Мұндай орындардың сыры бүгінге дейін нақты ашылмаса да, ел аузында әртүрлі болжам айтылып жүр.
Бір ғана Арал өңірінің өзінде көптеген әскери қалашық сап түзеп, талай сұмдыққа толы жасырын сынақтарды жүзеге асырғанын бұған дейін жазған едік. Возрождение аралынан бастау алатын қасірет, Мергенсайдағы Капустин Ярдан ұшырылған баллистикалық зымыранды бақылайтын әскери қалашық жергілікті жұртшылықты ұзақ жылдар бойына улап келгені белгілі болып отыр. Ал жұлдызды қалашық саналатын Байқоңыр ғарыш айлағының зардабын бұқараның әлі күнге дейін тартып келе жатқаны жасырын емес. Ресейге елу жылға жалға берілген ғарыш айлағының тауқыметіне қара халықтың әлі қанша уақыт төзуге тура келетінін елестетудің өзі қорқынышты.
Негізінен, кейіннен белгілі болғандай, Қызылорда облысы аумағында баллистикалық зымырандардың ұшырылуын бақылайтын әскери нысан Арал аумағымен шектелмеген. Баллистикалық зымырандарды бақылайтын құпия орын Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылы аумағында да болған екен. Деректерге сәйкес, Тартоғайдағы ұшуды радиомен басқару стансасы ракеталар басқарудың бас басқармасы ретінде пайдаланылыпты.
«Ілгеріде Тартоғай мен Майлытоғай ауылының аралығында әскери бөлімше жұмыс істегенін жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Сол кездегі әскери нысан қазіргі Майлытоғай елді мекені мен Тартоғай ауылының шекарасына орналасты. Әскери нысан осы аумаққа алғаш келген кезінде сол уақыттағы ұжымшар төрағасына қол қойғызуға барған көрінеді. Алайда ұжымшар төрағасы соғыс аяқталып, елдің бейбітшілікте өмір сүріп жатқанын, әскери қалашыққа мұқтаж емесін айтып, қарсылық танытқан екен. Бірақ соған қарамастан әскери қалашық өз жұмысын жүргізді. Негізінен, бұл аумақта екі әскери нысан болды. Локаторлық және ракеталық бақылау әскери нысандары жұмыс істеді», – деп еске алады бұл жайында ауыл ақсақалы, Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Пірімбетов.
Мәліметке сенсек, сол кездері Кеңес Одағы соғысқа қажетті 10 мың шақырымға дейінгі баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізген. Зымырандарды Байқоңырдан ғарышқа ұшыруды ұйымдастыру мақсатында осы Тартоғайда радиомен басқару стансасын орналастырады. Соның арқасында Байқоңырдан ұшырылатын Р-7 зымыранын осы аймақтағы РУП арқылы ұшырып, бақылап отыруды қолданысқа енгізген көрінеді.
Стансаны ойлап тапқан КСРО-ның бас конструкторы С.Королев пен қолданбалы математика институтының директоры, академик М.Кельдыш (суретте) нысанға бірнеше мәрте келіп, жобаның жұмыс барысын көзбен көргені жайында да айтылады. Тіпті, Гагариннің өзі Тартоғайдың топырағын басқан деген ақпар бар.
Көзкөрген ауыл тұрғынының айтуынша, локатормен бақылау нысанында өңкей ғалымдар, академиктер, профессорлар жұмыс істепті. Ал ракеталық нысанда әскери адамдар борышын өтепті.
«Негізінен, бұл әскери бөлімше 1971 жылға дейін толық жұмыс істеп тұрды. Тартоғай мен Майлытоғайдың аралығында салынған құпия нысанның айналасында қалың сексеуіл өсіп тұратын. Бөлімшенің осы сексеуілдің ортасында орналасуының өзіндік сыры бар екенін кейіннен білдік. Үздіксіз жұмыс істеп тұрған дыбыс қабылдағыштар (локатор) адам ағзасына зиянды сәуле бөледі. Ал сексеуіл сондай зиянды сәулелерді бойына сіңіріп алатын қасиетке ие екен. Әскери бөлімшенің сексеуілдің ортасына орналасуы осы зиянды сәулелердің белсенділігін жоюға негізделсе керек. Ең қызығы, осы аумақтағы сексеуілдердің сол кездері бір қалыпта сақталып, өспей қалғанын аңғардық. Ал әскери бөлімше жұмысын тоқтатқан күннен бастап, қайтадан қаулап, өсіп кетті. Мұны сол кездегі локатордан бөлінген зиянды сәуленің әсері деп есептеймін», – дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы, Тартоғай аумағы жердің радиусына сәйкес ең биік жер екен. Соның арқасында зымырандардың дыбысын жылдам қабылдауға мүмкіндік артады. Кеңес кезінде құпия әскери нысандардың Сыр өңіріне көптеп салынуының негізгі себебі де осы болса керек. Мәліметке сенсек, бір кездері Свердловск қаласында атып түсірілген зымыранның дыбыс толқынын осы Тартоғайдағы әскери бөлімше алғаш болып байқаған көрінеді.
2000 жылдар шамасында қараусыз қалған әскери бөлімше ғимараттары Тартоғайдағы түзеу мекемесінің (түрме) балансына беріледі. Кейіннен түзеу мекемесі қараусыз қалған әскери ғимараттарды түгел бұзып, құрылыс заттарын пайдаға асырады.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, әскери нысан жұмыс істеп тұрған кездері ауылда ақ қан дерті көбейіпті. Бөлімше өз жұмысын тоқтатқан күннен бастап аурудың беті қайтқан көрінеді. Мұны сол уақытта үздіксіз дыбыс қабылдағыш қондырғысынан тараған зиянды сәуленің әсері деп санайды.
Қазір құпия әскери нысан орналасқан аумақ жазық далаға айналған. Бір кездері бұл аумақта аса қауіпті құпия әскери нысанның болғанын білдіретін бірде-бір белгі жоқ.
Ал ұзақ жылдар бойына зымырандардың ұшуын радиомен бақылайтын әскери нысаннан тараған зиянды сәулелердің адам ағзасына қаншалықты қауіпті екенін ешкім де ашып айта алмайды. Бір белгілісі, сынақ алаңына айналған Сыр өңірінде әлі талай сұмдықтың құпия сақталып тұрғаны ақиқат.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы