Нейрохирургия – елімізде қарқынды түрде дамып келе жатқан жаңа саланың түрі. Бас миға және жұлын миына жоғары дәрежелі заманауи нейрохирургиялық техникаларды қолдану арқылы нейрохирургиялық оталарды жасайтын мамандар елімізде әлі де тапшы.
Қатерлі ісік балаларға да қатыгез
977
оқылды

Дәрігерлердің басым бөлігі медицинадағы өте күрделі және нәзік салаға тәуекел жасай бермейді. «Себебі адамның жүйке талшықтары 1 миллиметрден 4 есеге дейінгі шамада кіші болады», – дейді біздің кейіпкеріміз, балалар нейрохирургі Самат Көкшебаев. Аса сақтық пен жауапкершілікті жүктейтін, оның ішінде жаңа туған балаларға ота жасап жүрген Самат Сағидуллаұлы – Шымкент қаласындағы клиникалық балалар ауруханасында нейрохирург-дәрігер. Бүгінде Шымкенттегі медициналық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізіп жүрген маман.

Жүйке жүйелерін трансплантациялады

Жуырда осы ауруханада алғаш рет жүйке жүйелерін трансплантациялау бойынша күрделі операция жасалды. Осыдан 6 ай бұрын қарағандылық 14 жасар қыздың қолына шыны кіріп, нерв жүйесі зақымдалған. Алғашқы медици­налық көмек пен оңалту ем шаралары нәтиже бермегендіктен, оған ота жасау ұсынылады. Науқас анасымен бірге бі­лікті нейрохирургті іздеп Шымкентке ар­найы келген екен. Бұрын-соңды жа­салмаған мұндай күрделі операцияны №1 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургі А.Сансызбаев пен С. Көк­шебаев екеуі сәтті аяқтап шықты. Олар қыз баланың қолындағы зақымдалған жүйке жүйесін орталық жүйке жүйесіне жалғап берді. Операция кезінде нерв жүйелерін байланыстыру үшін балалар клиникалық ауруханасындағы микро­хирургияық аппараттың пайдасы зор болды. «Мұның нәтижесін 3 айдан соң көреміз. Қолының жұмыс істеп кетуіне қарай байқайтын боламыз. 3-4 ай бұрын мотоциклден құлап, иықтағы жоғары орналасқан нерві үзіліп келген қараған­дылық 17 жастағы бозбалаға да жүйке жүйесін жалғап бергенбіз. Енді патент алып, осындай операцияларды жалғас­тырып дамыта береміз», – дейді дәрігер. 

Жалпы тәжірибелік дәрігер маман­дығын өзі туып-өскен Ақтөбе қаласында тәмамдаған Самат Сағидуллаұлы сту­дент кезінде-ақ осы салада жұмыс іс­тепті. Оқу ақысының төлемі үшін ата-анасына салмақ салғысы келмеген ол күндіз сабақ оқыса, бір жылдай түнгі кезекшілікпен тазалыққа жауап беретін кіші буын техникалық қызметкері жұ­мысын атқарады. Одан ары қарай 3 жылдай мейіргер болып жұмыс істейді. Осылайша, ота жасау кабинетіне жиі кіріп жүріп нейрохирургияны таңдайды. «Жұмыс істей жүріп менің қалауым нейрохирургия екеніне 100 пайыз көзім жетті. Өзімнің дәрігерлікке жауапты міндеттерімнен бөлек науқасты ота үстеліне қалай дайындау керек, отаға қандай, нендей құралдармен сақадай-сай тұруы қажеттігін толық меңгердім деп айта аламын. Қолыма алғаш рет креанитом трепан құралын ұстап, бас сүйекке диск салу операциясына қа­тыстым. Маған студент күндерімдегі осынау жұмыстар өмірлік сабақ болып, кәсіби маман болып қалыптасуыма септігін тигізді десем де болады», – дейді кейіпкеріміз. 

Алғашқы еңбек жолын Оралдағы облыстық ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург болып бастаған Самат Сағидуллаұлы аз уақыттан соң-ақ өзі қалаған нейрохирургияға мамандану үшін Алматыға жол тартады. Онда 5 ай білімін жетілдіріп, Оралда ересектер нейрохирургі болып жұмыс істей бас­тайды. 2011 жылдары ересектер нейро­хирургі болып жүрген Саматқа еліміздегі нейрохирургияның негізін қалаушы, профессор, академик Серік Ақшолақов Ақтөбе қаласында балалар нейрохирур­гін қолға алуды ұсынады. Осылайша, Ақтөбе облысы бойынша алғаш рет осы саланы бастап, жалғыз өзі 3 жыл бойы үзіліссіз бірде-бір еңбек демалысына шықпай, балалардың жүйке жүйесіне қатысты ем-шараларын атқарады. Қаладағы 7 медициналық мекеме мен 13 аудандағы медициналық мекемелердің барлығына дерлік шақыртумен күндіз-түні тынбай барып жүрді. Облыстағы 250 мың балаға жалғыз балалар нейрохирургі болды. «Үйге айына 4 рет қана келетін­мін. Тек жексенбі күндері. Қалған уа­қыт­тың барлығында үй бетін көрген жоқпын. Иә, 2005 жылдан бері оталарға кіріп, 2008 жылдан жалғыз өзім жеке ота жасай бастадым. Ересектерге бас миынан ұйыған қанды алу, жарылған тамырларды тоқтату, омыртқа сынғанда қысылып қалған жұлынды босату опе­рацияларын жасап жүрдім. Кейін бірден балаларға ауысу, әрине, ептеп қиындау болды. Дегенмен білімді жетілдірудің арқасында тез үйреніп кеттім. Кейін өзім де маман дайындап, оған үйретіп еңбек демалысына шы­ғуыма мүмкіндік туды», – дейді ней­рохирург маман.

Қазақстанда бар болғаны 40 нейрохирург

Жалпы, елімізде әлі күнге дейін балалар нейрохирургінің тапшылығы сезіледі. Қазақстан бойынша 40 балалар нейрохирургі болса, ересектердікі 350-ге жуық. Ал жұлын аурулары жыл өткен сайын көбейіп бара жатыр. «Статисти­каға сүйенер болсақ, балалар ауруының түрі де, саны да көп. Оның себебін біле бермейміз. Біз дәрігерміз, алдымызға келген науқасты ертерек емдеп жіберуге күш саламыз. Ал оның себептерін ға­лымдар зерттей жатар, бізде оған уақыт жоқ. Дегенмен қоршаған ортаның, ішкен-жеген тағамдарымыздың, көңіл күйміздің әсері мол болатыны анық. Қазір балалардың бассүйегінде қатерлі ісік көбейіп жатыр. Тіпті, 1-2 айлық сә­билерде де кездеседі. Балалар бас миын­дағы ісік ауруының 90 пайызы қатерлі болып келеді. Себебі балалар осы ісік­пен дүниеге келеді. Олар сол ісікпен өмір сүреді. Біреуінде 5, енді бірінде 10 жасында анықталып жатады. Тіпті, бірінде 1 айлығында белгілі болады. Анықтау үшін КТ, МРТ аппараттарына түсіру керек. Бірақ біз оны жай бас ауру деп қабылдап, уақыт өткізіп аламыз. Одан бөлек, балалар арасында жол-көлік оқиғасынан немесе биіктен құлау жағдайынан жарақат алу жиі болады. Жаңа туған балаларда тамыр аурулары, геморрагиялық инсульт көбейіп жатыр», – дейді дәрігер бізбен әңгімесінде. 

Самат Көкшебаевқа Қызылорда қаласы балалар ауруханасының бас дәрігері нейрохирургия мен оф­таль­моло­гияны біріктіріп, нейроофталь­мология бағыты бойынша жұмыс істеуді ұсынады. Шетелдерде дамыған бұл саланы жетілдіруге қызығушылығы артқан дәрігер Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығында білімін жетілдіріп, Қызылордаға келеді. Алайда көп ұзамай елімізде коронавирус басталып, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетеді. 2020 жылдың қыркүйе­гінде Шымкент қаласындағы балалар клиникалық ауруханасынан балалар нейрохирургиясын дамыту үшін ұсыныс түседі. Травматология бөлімінің мең­геру­шісі Болат Нұсқабаев ақтөбелік білікті маманды шақыртып, жанына алады. Бөлімнің ішінен балалар нейро­хирургиясына 20 төсек-орын беріледі. Самат Сағидуллаұлы мұнда келгенде кезінде Ақтөбеде өзінің шәкірті болған Таңсық Абдуллаев балалар нейрохирургі болып жүр екен. Бүгінде екеуі – талай күрделі операцияны жасаған білікті маман. Шымкент қаласында жалпы 400 мың бала болса, еліміздің өзге өңірле­рінен де портал арқылы науқастар жиі келеді. «Кадр мәселесі әлі де өзекті. Жа­қында 1 маусымнан бастап аурухананың бас дәрігері облыстық балалар клини­калық ауруханасындағы 3 дәрігерді түнгі кезекшілікке қабылдады. Осында келген 2 жарым жылдан бері Таңсық Орын­басарұлы екеуміз ғана күндіз де, түнгі кезекшілікке де шығатынбыз. Енді ең болмаса түніміз тыныш болатын болды. Шымкенттегі нейрохирургтер біріміздің тәжірибеміз жоқ тұста біріміз көмек­тесеміз. Тіпті, керек болып жатса, Алматы, Астана қаласынан да мамандар шақырамыз. Ең бастысы, емдеп жатқан балаларымызға дұрыс ем жасау», – дейді дәрігер. Сонымен қатар ауруханада таяу күндері арнайы нейрохирургия бөлім­шесі ашылмақ. 

Самат Сағидуллаұлы осында келген 2,5 жылдың ішінде 8 шеберлік сағатын өткізген. Осы жылдар ішінде ауруханада бұрын-соңды жасалмаған отаның 14 түрі жасалса, оның 7-еуі облыста бұрын болмаған. Мұның барлығы – білікті маман мен осындағы соңғы үлгідегі операцияға қажетті аппараттардың болуының нәтижесі. Осы тұста айта кету керек, Шым­кент билігі соңғы жылдары меди­цина саласына ерекше назар аударған. Ауруханаларды, әсіресе трансплан­тацияға қажетті заманауи құрылғылар­мен қамту жағынан алда келеді. Мә­селен, мұндағы 20 есе ұлғайтып көр­сететін бір ғана микроскоп аппаратының құны 295 млн теңге тұрады. Бағасы осы шамалас бірнеше құрылғы бар. Бұл Шымкентте медицина туризмін дамы­тамыз деген қалалық әкімдіктің алға қойған мақсатының нәтижесі. 

«Адам ауруды қабылдауы керек, сонда жеңіп шығады»

«Біз бұрын-соңды жасалмаған оталарды енгіздік. Ешқашан естіп, көр­меген ауруларға операциялар да жаса­дық. 10-14 сағаттық ота жасаған кездер де болды. Бұрын студент кезімде шетелде осындай ұзақ уақыт жасалатын операция болыпты деп естігенде адам таңнан түнге дейін тік тұрып қалай операция жасайды деп таңданушы едім. Осы жағ­дайлар менің де басымнан өтіп жатыр. Ба­лаларды қорғау жылында қала бас­шылығы мен Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы және Аружан Саин­ның «Балаларға өмір сыйла» жобасы аясында бірқатар балалар үйіне барып, сал ауруына шалдыққан және басқа да жұлыны тартылып қалған балалардың жұлынына операция жасадық. Бұлшық еттері тартылып қалған балаға қанша массаж істегенмен пайдасы болмайды. Жұлынның аяққа жауап беретін бөлігін сәл босатамыз. Одан бөлек, бір күнде қанша дәрі ішсе де 12-15 рет талма ауруы ұстап қалатын эпилепсия дертіне шалдыққандар болады. Олардың бас миындағы 12 түрлі нерв жүйесінің 10-ына аппарат қойып береміз. Ол бұғана­ның астына және үстіне қойылады. Үнемі бақылауда ұстаймыз, жақсы нәтиже береді, көп болса 1-2 немесе тіпті мүлдем талмасы ұстамауы мүмкін. Аппарат 7 жылға жарамды. Себебі 7 жылда аккумуляторының қуаты бітеді. Мұндай ота Астана, Алматы, Тараз, Қарағанды және Шымкент қалаларында ғана жасалады. Қалған өңірдің балалары ота жасалатын аумақтарға жіберіледі. Сонымен қатар балалардың бас миы сүйектерінің ерте жабылып қалуын операцияның көмегімен ажыратамыз. Ми өскісі келеді, бірақ сүйек тоқтап қалады. Дер кезінде ота жасалмаса болмайды», – дейді кейіпкеріміз. 

Мұнда барлық ота тегін. Еліміздің кез келген қаласынан портал арқылы келіп, ота жасатып кетіп жатқандар көп. Сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінен де келетіндер бар. 

Самат Сағидуллаұлы Израильдің Тель-Авив қаласында 12 күндік бүкіл­әлемдік конференцияға қатысып жүр­генде үндістандық дәрігердің тәжіри­бе­сімен бөлісіп кетуін сұрап шақыртқанын айтады. Сонымен бірге Минск қала­сында өткен бүкіләлемдік конферен­цияда өзінің тәжірибесі негізінде баян­дама жасайды. Баяндамасында 680 грамм болып туған баланың салмағын 1 келі 200 грамға дейін өсіріп, оның бас миына аппарат қойғанын көрсетеді. Канадалық дәрігер туғаннан кейін 40 күнге дейінгі балаларға ғана ота жасай­тын балалар нейрохирургіне таңданысын жасыра алмай, тәжірибесімен бөлісуді сұрайды. Бүгінде сол бала 7 жасқа толып, шауып жүгіріп жүр. Былтыр келіп, басына қойылған аппаратты ұлғайтып кеткен. Дәрігер қазір қазақстандық дәрігерлердің шетелге барып, нейро­хирур­гия саласын үйрететіндей дәрежеге жеткенін мақтанышпен жеткізді. Ме­дицинасы дамыған израильдық дәрі­герлер үлкейіп кеткен ісікті алып тастауға жүрексінеді екен. Ол жақта ісіктерді ерте анықтайтындықтан, үлкен көлемдегі ісікке ота жасауға көптеген дәрігер тәуекел жасай бермейді. Ондай кезде өзге мемлекеттерден дәрігер шақырып жатады. Сол сияқты бүгінде еліміздегі нейрохирургтер бір-бірімен ғана емес, шетелдік нейрохирургтермен байла­нысып тұрады. Бір-бірімен тәжірибе алмасады. 

Сонымен қатар нейрохирург дәрігер адам қаншалықты қатерлі ауруға шал­дықса да, оны жеңуге болатынын айтады. «Мәселен, жұбайым сүт безінің қатерлі ісігі дертіне шалдықты. Тіпті, өте ауыр түріне, яғни химиялық сәулемен емдеуге де келмейтін. Біз 1 жарым жылдың ішінде бұл ауруды жеңіп шықтық. Алдымен адам ол ауруды қабылдап алып, сөйтіп күресуі қажет. Адамдар қатерлі ісік дегенді естісе өзін-өзі жеп қояды да, содан ауруын асқындырады. Ауруға берілуге болмайды. Кез келгенін жеңуге болаты­нына көзім жетті. Біз балалардың ата-анасымен жұмыс істейміз. Жалпы, бала ондайды түсінбейді, сондықтан оларда жеңіл өтеді. Иә, әрине, ісіктің де әртүрлісі бар. Бізден кейін онколог­тардың бақы­лауында болу керек», – дейді кейіп­керіміз.

Назгүл НАЗАРБЕК