Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет екенін айтты.
Мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет
1,079
оқылды

«Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс.

Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті, әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет», – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін тарихи тұлғаларды жүйелі дәріптеуді қолға алу керектігін айтты.

«Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз. Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады», – деп тоқталды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алдағы Республика күнінде «Ел бірлігі» мемлекеттік наградасының алғашқы иегерлері белгілі болады. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ, тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн. Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым. Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы келешекте тарихи тұлғалардың атымен аталатын ордендер пайда болатынын айтты.

«Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады», – деді Президент.