Ореке! Мынау қамшының сабындай шолақ фәниде бәрі-бәрі өтпелі, күллі тірліктің көшпелі екенін леп белгісін қоя дәлелдеп, Сен кеткелі де табаны талыстай отыз жыл зымырап өтіп, тарих парағына айналыпты.
Оралханмен сырласу
1,027
оқылды

Қазақтың қаршыға топшылы қара сөзін қамырша илеген, ауылының қара шапаны сауыс-сауыс шал-шақпыты мен кемпір-кешегін, баласы мен шағасын абыздық деңгейге дейін көтеріп, аузына кемеңгерлік сөз салған, Шыңғыстайдың бес шыбыш  қайырып жүрген кетік шалы қайтыс болса, дәп бір қазақтың қабырғасына тіреу боларлық арысы дүниеден озғандай күңірене жазатын. Өзің бес күндік фәниге аяқасты қол сермеп өте шыққан шақта есеңгіреп қалған жұрт Аллаху акбарын да аптығып айта алмай, дүбәра күй кешкен. Мұзтау­дың балағында кіндігі кесіліп, шаранасы сонда құрғаған ұлдың Гималайдағы Тәж-Махалдың төрінде соңғы демі үзіліп, жыр- кеудесіндегі шы­бындай жаны пыр етіп, Алатауға тым шұғыл асығар деп кім ойлаған?! 

Әй, қайдам, тым-тым кербез, тым-тым өр, тым-тым жұмбақ, тым-тым те­рең едің, фәни мен бақидың арасын­дағы алаөкпе, бейшара күйімді ауыл үйдегі алакөз ағайыным көрмесін, біл­ме­сін дедің бе, әлде... әлде, әкелерін әлем­дегі ең мықты санайтын, Өзің өлеріңде көрген қос шырағың – Ай­ханың мен Айжаның әке әлсіздігінен бейхабар қалсын, мәңгілікке жоқ іздеп жүрсін деп те ойлаған шығарсың. Кім білсін, ғұмырыңның әсіре жұмбақ болғанын ұнатушы едің, бақиға кетісің де мәңгілік жұмбақ күйінде қалатын болар, Ореке!

Сен өткен жазда Төр Алтай керемет жаңбырлы болды. Кәрі таудың кепештігін құрсаулаған қап-қара нойыс бұлттар басқа жер құрып қалғандай-ақ, дәл осы маңда қиғылықты салсын келіп. Бұқтырмаң қарағай басына секіре тасып, оған Өзіңді жоқтаған нөпір жұрттың көз жасы қосылып, әй, жосылсын-ай!  Қаралы жазың ырың-жырыңмен өте шыққан. Аткөпір қуаныш пен шанағына сыймай асып-төгіліп жатқан шаттыққа кенелеміз деген жәмиғатың (сенің 50 жылдығыңа дайындалып жатыр едік қой), қасіреттің қап-қара күрзісі оңдырт­пай соғарын қайдан білсін?! 

Келер жазда Өзің жаманын жасырған, жақсысын патша деңгейіне жеткізген Қаратайың алты Алашқа сауын айтып Өзіңе ас берді. Ойхой, жоқтау мен көрі­судің көкесі сонда болған! 

Қамқа шапанының қос өңірін қақ айыра еңіреп Шерхан ағаң, ботасын іздеп боздаған Бошай ақсақалымыз, Өзіңнің жалаңаяғыңның табы қалған Шыңғыс­тайдың шаңдауыт көшесіне жата қала өксіп, бозбала Оралханды іздеген дос­тарың Кәрібай мен Кәдірбек келген. Дулат Исабеков досың күңіренісін баса алмай, булыға тұрып баяндама жасаған. Өзіңнің артыңнан ерген Әлібек пен Дидахмет інілерің Күркіреме бойындағы шоқ шілікті құшып, белі бүгілген. Бүткіл қазақ деген қаймана жұрттың әдебиеті мен мәдениетінің шаңырағын тіреп тұрған алыптары Алтайдың алақандай Катонқарағай  деген қолатын көз жасымен толтырған. Төрде қап-қара шапан жамылып, тұтастай қаптал қабырғасын алдырған арландай қап-қара боп түнеріп, күңіреніп Қалихан Ысқақ ағаң отырған. Жұрттың бәрі Қалағаңа қайтара көңіл айтып, онымен қайтара көріскен. 

Бәрі өтпелі екен, Ореке!

Қызықты қарашы, сол Қалихан аға­тайымыз Сен барда елге тым сирек келу­ші еді ғой. Әсіре жатбауырланып кеткен. Өзің өткеннен бері жиілетті. Тіпті, елге Дәмеш жеңешемізді жетелеп ерте көк­тем­де келіп, Алтайдың жусаны мен кү­реңсесін сарыжұрт етіп қара күзге дейін жатып алатынды шығарды. Алматыға қарды бір жаудырып барып бір-ақ қайтып жүргені бар. Мен ойлаймын: Өзің барда елі мен жұртының атанның белі кетер мұңы мен шеріне, титімдей қуанышына Сен күзет қылсын дегені екен. Саған сенген екен, абызым. Өзің кеткен соң алпысқа аяқ артқан Дидахмет пен Әлібекті баласынып, сенбеген-ау. Әй, солай шығар. «Бір шалды бір шал ата дейдінің» кері де. 

Қазақстанға Тәуелсіздік келген арып-ашып. Құдай-ау, оны несіне айтып отырмын саған. Өзің де көріп, жана­рыңнан жас моншақтай қуанып едің ғой. 

Өзің туралы естелік айтушылардың, тиіп-қашып қалам тартатындардың топаны молайды. Алайда көбі «Алтайдың ақиығы еді», «Мұзтаудың мұзбалағы бо­латын», «Кермаралдай кермиығым еді» деген сынды эпитеттер мен мета­форалардың төңірегін шиырлаудан аса алмады. Әлі күнге сол маңды шаңдатысып жүр. Өмірдегі пенде Оралхан мен жазушы - кемеңгер Бөкеевтің мүлдем екі бөлек адам болғанын ажырату қайда оларға?!...

Ореке! Буырқанған Бұқтырма өзені басын өзің білетін Шындығатай телі­мінен он шақырымдай ары, иықта жат­қан қолаттан алады. Тіптен, өзенге ай­на­лар деп те сенгің келмейді, ұсақ-түйек бұлақтар. Ал Аршатыға жетер-жетпестен арқыраған, жалына қол тигізбейтін шу асуға айналады. Екі араның қашықтығы бар-жоғы 40-50-ақ шақырым. Сенің бойыңа туа біткен, қанмен берілген талант пен осы Бұқтырма тағды­рының арасында қатты ұқсас­тық бар секілді. Сен де жұртың­ды көп тосқызған жоқсың: жарқ-жұрқ атылып шықтың. Атақ-даңқың алты Алашты аттап өтіп, алысқа сілтеді. Оқыс ағып түстің. Қандай әдемі де аянышты су­рет, Ореке! Өзің де осындай оқыс­тыққа  әуес болатынсың. 

Мен Бұқтырманы тегіннен-тегін ауыз­ға алып отырған жоқпын. Бастау алар бұлақтарын айттым. Ал бозбала Ораштың бұлақтары не еді? 

Есіңде ме, сен мектепті тауысқан соң екі-үш жыл ауылда жүріп қалдың. Ұмыт­пасам, трәктірге тіркеуші боп жүрген кезің шығар, күнде кешке біз тұратын интернатқа келетінсің. Қойны-қоншың толған интернат бойжеткендеріне арнал­ған асықтық хаттары. Алдымен біздерге оқып бересің. Лирикадан шалғайлау, ұрда-жық шағымыз ғой. Десек те, мәңгіп қалатынбыз. Әр хатың бір-бір новелла болатын.

Міне, сол хаттар сенің бастауларың екен. Сен ол хаттарды сол Қар қыздары­ның күллісіне (шынында да сол кездің қыздары нағыз періштелер екен ғой. Қазірде қаланың кез келген аялдамасында бір-бір жігітке артылып, салақтап тұрған қыздарды көрген шақта өз дәуіріміздің уыз иісті қыздарына деген алапат сағы­ныш иектейтінін жасырып қайтейін) ғашық болудан жазбағаныңды, тек бойыңа сыймай асып-төгіліп жатқан шығармашылық қуатыңды жарыққа шығаруға талпынып жүргеніңді қайдан білейік ол кезде. Шіркін, сол хаттардың бірер қолжазбасы бүгінде сарқарын тартқан бәйбішелердің біреуінде сақ­талды ма екен?! 

Бәрі-бәрі өтпелі көрінеді, Ореке! 

Есіңде шығар, ондайды ұмыту қайда?! Алтайға көктем сағынтып барып бір-ақ келетін. Көктем демекші... Алты ай қыстан мойны ырғайдай болып жүдеп шыққан жұрт үшін қадірінің тым-тым қымбат екенін біліп, кергіп барып мамырдың басында ғана қабағын ашушы еді-ау көктем жарықтық. Тау жұртын табиғаттан бөле-жара қарау – күпіршілік. Олардың қуанышы да, қасіреті де сол табиғатымен қамшы таспасы сынды бірге өріледі. Мұңын да сол орман-тоғайына, өзені мен көліне шағып жататынын білесің сен. Алтайдың көктемі күн алғаш күркірегенде бастала­тын. Бұл күркіреу: «Ал енді мен келдім. Қыстай қатты тартылған белдіктеріңді босатыңдар. Қабақтарыңды ашыңдар, күліңдер, шаттаныңдар!» – дейтін көктем жарықтықтың тұңғыш қоңырауы сынды емес пе еді. Күннің алғашқы күркіреуін тағатсыздана тосып жүрген біздер – балалар барлығымыз Бұқтырма бойынан табылатынбыз. Тау өзені мұздай. Оған қарап жатқан біз жоқ, суға күмп-күмп секіреміз. Алайда сүңгуімізден шығуы­мыз тез. Жағадағы құм үстінде шылғи тырыли арық, теріміз құсеттеніп кеткен біздер жапа-тармағай жатамыз. Өзімізше күнге қыздырынамыз. Басы бар да, аяғы жоқ шолақ-шолақ әңгімелер айтылады. Кім қай қызбен «дружиттап» жүр, тағы­сын тағылар. Келер сәтте біздің әңгіме­лерімізде мүлдем шатағың жоқ, мүлдем басқа бір дүниеден келгендей Сен : 

–  Әй, осы біз қартаймайтын, шал болмайтын шығармыз , – деп оқыс бір ой айтатынсың да, оқыс тыйылатынсың. Біздер мынаның есі дұрыс па, бұрыс па дегендей саған күдікпен қарайтынбыз. Астапыралла! Сол кезде аузыңа Алла салған шығар, әйтпесе шал болуға үлгер­мейтініңді қайдан ғана біле қойған екен­сің деп осы күнге дейін таң-тамашамын. Құдіреті күшті Жасаған иеміздің осы бір жұмбағын шеше алмай әуреленетініміз рас: кейбіреуге бас бермесе де, шыр­мауықтай созылған ұзақ жас беріп жата­ды. Ал екінші біреуге бәрін береді, алайда жастан шектейді. Жалауы жел­біреп, туы тұғырында тұрған аймүйіз шағында, әй кәпір атанбаған абыройлы жылдарында лып еткізіп алып кетейін, сонда артын­дағы қалың жұрты сағынып жүреді дей­тіні шығар. Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Тағы да...

Біз жоғарғы кластамыз. Сен мектепті бітіріп, ауылда жұмыс істеп жүргенсің. Консерваторияның актерлік факуль­тетіне оқуға түсіп келсең де арыны Бұқтыр­мадан не ары, не бері емес анаң Күлия апамыз:

–  Әкәку-сәкәкудің оқуына Орашым­ды жібермеймін ! – деп шорт кескен...

...Бір күні аяқастынан мектеп пен ауыл комсомолдарының бірлескен жиналысы өтетін болды. Не боп қалды деп таң-тамашамыз. Мәселе жалқы екен: Комсомол мүшесі Оралхан Бөкеевтің жекебас тәртібі. Ол жоғарғы класта оқитын бір қызбен «жүріп» қойып­ты. Бұл әрекет советтік мо­ральға мүлдем жат екен. Оралхан анау жап-жас совет қызын бүлдіруші оңба­ған көрінеді. Пәлесін қа­ра­шы! 

«Қыздың жауы» – Сен жиналысқа кешігіп келдің. Күпәйкеңнің қос өңірін ашып тастап, толқынды қара шашыңды әнтек сілкіп қалып :

– Ал мен келдім. Бастай беріңдер, – деп жиналысқа қожалық жасауға көштің. Біздер, жоғарғы кластың ұлдары өзіңмен ниеттес екенімізді саған жыртыңдатып көз қысу арқылы білдіріп қап отырмыз. Белсенді қыздар, мұғалімдер екілене, түкіріктерін шаша бар заһарларын төгіп-ақ жатыр. Олардың айтуы бойынша, бұл қоғамда сендейлерге мүлдем орын жоқ екен. Анау 17-18 жасқа жаңа ғана келген, ана сүтінің уызы ернінде кеуіп те үлгер­меген «періштені» хақ жолынан тайдыру – шайтанның ісі. Комсомолдық билетті жүрек тұсына салып жүрген Оралхан сияқтыларды оның қатарында қалдыру – қауіп пен қатер. Аласталсын! 

Бір жас мұғаліміміз тым ерекше белсенділік танытты. Артынан білдік, оның өзі сол қызға өлердей ғашық екен. Қысқасы, сотқа бергісіз жиын өтті. Түн ортасы ауар шақта «соңғы сөзді» саған берді. Басыңды қайқақтатып тұрып-тұрып не заманда :

– Мейлі, мені пісіріп жеңдер. Мен ол қызды сүйемін. Соңғы тынысыма дейін жүремін, – дедің де есікті тарс жауып, кеттің де қалдың. Мұғалімдер шәт-шәлекей. Біз мәзбіз.

Мен қазір ойлаймын, сенің сол бір жастық шағыңдағы іс-әрекетіңде болашақ шығармашылығыңның мінез-құлқы жатыр екен. Мінезсіз, жуас адам­ның прототипі – ынжық. Олар тіпті жа­зушы болған күнде де күресін басынан аса алмайды. Олардың шығармалары да қойшының қойға міне-міне әбден тырақы болған жауыр торысындай – шапқаны шоқырақтан, желгені желке үзерден аспайды, қанша тепеңдесең де баспайды. Ал сен...

Өткен жазда елге бардым. Біздің алау шағымыздағы Күркіреме, сенің шы­ғарма­ларыңда алапат өзен сынды су­реттелетін Күркіреме мүлдем тартылып қалыпты. Жылғасында сіркенің көз жасындай ғана бірдеңе жылтырайды. Бәріміздің алғашқы махаббат мекеніміз – айгөлек тоғайды іздедім. Таба алмай мысым құрыды. Оны қойып, жиырма­сыншы ғасырдың басында Қаратай жұртының көкірек көзі ояу соңғы болысы Әпекем -Әбдікерім Ережепов салғызған, Сұлтанмахмұт Торайғыров ұстаздық еткен, Сәрсен Аманжолов сынды алыптар білім алған қара шаңырақ мектебіміздің өзі жылан жалағандай тып-типыл болып­ты. Асылын іздеген жандай иен жұртта ұзақ жүрдім. Кір­пігіме жас байлан­ды.             

– Өзің білесің, Орал­ханмен бір класта оқыдым ғой. Бала кезімізден айырыл­мас дос болдық. Тым өткір, тым өжет еді. Әсіре та­лантты еді. Титтей кезінен солай бола­тын. Әй, ол тірі болса, дәл осы мектеп үйі ұстағанның қо­лын­да, тістегеннің тісінде кетпес еді...

Нұрлан Әкімбаев ағамыз, сенің фәнилік досың осыны айтып күрсінді. Сені әлі іздеп жүргенін, өткендегі бал­там­ды күндерін, жарқыл жылдарын, аймүйіз шақтарын өлердей сағынатынын ұқтым. Қалай басу айтарымды білмей, жер шұқыдым.

–Вальсті керемет билеуші еді ғой. Көбіне-көп мені шақыратын биге. Биге шақырарда кинода көргенін істейтін: бір қолын көкірек тұсына қойып, екінші қолымен аққу қанатындай реверанс жасап барып иілгенде әрі ұяла қызарып, әрі күлкі қысып, қымсына тұрып биге шығатынмын. Онымен билеу Шыңғыс­тайдың бар бұрымдысының арманы еді. Ғажап билейтін. Әртіс еді ғой. Орекеңмен билеп жүрген мен өзімді мынау монда­нақтай жер бетінде мүлдем баламасы жоқ періште арудай сезінетінмін... 

Бүгінде сарқарын тартқан, пәленбай немеренің әжесі, сыны кетсе де әлі күнгі бойжеткен кезіндегі жыры мен сырын жоғалтпаған Бақтина Нұқ­сарина за­ман­дасымыз осылай деді де... кірпігіне ілінген бармақтай жасты саусақ ұшымен іліп тастады. Жасын жасырған жоқ.

Бәрі-бәрі өтпелі екен, Ореке! 

Шариғатта бақида ұшып жүрген аруақ жанының мәңгіліктігі – фәнидегі тірілердің қолында. Олардың аты-жөнін атап, түсін түстеп, Құран аударту – соның алғышарты. Тірілер аруақты мүлдемге ұмытып кеткенде барып бақидағы жан мәңгілікке өледі деген сөз бар. 

Сенің жаның мәңгілікке бет алыпты. Өзіңнің бұта-қараға­нына, тал-шілігіне, тау-тасына дейін жырлаған қайран Ал­тайыңдағы үш мектепке атың берілді. Өс­кемен мен Катондағы ескерт­кіштер, сандаған көше сенің есіміңде. Театр сахналарында драма­ларың қойылып жатыр. Жауһар шығар­маларың трәк­тіршінің қойын қалта­сын­да, қойшының қонышында, қаратаяқ­тардың кітап сөресінің сәнін келтіріп тұр. Өзіңнің есті еліңнің – Шығыс Қазақстанның жыл аралатып өткізетін сенің атыңдағы республикалық айтыс тағы бар...

Осының бәрі бар-жоғы 49 жыл ғұмыр кешкен қаламгер үшін аз дүние емес екенін ішің сезетін шығар, Ореке. Сен бақилық абыройыңды көзің тірісінде-ақ реттеп кетіпсің. Біз – өзіңмен бір бастаудың суын ішіп, жарты дәнді жарып жеп өскен інілерің Сенің бақилық бақытыңа қызыға да қызғана қараймыз. 

Шынымды айтайын ба: Сені қатты сағынып жүрмін, Ораға!

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,

жазушы