Дөңгелек үстел форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды.
Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумның төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады. Пленарлық отырысты белгілі CNN журналисі Ричард Квест жүргізіп отырды.
Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы жиынға қатысу үшін елімізге арнайы келген Қатар Әміріне, Қырғыз Республикасының президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді.
Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл – халықаралық серіктестіктің шынайы мән-маңызын айқындайтын жолдың бірі. Осы форумды бастай отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына және оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына, басқа да халықаралық институттарға, сондай-ақ ақпараттық әріптесіміз CNN-ге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен қазіргі заман өркениетінің сын-қатерлеріне назар аударып, Астана халықаралық форумы миссиясының бес негізгі міндетіне тоқталды. Атап айтқанда, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту форумның негізгі миссиялары-ның қатарына кіреді.
Сонымен қатар Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен бері негізі қаланған әлемдік тәртіпке төнетін қауіп-қатерлер туралы айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала беретінін әрі бұл ұйым барша адамзат баласының мүддесі мен шынайы мұқтаждықтарына қызмет ететінін айрықша атап өтті. Президент өз сөзінде әлемдегі жаңа дағдарыстың ықпалына қатысты ой-пікірімен бөлісті.
– COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі соңғы «жаңа дағдарыстар» нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың түпкі себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін «блоктарға» бөлінетін ескі көзқарастарға қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Тек геосаяси күш біздерді жікке бөліп жатқан жоқ. Оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан сенімді сауда-экономикалық серіктес ретінде Орталық Азияның экономикалық локомотиві рөлін атқарып отыр. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев форум ортақ мәселелерді шешуге, сондай-ақ әріптестікті, даму мен прогресті ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенім білдіріп, жиынға қатысушыларға табыс тіледі.
Сонымен қатар жиында Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және басқа да спикерлер сөз сөйледі.
Ұйымдастырушылар форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогіне арналған алаң болмақ екеніне назар аудартып отыр. Оған 40-тан астам мемлекеттен 400-ге жуық делегат қатысты. Форумның екінші күні де пленарлық отырыстар жалғасын тапты. Сондай-ақ жалқыдан жалпыға: «жасыл экономикаға» көшуді қаржыландыру, көміртекті бейтараптықтың экономикалық және экологиялық салдары, өңірлерде жаңартылатын энергия көздерін дамыту сынды бірқатар сессия өткізілді. Онда отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар өзекті мәселелерді талқыға салды. Панельдік сессиялардан бөлек брифингтер, құжаттарға қол қою және кездесулер өтті.
Мәселен, форумның екінші күнгі жұ-мысы «Энергетикалық қауіпсіздікті қайта қарау: айқын шешімдердің шеңберінен шығу қажеттілігі» тақырыбындағы панельдік сессиямен басталды. Бұл – пікірталас алаңындағы басты тақырыптардың бірі. Оған сараптамалық қоғамдастықтың, Қазақстан Энергетика министрлігінің және халықаралық энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар «Өзгелердің шарасыздығы кезінде әрекет ету: қиын сәттердегі «орта державалардың» дипломатиясы»; «Цифрландыру және жасанды интеллект: әсері мен салдары»; «Әлеуметтік толқулар: жалған ақпарат және алгоритмдердің күші» және басқа да тақырыптарға талқылаулар ұйымдастырылды.
Іс-шара геосаяси шиеленістің күшеюіне және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі модельдерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге қатысты жауаптар іздеу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге арналған. Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессия, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізілді.