Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, жас кәсіпкерлер 2,5 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
«Бүгінге дейін шағын несие бойынша өтінім берген 18 үміткердің бизнес жобасы қаралып, оның 17-сі мақұлданды. Кәсібін кеңейткісі келетіндердің қатары көп. Жақында ғана облыс әкімінің өкімімен құрылған комиссия құрамы 18 үміткердің құжатын қарап шықты. Бизнес-жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға бағытталған. Комиссия мүшелері ұсынылған жобалардың өзектілігін, дәлелділігін, экономикалық негізділігін, маңыздылығы мен өміршеңдігін ескере отырып, тиісті шешімдер қабылдайды», – деді Азамат Мәмбетов.
Ерекше атап өтерлігі, шағын несиелер 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс.
Белгілі болғанындай, биылғы 6 наурыздан басталған шағын несиелерге өтінімді үміткерлер «Агронесие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалына бере алады. Жастарды қолдауға арналған бағдарламаға сәйкес, облыс бойынша кәсібін дамытқысы келетін 136 жасқа 680 млн теңге көлемінде микронесие беру жоспарланып отыр.
«Кәсіпкерлік бастамашылыққа қолдау көрсету үшін жастарға микрокредит 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит 7 жылға дейін беріледі», – дейді Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Расында, қазір білек түріп, бел жазбай еңбек етуге бейім адамға мүмкіндік көп. Атыраулық Алмас Ахметқали жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көріп отыр. Ол Атырау облысына қарасты Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылында тұратын жас кәсіпкер «Бастау-Бизнес» жобасын кәсіпкерлік негізде оқытуды business enbek сайты арқылы онлайн оқып, сертификатын алған.
Осылайша, жас кәсіпкер «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» сәйкес, жаңа бизнес идеяларын іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтініш беріп, қайтарымсыз грант ұтып алған. Қазір жас кәсіпкер 4 мыңға жуық тұрғыны бар Хамит Ерғалиев ауылында автоқызмет көрсетеді.
«Грант қаражаты арқылы автоэлектрик және автодиагностика қызметі үшін керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Өзім осы мамандық бойынша Атырау қаласында 2016 жылдан бері жұмыс істеп келдім. Былтыр қайтарымсыз грантты алып, ауданда өз кәсібімді аштым. Бұл кәсіпті қаладан да ашуға болатын еді. Бірақ ауылда мұндай қызмет түрін көрсететіндер аз. Сондықтан да болар, сұраныс жоғары. Оның үстіне, ауылымыз Атырау–Астрахан автокөлік жолының бойында орналасқандықтан, жолаушылардың да келуіне қолайлы болып тұр», – дейді жас кәсіпкер Алмас Ахметқали.
Мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көріп отырған тағы бір кейіпкеріміз – Әлібек Жұмағалиев. Ол Атырау облысына қарасты Махамбет ауылында тұрады. 1 млн 225 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған жас кәсіпкер Махамбет ауылынан шағын кинозал ашқан.
Әлібек ашқан кинозалға келушілер қатары көп. Кинозалда күндіз балаларға мультфильмдер, кешкілік мезгілде ересектерге арналған түрлі жанрдағы қызықты фильмдер көрсетіледі.
«Грант арқылы жеңіп алған қаражатқа қажетті жабдықтарды, LED-экранды сатып алдым. Залға жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Келушілер саны көбейсе, бұдан да кең ғимаратқа көшуді жоспарлап отырмыз», – дейді жас кәсіпкер Әлібек Жұмағалиев.
Ал Мөлдір Мұқанова мемлекеттік бағдарлама арқылы Атырау қаласынан тігін шеберханасын ашқан. «Даму» қоры арқылы несие алып іс бастаған жас кәсіпкер бүгінде шағын цехында дизайнерлік киімдер тігіп, тұтынушыларға сапалы маталар, аксессуарлар да ұсынып отыр.
Еске сала кетсек, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында, Атырау облысы бойынша биыл түрлі бағыттағы әлеуметтік қолдау шараларымен 29 139 адамды қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 2 850 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуды бастады. Қазір олардың 2 132-сі оқуын аяқтап, нәтижесінде 194 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 17 түлек қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы