Айтуынша, Қарасай ауданы Шалқар ауылындағы 250 балаға арналған орта мектепке толығымен күрделі жұмыс жүргізіліп, артынан 15 миллионға жекеменшікке сатылып кетіпті. Ауыл тұрғындары жаңа қожайыны балабақша ашады деп үміттеніп жүргенде, ғимаратты келесі бір кәсіпкер 80 миллион теңгеге сатып алған. Күні кеше ғана облыс басшысы қолдан-қолға өткен мектепті үшінші қожайыны мемлекетке қайтарып бергенін айтып отыр. Әрине, мемлекет меншігіндегі мектептің алғашқы бағасы нарықтағы үйден де арзан бағаға өтіп кеткені күдікті күшейтеді. Десе де, елдегі апатты жағдайдағы мектептер мен халық үдере көшкен елді мекендердегі жабылу алдында тұрған білім ошақтарын игілікті іске пайдаланып, жекеменшікке берудің де қажеттілігі бар ма деген ой туады. Себебі...
Қолдан-қолға өткен
Әңгіменің әлқиссасын алдымен әлгінде айтқан мектептің жай-жапсарынан бастасақ, жұрттың назарын аудартқан мектептің ғимараты о баста апатты болып танылған. Сондықтан оқушылар ауылдағы жаңа мектепке көшіріліп, ескі мектеп ғимаратына толығымен күрделі жөндеу жасалып, жаңадан спорт залы салыныпты. Оқу орны алғашында аудандық білім бөлімінен «Қарасай тұрғын үй құрылысы» деген әкімдік иелігіндегі компанияға өткен. Аумағы 1 585 шаршы метр ғимарат 75 сотық жерімен бірге 15 миллион 224 мың теңгеге бағаланыпты. Тура бір айдан соң аудан әкімдігі компанияның балансында тұрған ғимаратты сату туралы қаулы шығарған көрінеді. Ал бір апта өткен соң ғимарат 19 жастағы Шерхан Әлібекұлының атына рәсімделеді. Көп ұзамай жылжымайтын мүлік Гүлмира Омарова, Нұрсұлтан Шорманов деген жаңа қожайынның қолына өткенімен, бір жарым жылдан соң «Іргетас-Құрылыс-ІІ» деген компания бастапқы бағасынан бірнеше есе қымбат бағаға, яғни 80 миллион теңгеге сатып алады. Жаңа қожайыны кәсіпкер Әлібек Сәрсенов Алматы облыстық мәслихатының депутаты болған. Ақпарат көздерінің дерегінше, ол сол жылдары ауданның құрылыс саласында түрлі тендер алып, мемлекеттік тапсырыстар орындап келіпті. Ақыры ол да мектеп ғимаратына ауыл халқына уәде етілгендей балалардың игілігіне жұмыс істейтін балабақша ашудың орнына сыйға тарту шартымен діни басқармаға қарасты қарилар орталығының директоры Сәдуақас Олжабай деген азаматқа береді. Осылайша, ғимарат соңғы рет дін өкілінің меншігіне өткен екен.
Қазір ғимараттың сатып алу-сату шартына қол қойған сол кездегі аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бұл жерде ешқандай заңбұзушылық болмағанын алға тартыпты. Айтуына қарағанда, балаларды жаңа мектепке көшіргеннен кейін лицензиясы бар мекемені шақыртып, талапқа сәйкес бағалау жүргізілген. Олардың бағалауынша, ғимарат 15 миллион 224 мың теңге болған. Сөйтіп, облыстық Білім басқармасы қаңырап тұрған ғимарат бұзылып кеткенше, балабақша жасаймын деген адам болса, су тегін беруге келісім берген. Алайда тегін беру деген механизм жоқ болғандықтан, ауданда кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамға 15 миллион теңгеге сатылыпты. Ғимараттың екінші қожайындары «балабақша ашамыз» деп кәсіпкерден сатып алып, жөндеу жұмысын жүргізеді. Алайда құрылысты ары қарай жалғастырудан бас тартып, сатқан қожайынына қайтарып береді. Бірінші иесі құжат бойынша студент болғанымен, ол мектепті екінші қожайындарынан сатып алған Әлібек Сәрсеновтің ұлы. Шыққан шығындарын төлеп, ғимаратты 80 миллион теңгеге қайтара сатып алған Әлібек Сәрсенов құрылыс жұмысын өзі аяқтаған. Бірақ балабақшаны жүргізуге мемлекеттен тиісті қолдау болмағандықтан, ауыл халқының қажеттілігін өтеуден бас тартқан көрінеді. Сондықтан былтыр ғимаратты қарилар орталығының директоры Сәдуақас Олжабайға су тегін сыйға тартқан. Себебі қыруар қаржыға сатып алынып, күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген ғимарат қаңырап бос тұрғанша, қажетке жарасын деп ойлағанын жеткізіпті. Өкінішке қарай, соңғы қожайындары да бірнеше рет аудандық, облыстық әкімшілікке хабарласып, хат жазады. Тағы да қолдау болмаған соң олар да балабақша ашу ойынан айнып, амал жоқ, биыл наурызда әкімдікке ғимаратты қайтарып алу туралы ұсынысты өздері тастапты.
Істің ақ-қарасын білетіндер апатты мектеп мемлекет қаражатына жөнделмегенін айтады. Керісінше, қолдан-қолға өтіп, қожайындардың қалтасынан күрделі жөндеу жүргізілген ғимараттың өзін қажетке жарату мүмкін болмаған көрінеді. Сондықтан мүлік иесі жақында ғана сенімхатын алып, әкімдікке ғимаратты тегін қайтару туралы өтініш қалдырған.
Бір теңгеге бағаланған білім ошағы
Есте болса, осыдан бір-екі жыл бұрын еліміздің солтүстігінде үш оқушысы бар мектеп жабылған. Сөйтіп, ғимараттың бастапқы бағасы 3,7 миллион теңгемен аукционға қойылған болатын. Мектеп ғимаратын сату бойынша аукцион төрт рет өткізілгенімен, жаңа қожайын табылмапты. Кейіннен су тегінге беру мүмкін болмаған соң аукционға 1 теңгеге бағаланады. Алайда бір теңгеге бағаланған білім ошағын ешкім сатып алмағаны туралы ақпарат тараған еді.
Соңғы жылдары өңірлердегі шағын елді мекендер мен шекара маңындағы ауылдардың қаңырап қалуынан мектептер жаппай жабылып жатыр. Статистикалық деректерге көз салсақ, бір жылдары жылына елдегі 100 мектептің есігіне құлып салынған екен. Кезінде бұл мәселе Парламентте де айтылып, депутаттар шет аймақтағы мектептердің ахуалына алаңдаушылық білдірген. Мәселен, Ақтөбе облысында да алдыңғы жылдарда бастауыш мектептері жаппай жабылған. Оның себебін облыстық Білім басқармасы ауылдардағы бала санының аздығымен түсіндірген болатын. Мұндай мектептердің тағдырын кейінгі жылдары Ақмола облысындағы білім ошақтары да бастан өткізуде. Мұнда да сол, 90 орынға есептелген мектептің өзінде бала санын толтыру өзекті болып отыр. Бүгінде өңірде жалпы орта білім беретін білім ошағына қарағанда шағын жинақты мектептер саны артып келеді. Айналдырған үш жылда өңірде 17 мектеп жабылған кездер болыпты. Кейінгі жылдары білім ошағынсыз қалуы мүмкін мұндай ауыл саны артпаса, кемімейтін түрі бар.
Әсіресе, шекара маңындағы ауыл халқы үдере көшіп, талай балаға рухани азық берген білім ошақтары жабылып жатыр. Алматы облысы Райымбек ауданындағы жабылған мектептер туралы айтқан қоғам белсендісі Мақпал Шадан: «Аудандағы 3-4 ауылда адам санының жетіспеушілігіне байланысты жабылған мектептер бар. Сондай-ақ бала саны аз жабылу алдында тұрған мектеп те баршылық. Осыдан 3-4 жыл бұрын Сарыкөлдегі мектептің есігіне қара құлып салынатыны туралы айтылған. Бірақ «шықпа жаным, шықпамен» келе жатқан мектепте қазір 7 бала білім алып жатыр», – дейді. Сөзінен ұққанымыз, бұл аймақта да бала санын толықтыру бас ауруға айналып, жабылу алдында тұрған мектеп мәселесі күннен-күнге өзекті бола түскен.
Бұл мәселе Шығыстағы ауылдардың да басында бар. Өңірдегі қоғам белсендісі Дарын Нұрсапардың айтуынша, аймақта адамы жоқ ауыл көбейіп келеді. Оған сәйкес, тұрғындары көшіп кеткен ауылдардағы мектеп қараусыз қалады. «Біздің аймақта оқушы санын толтыру мүмкін болмағандықтан, жабылып жатқан мектеп көп. Сондықтан ғимарат жекеменшіктің қолына беріледі. Бұл амалсыздан жасалған дүние деп ойлаймын. Себебі ғимаратты қажетке жаратып, пайдаға асыру керек. Әйтпегенде, ішіндегі құрал-саймандары қирап, бұзылып жатқан мектеп ғимараттары бар. Мысалы, өзім оқыған Ұлан ауданында Ақтау деген мың кісілік елді мекен болған. Қазір сол ауылдағы мектеп ғимаратының быт-шыты шыққан. Алғашында фабрика болып іске қосылған ғимарат 1996 жылы жабылып, кейіннен 3 қабатты мектеп болды. Кейін жартылай қалашық статусы бар ауылдан да халық үдере көшіп кетті. Қазір ауылдағы үлкен мектеп пен бес қабатты үйлер қаңырап бос тұр. Бір барғанда қашасы, бір барғанда терезесі жоқ. Келесі барғанда мектептің өзі де қалмай ма деп ойлаймын. Мұндай ауылдар Шығыс Қазақстан облысында өте көп. Шекара маңындағы ауыл халқы екі қолға бір күрек таппай қалаға кетті. Ақтау елді мекеніндегі мектепте 2013 жылдың өзінде 11-сыныпты бір бала бітірген», – дейді ол. Сондықтан қоғам белсендісі талай шәкіртті түлеткен тарихы терең мектеп ғимаратын ит пен құсқа талатпай, жекеменшікке берудің де қажет тұсы бар екенін тілге тиек етті.
Оқушыларға обал жасады
Шалғай ауылдағы білім ошақтары ғана емес, қаладағы қазақ мектебінің де төбесіне қара бұлт үйірілген екен. Орал қаласының тұрғыны Динара Қыдырбайқызы қаладағы өзі қызмет еткен қазақ мектебін жабудың қандай қажеттілігі болғанын білмей дал. Айтуынша, жергілікті әкімдік қатар тұрған екі мектепті жауып, оқушыларға обал жасапты. «Іргелес тұрған екі мектептің бірі қалалық жалпыға ортақ білім беретін мектеп, ал біздің облыстық мектеп «Сауықтыру мектеп-интернаты» болып аталды. Қазір жабылған мектептің оқушылары қасымыздағы жалпықалалық білім беретін мектепке қабылданды. Сөйтіп, жабылған мектепте қазір қалалық мектептің бөлімшесі ретінде бастауыш сыныптар оқып жатыр. Ал қалалық мектептегі балалар үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Себебі бала саны көп. Мектептің жабылуына не түрткі болғанын ешкім нақты түсіндірген жоқ. Білім ошағы сауықтыру мектебі болып аталғандықтан, бізде өкпе ауруымен ауыратын ата-аналардың балаларын үй ішінен оқшаулау мақсатында құрылған. Бір білетініміз, «қазір өкпе ауруымен ауыратын адамдар жоқ» деген желеумен жапты», – дейді қала тұрғыны. Оның сөзінше, бөлімше ретінде ұстап, оқушыларды да үш ауысыммен қинағанша даңғарадай мектепті түгел пайдаға асыру қажет. Өкінішке қарай, кезінде Оралдағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы болған мектептің ғимараты толық пайдаланылмай, тоз-тозы шыққан. Махамбет мектебінен қалған жалғыз белгі сол, мұғалімдердің өз күшімен жасақталған музей материалдарының осы білім ордасының негізі қаланған Бөкей Ордасы ауданының тарихи мұражай кешеніне өткені ғана болып тұр. Бүгінде 59 жыл ішінде бірнеше буын ұрпақ біліммен сусындаған мектеп ғимаратының бастауыш сыныптарын оқытатын бөлімшеге айналғаны оралдықтардың да жанына батып отыр.
Орал қаласының шенеуніктері қолда бар алтынның қадірін кетіріп отырғанда Қызылорда облысы атқамінерлері апатты үйлерді жеке инвесторлардың көмегімен күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне қайта беруді қарастырып, көрегенділік жасап отырған көрінеді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, аймақта жекеменшікке сатылып кеткен мектеп жоқ. Керісінше, аймақтағы қалталы азаматтар өз қаражатына білім ошағын салып, өңірдегі рухани дамуға өз үлесін қосып келе жатқанын айтқан облыс әкімі: «Үш ауысымда білім беретін, сондай-ақ алты апаттық жағдайдағы мектебіміз бар. Оның біразын алдағы уақытта жеке кәсіпкерлердің инвестициясы арқылы шешеміз деп отырмыз», – дейді.
Сенат депутаты Руслан Рүстемов те апатты мектептерді азайтып, үш ауысымды оқыту мәселесін түбегейлі шешу үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау ауадай қажет деп отыр. Себебі қазіргі жүйенің тиімді жүзеге асып отырғанын байқау қиын. Мәселен, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі өскенімен, қаражатты тиімді жұмсаудың тетігі жоқ. Айталық, Оқу-ағарту министрлігі 5,2 млрд теңгені тиімді игермеген. Былтыр білім саласында 136 орындық 247 жаңа мектеп іске қосылған. Алайда жаңа анықталған үш ауысымды және апатты мектептердің саны 162-ден 201-ге дейін өскен. «Министрлік үш ауысымды және апатты мектептердің үлестік көрсеткішін дұрыс орындамауынан және 60 мектептің дер кезінде іске қосылмауынан қазір елде 59 апатты және 133 үш ауысымды мектеп бар. Ал Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін екі ауысымды 842 мың оқушы орынды қамтитын 401 жайлы мектеп салынуы керек», – дейді ол. Осылай деген депутат елімізде үш ауысымды мектеп мәселесін жоя алмай отырғанда әлемдік тәжірибе екі ауысымды мектептердегі балалар толық сапалы білім алуға мүмкіндік ала алмайтынын айтып дабыл қағып отырғанын жеткізді. Айтуынша, бүгіннің өзінде бірқатар ел екі ауысымды мектепті төтенше жағдайда ғана қолданады. Тіпті, экономикасы дамымаған елдердің өзі екі ауысымды мектептерден жаппай бас тартып жатқанға ұқсайды. Ал біздің елде 5 баланың 4-уі екі ауысымды мектептерде білім алады. Сондықтан Руслан Рүстемұлы қазір жеке инвестор тарту арқылы мектеп санын арттыру қажет екенін айтады. Қажет болса, олардың қызығушылығын арттыру үшін Үкімет инвесторға жерді тегін беріп, инженерлік коммуникация желілерін жеткізу, жеңілдетілген несие беру, салықтық преференция қарастыру секілді қолдауды да аянып қалмау қажет деген пікірде.
Демек, жоғарыда айтылған апатты әрі жабылу алдында тұрған мектептерді тегін пайдалануға беріп, білімді ұрпақ қалыптастырудың қажетті тетігін қарастырудан ұтарымыз көп секілді. Сондықтан қолдан-қолға өткен ескі ғимараттардың есігіне қара құлып сала бергеннен гөрі жұрт игілігі үшін жарата білетін кәсіпкерлерге беріп, қайырлы іс қылса қателік пе? Мүмкін, туған жерінен үдере көшкен халыққа үміт сыйлаудың жалғыз амалы осы болар, кім білсін.
Жадыра МҮСІЛІМ
Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)