Қызылордада облыстық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Онда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында бөлінген қар­жының жұмсалуы, білім беру ұйым­дарында сапалы білім алуы үшін оқу­шыларға жасалатын қауіпсіз және қолайлы жағдайлар кеңінен талқыланды.
Мемлекеттік бағдарламаның орындалуын талқылады
825
оқылды

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарл­а­ма­сының мақсаты – ауылдардың инфра­құрылымдарын дамыту, мемлекеттік қыз­меттерге қол жеткізу арқылы ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік, тұрмыстық әл ауқатын жақсарту. Бағдарламаның бекітілген методикасына сәйкес өңірде 53 тірек, 50 спутниктік елді мекендер айқын­далып, бағдарлама жүзеге асқан 4 жыл ішінде облыста құны 18 млрд теңгеден асатын 225 инвестициялық жоба жүзеге асырылған екен. Жиында Қызылорда облыстық Экономика және қаржы бас­қармасының Ауыл шаруашылығы және ауыл-аймақтарды дамыту бөлімінің бас­шысы Бақытжан Қожабекұлы баяндама жасап, бағдарлама аясында бөлінген қаржының игерілуі турасында ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл 39 елді мекенде 158 жобаны жүзеге асыруға об­лыстық бюджеттен 7 946 млн теңге, ал респуб­ликалық бюджеттен қосымша 58 жобаға 3 668 млн теңге бөлініп, барлығы 11,6 млрд теңгенің 216 жобасы қолға алынған. Бұл бөлінген қаражат аталмыш елді мекен­дердегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге, сонымен қатар жарықтандыру, газбен жабдықтау, көлік инфрақұрылымы, сумен жабдықтау, абаттандыру жұмыстарына бағытталған жобаларға жұмсалуда. 

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы облыстағы ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін тілге тиек етіп, бөлінген қар­жының мақсатты жұмсалуы маңызды екенін жеткізді. Бүгінде өңірде демо­графиялық және миграциялық өсімдерге сәйкес бала саны жыл сайын артуда. «AMANAT» партиясы жас ұрпақтың сапалы білім алуын өзінің 2023-2027 жыл­дарға арналған сайлауалды бағдар­ламасына арнайы енгізіп отыр. Басты міндет – білім беру ұйымдарында оқу­шылар үшін қауіпсіз және қолайлы жағ­дайлар жасау. Күн тәр­тібіндегі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қызылорда облыстық Білім басқар­масының Тәрбие жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Бектұр Қали хабарлама жасады.

Жалпы бүгінгі күні облыста 5 апатты және үш ауысымда жұмыс істейтін 6 мектеп бар. Аталған мәселелерді бірінші кезекте шешу үшін нақты жұмыстар қолға алынып отыр. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын мектептер мен демеуші және «Білім беру инфрақұрылымын қолдану қоры» есебінен 2025 жылға дейін апаттық мектептердің мәселесі түбегейлі және үш ауысымда білім беру мәселесі биыл жыл соңына дейін толық шешімін таппақ.

Нұрлан ҚОСАЙ