Елу қойды ұрлағандар ұсталды
Елу қойды ұрлағандар ұсталды
© сурет интернеттен алынды
275
оқылды
Ордабасылық полицейлер тұрғынның 50-ге жуық қойын ұрлаған күдіктілерді ұстап, 40-тан астам қойды заңды иесіне қайтарды,-деп хабарлайды Polisia.kz. Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданады. Ол өзінің арызында ауылдың мал қорасынан түнгі уақытта әр қайсысының құны 45 000 теңге тұратын 39 бас қойын және 7 бас қозысын, 1 бас ешкісін жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 миллионға жуық теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-1-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді. Күдіктілерді ұстап, қылмысты ашу мақсатында оқиға орнына Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің тәжірибелі полицейлерінен құралған жедел тергеу тобы жетті. Полицейлер көрген-білгендерден сұрастырып, жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Аудандық тәртіп сақшыларының жүйелі түрде жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары барысында, бір апта көлемінде «қылмыстың ізін суытпай» күдіктілердің жеке-бастары анықталды. Ақпарат көздері арқылы осы қылмысқа қатысты 3 күдікті Шымкент қаласында жалдамалы пәтерлердің бірінен табылды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Жетісайдың, үшіншісі Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Алматылық бұрын сотты болған. Үшеуі Алматы қаласында құрылыс жұмыстарында жүргенде танысып, оңай жолмен ақша табу мақсатында мал ұрлығымен айналысқандары белгілі болды. Тергеу барысында жоғалған малдар жәбірленушінің үйінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылда күдіктінің қорасында екені анықталды. Күдіктілер 5 қойын сатып үлгерген, қалғандары айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктілер қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ауладағы қорасының есігін бұзу арқылы бар жиған-терген малдарын жымқырып кеткен күдіктілерді ұстап, малдарын қайтарып берген тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігіне тәнті болған жәбірленуші тұрғын үлкен алғысын білдірді.
«Бір емес 40-тан астам малымды тауып берді, бұл үлкен жұмыс. Ризашылығымды білдіремін. Жұмыстарына табыс тілеймін» -дейді жәбірленуші азамат.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға мал-қораларыңызды мықты материалдардан жасатып, аулаңызды жарықтандырыңыз деп кеңес береді. Одан бөлек, төрт-түліктеріңізді сырғалап, ен-таңбаларын салдыртуды ескертеді. Егерде мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның “102” телефонына хабар беріңіздер.