыр соңында Шығысты кедейліктен, Қазақстанды экологиялық апаттан құтқаруға бел буады.
«Бораттың» бір нұсқасы
Біз «Боратқа» бұлқан-талқан болып жүрсек, соның ар жақ-бер жағындағы басқа фильмдерді білмейді екенбіз. 2014 жылғы Mercenaries фильмінің сюжеті, сценаристің фантазиясы еріксіз баяғы «Боратты» еске түсіреді: мұндағы «Қазақстан» – тау мен шөлі араласып жатқан, үйлері батпақ пен ағаштан соғылған, түрі еуропалық адамдар тұратын, әйелдері құлдықта өмір сүретін, жезөкшелік пен нашақорлық жайлаған ит байласа тұрғысыз жер.
Сюжет бойынша, Қазақстанға келген АҚШ президентінің қызын жергілікті қылмыстық топ ұрлап кетеді. Бандиттерді бастаған бұзық қыздың есімі – Ульрика. Иә, фильм мамандары тағы да ат таңдауда оңбай қателескен.
Кинода көңіл күйіңді түсіріп, зығырданыңды қайнататын тағы бір тұс бар. Америкалық шпион қыздарға қазақ әйелдеріне ұқсау үшін жергілікті азамат бастарын қой иісі сіңген көне орамалмен бүркеуге кеңес береді.
Қиюы кеткен қисынсыз сюжет
The X-Files сериалының бесінші маусымындағы он үшінші эпизодта Қазақстанға ұшатын тәрелке құлайды. Малдер мен Скалли есімді агенттер зерттеу жүргізіп, қазақстандық бала Дмитрийдің әлгі ұшатын тәрелкенің қалай құлағанын көргенін анықтайды. Енді Дмитрий қандай да бір дертке шалдығады. Оның ви-руспен зақымданған көзі мен мұрнынан... мұ-най ағады. Қатыгез агент Алекс Крайчик Дмитрийді АҚШ-қа алып келеді, бірақ бала белгісіз себептермен ғайып болады. Бұл серияны көрермен сериалдың ең қорқынышты бөлімі деп біледі. Сонымен қоса, ең қисынсызы да шығар...
Көк ту көзіңе жылы ұшырайды
Батыс фильмдерінің кейбірінде Қазақстан атауы бейтарап немесе позитив тұрғыда да көрініс тауып жатады. 2016 жылғы Preacher сериалының 8-сериясында періштелер шағын техастық турагенттікке кіргенінде, қабырғаға ілінген қызылды-жасылды плакаттардың ара-сында «Kazakhstan!» деген үлкен жазуы бар баннерді көруге болады. Чехословакияның, Гавай аралдарының суреттері қатарында Шым-бұлақ курортындағы шаңғышының суреті де тұр. Сериал сюжеті 1995 жылы болып жатқанын ескерсек, расымен де уақыт шекарасы бұзыл-маған екен: Қазақстан бұл кезде тәуелсіздігін алып үлгерген болатын.
«Крид: Рокки мұрасы» фильмінің ең басында басты кейіпкер рингке шыққанда, АҚШ туының жанында ілулі тұрған Қазақстан байрағын көресіз. Бұл жағдайда фильм авторы дәл біздің туға акцентті бекер түсірмесе керек: еліміздің әлемдік бокс сахнасындағы орны ерекше екені рас. «Эверест» фильмінде де біз-дің көк ту көзге тым жылы ұшырайды. Айтпақ-шы, бұл фильм шынайы оқиғаға негізделгенін айта кетейік: экспедиция қатысушыларының бірі танымал отандық альпинист Анатолий Букреев еді.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ