Бүгінде жасөспірімдер мен жастардың әлсіз менталды денсаулығы дағдарыстың жаңа әрі өршіп бара жатқан түрі ретінде саналатын болды.
Жастардың жаны неге тынышсыз?
1,341
оқылды

Соңғы он жылда әлемде екі құбылыс қатар дамып жатыр: бір жағынан, кейінгі толқын өкілдеріне қатысты депрессия, үрейге бой алдыру, би­полярлы бұзылыстар се­кілді күрделі пси­хи­калық күйлер жиі ата­латын болса, екін­ші жағынан, қо­ғамда психикалық проблемасы бар адамдарды стиг­матизация­лауға қарсы қадам­дар жасалып жатыр.  

Статистика не дейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, қазір әлемде 970 млн адамның психикалық денсаулығында бұзылыс бар. Оның ішінде ең жиі кездесетін диагноздар – депрессия мен үрейге бой алдыру: 350 млн-ға жуық адам депрессияға шал­дықса, 284 млн адам үрейшілдікке бой алдырған. Сарапшылардың айтуынша, жуырда ғана нүктесі қойылған коро­навирус пандемиясы бұл статистиканы ушықтыра түскен: ХХ ғасырдың басын­дағы испан вирусы сол кездері адамдарда қалай неврологиялық бұзылыстар ту­дырса, COVID та солай жан ауруларының қатарын арттырып жіберген. 

ДДҰ бұдан бөлек экономикалық қиын­дықтар мен жұмыссыздық та мен­талды аурулардың көптеп таралуының бір себебі болуы мүмкін екенін ескертеді. 

Өзіміздегі жағдай қалай? Астана қаласының Психикалық денсаулық орталығында ем алған 16 мен 35 жас аралығындағы жастардың саны 2021 жылы 163 болса, 2022 жылы 277-ге өс­кен. Биылғы бес айдың ішінде орталық көмегіне 97 жас жүгінген. 

«Бізде депрессиялық бұзылыстары бар науқастарға арналған бөлек бөлім де бар. Оларды депрессияға әкеп соқтырған себептердің ішінде көбіне-көп отбасын­да шешімі жоқ мәселелер, ажырасу, жақын адамынан айырылу, ұрпақтар қақтығысы, қиын өмірлік жағдайлар, психологиялық қорғансыздықты айтуға болады», – дейді аталмыш мекеменің директоры Бақытжан Қойшин.

 Мюнхгаузен синдромы

Психиатр, медицина ғылымдарының кандидаты Сұлтан Несіпбаевтың ай­туынша, жан ауруына шалдыққан жастардың саны көбейіп барады деуге келмейді, тек бұл мәселе туралы хабар­дарлық артқан болуы мүмкін.

«Меніңше, қазір адамдарда менталды саулық жайында білуге деген қажеттілік артып келе жатыр. Бұл ең бірінші кезек­те интернеттің дамып, ол ұсынатын ақпарат легінің көп болуымен байла­нысты. Алайда бүгінде адамдар проб­лемалық ситуацияларды тым қатты қабылдауға бейім, олар проблемаларды уайымдауға неғұрлым көп күш-қуатын жұмсаған сайын, психикалық саулықты сақтауға да соғұрлым аз күш-қуаты қа­лады. Ал адам өзіне әртүрлі ауруларды теліп ала беретін болса – мұны Мюн­хгаузен синдромы дейміз – бұл әдетте басқа проблемалардан қашу және өзіне жауапкершілік алғысы келмеудің сал­дары», – дейді ол.

Бұл пікірмен психолог Гүлжанар Өтеубекова да ішінара келіседі. 

«1952 жылы америкалық пси­хиа­трия­лық ұйымның анықтамалығында 103 диагноз бар болса, 2000 жылы оның саны 365-ке жетті. Анықтамалықтың бесінші нұсқасында психикалық бұзылыстың түрлері одан әрі көбейді. Адамдар аурулардың жаңа қырлары жайында көбірек біле түсуде және оларға симптомдарды өздеріне теліп көру қызық», – дейді маман. 

Психологтың айтып отырған құ­былы­сы ғылыми тілде «киберхондрия» деп аталады. Бұл – ипохондрияның бір түрі, қарапайым тілмен айтсақ, ин­тернетте сипатталған ауруларды оқып алып, өз-өзіне диагноз тағайындау. Яғни ғаламторда депрессия, биполярлы бұзылыс, анорексия, паникалық шабуылдар, үрейге бой алдыру сияқты психикалық ауытқулар туралы адам көбірек оқыған сайын, өз бойынан да сол дерттердің белгілерін іздеуге көшеді, табуға тырысады. 

Жан ауруы кинодағыдай «әдемі» емес

Киберхондрияның ар­туына интернеттегі «қоқыс» ақпараттың шектен тыс кө­беюі де себеп болып отырған сияқ­ты. «Өзіңді тексер: депрессияның 10 белгісі», «Қандай психикалық бұзылыстарға бейімің бар?» деген тәрізді материалдар мен тестілерді талай кездестірген де шығарсыз. Тіпті, әртүрлі фильмдер мен сериалдардағы, тіпті ертегілердегі кейіпкерлердің психотипін анықтау да әлеуметтік желіде жиі көзіміз шалатын контентке айналды. Мысалы, сондай бір талдаулардың бірінде әйгілі ресейлік мультфильмдегі кейіпкерлерді бір-бір психикалық диагноздың символы ретінде қа­рас­­тырады: Винни-Пух – назар жетіспеушілігі синдромы, Пятачок – үрейге бой алдыру, қоян – обсессивті-компульсивті бұзылыс, есек Иа – депрессия, Ру – аутизм. 

Психолог Гүлжанар Өтеубекованың пікірінше, соңғы кездері әдебиет пен киноиндустрияда психикалық аурулардан романтика іздеу құбылысы бар. 

«Netflix-тегі «Ты» деген сериалда – шизофрения симптомдары бар қанішерді көрерменнің көзінде сүйкімді объектіге айналдыруға тырысады, сол секілді, Джокерді де еске түсіріңіз: ол да көп адамның сүйікті кейіпкері. «Бесстыжие» сериалдындағы биполярлы бұзылысы бар сымбатты жігітті де көп адам таниды. Мұндай сериалдардың басты кемшілігі – іште бұғып жатқан проблемаларды көрсетуінде емес, месседждің дұрыс берілмеуінде, яғни әлгі кейіпкерлердің өзін, іс-әрекетін романтикаға айналдырып жіберген. Кейбір көрермен солардан үлгі алып, ұқсауға тырысып, солар сияқты «ерекше» болғысы келуі мүмкін», – дейді Г.Өтеубекова.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде кейбір атақты адамдардың өздерінде менталды проблемалар бар екенін мойындауы да осыған ұқсас нәтижеге алып келеді деп санайды. Мысалы, биполярлы бұзылысы бар Канье Уэст немесе депрессияны бастан кешкен Анджелина Джолидің фанаттары да оларға еліктеп, әлгі психикалық диагноздардың белгілерін өздерінен іздеп көруі ықтимал. 

Қазір сезімдерге орын бар

Жоғарыдағы мәселе төңірегінде пікір сұрағанымызда, екінші бір топтың бар екенін байқадық. Олардың аргументі – депрессия немесе үрейге бой алдыру сияқты жан аурулары бұрын да болған, тек қазір бұлар бөлек ұғым ретінде айтыла бастады. 

  «Бұрынғы шақта депрессия басқаша, мәселен, алкоголизм түрінде, агрессия түрінде, оғаш жүріс-тұрыс түрінде көрініс тапқан. Яғни бұл күйдің атауы болмады. Оның себебін де түсінуге болады. Көп уақыт бойы адамдар экстремал жағдайда өмір сүруге мәжбүр болды. Ашаршылық, қуғын-сүргін, қиын экономикалық жағдай – мұның бәрінде де адамдар тек негізгі қажеттіліктерін ғана ойлаудан босамайтын. Біз, мысалы, әлдебір төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етеміз де, сосын барып ойланамыз ғой. Кейде «қорқып үлгермей қалдым» деп жатамыз, яғни мұндай сәттерде сезімге орын болмайды. Иә, әрине, ол кезде де адамдар өз бойындағы уайымды, алаңды, үрейді шығара алды, бірақ, басқаша тәсілмен: біреу алкогольге тәуелді болды, біреу баласын ұрды, біреу бейберекет сексуалды байланыстар жасады. Психологияда оны «шығармашылық бейімдеу» дейміз. Ал қазір оның атауы бар. Халықтың психологиялық сауаты артып келеді. Әжелеріміз психологсыз да өмір сүрді ғой дейміз, олар антибиотиксіз де өмір сүрді. Сондықтан психологияға дендеуді қорқынышты құбылыс деп қарастырмау керек, одан қорқудың қажеті жоқ», – дейді психолог, гештальт-терапевт Айзерек Еділова. 

Проблемаға осы тұрғыда үңілетіндердің енді бірі, журналист Айнұр Нұрпейісованың ойынша, жастардың өз менталды саулығына көптеп көңіл бөле бастауының тағы бір себебі – ақпараттық қоғамда бұрын бықсып жатқан мәселелердің басы ашылуы, сондай-ақ көмек қолын созған мамандардың көбеюі.

«Буллинг, педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылық, күнделікті стресс туралы көптеп айтыла бастады. Оларды оқыған жұрт өз басындағы проблемаларды анықтауды, оны өз атауымен айтуды, былайша айтқанда, өздерін тануды үйренді. Оған көмектесетін мамандар, тіпті тегін психологиялық кеңес айтатын психологтар да пайда болды, мұның бәрі адам­дардың менталды проб­лемаларын мо­­йындауға жол ашты», – дейді журналист.

Сонымен қатар А.Нұрпейісованың айтуынша, адамдардың, әсіресе жастардың менталды әлсіз бола түсуіне олардың жалғыздығы да әсер етеді. Бұрындары адамдар топ-топ болып өмір сүріп, өзара жиі бетпе-бет кездесіп, шер тарқатуға, әңгімелесуге мүмкіндігі болса, қазір адамдар көбіне-көп жалғыз, интернеттің дамуы жүзбе-жүз қарым-қатынастарды азайтты: бұл құдды бір тыныштықта қалғанда өз ішіңдегі «дауысты» қаттырақ естігенмен тең.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ