Астрономдар келесі аптада (29 қыркүйек) Жерді айналатын «екінші Ай» пайда болатынын айтады. Ол қайдан келеді, адам өміріне қандай әсері болады?
29 қыркүйекте Жердің айналасында «екінші Ай» пайда болады
«Екінші Ай» – ғарыштан саяхаттап келген астероид. Фото starwalk.space сайтынан алынды. Авторлығы: Vito Technology, Inc
8,400
оқылды

Aikyn.kz Жерді айналып жүрген серігіне тағы қандай ғарыш объектісі қосылатынын bgr.com сайтында жарияланған хабарламаға сүйеніп түсіндіреді.

«Екінші Айдың» көлемі шағын болғандықтан адам өміріне, Жердегі процестерге ешқандай салдары болмайды. Фото bgr.com сайтынан алынды. Авторлығы: Adobe / Auntspray

Біз физика пәнінен Жердің табиғи серігі Ай біздің планетаның орбитасын тұрақтандыруға көмектесетінін білеміз. Айдың айналу осі жыл мезгілдерінің қалыптасуына әсер етеді. Табиғи серігі Жерге жақындаған сайын, планетамыздың беті 30 см-ге және теңіз деңгейі көтеріледі. Ай ауа қысымына әсер етеді, температураның, желдің әрекетінің, Жердің магнит өрісіне әсер етеді. 

Ал егер Жердің айналасында екінші табиғи серік пайда болса, онда біздің өміріміз қалай өзгереді? Астроном ғалымдар алдын ала дүрлікпеуге шақырады. Өйткені, Жердің айналасында екінші серік шектеулі ғана уақытқа пайда болады. Оның көлемі шағын болғандықтан адам өміріне, Жердегі процестерге ешқандай салдары болмайды.

Бір астероид бірнеше жыл бойы планетамыздың екінші серігі қызметін атқарып, 2020 жылы ғарышқа қайта ұшып кеткен. Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Buradaki 

Екінші Ай Күн жүйесінің басқа бөліктерінен ғарыш арқылы саяхаттап келген астероид түрінде болмақшы. Ол Жерді аз ғана уақыт айналып жүріп, қайта ғарышқа ұшып кетеді.

Зерттеушілер мұндай жағдай бірінші рет емес екенін айтады. Жерде әрқашан «жалған Ай» болған – бірақ бұл әрқашан қысқа уақытқа ғана созылып келеді. Бұл жолы «жалған Ай» 2 айға жуық қана Жердің серігі рөлін атқаратын болады.

Бұл тақырыпқа арналған ғылыми мақалаларда бұндай астероидтардың Жердің гравитациялық өрісіне кіріп, планетамыз үшін екінші Ай сияқты әрекет ететіні айтылады. Мысалы, бір астероид 2006 жылы Жерді бір жыл бойы айналып жүрген. Тағы бір астероид бірнеше жыл бойы планетамыздың екінші серігі қызметін атқарып, 2020 жылы ғарышқа ұшып кеткен. 

Жақында күтілетін астероидты ғалымдар мұқият зерттеп жатыр, ол алғаш рет тамыз айында көрінді. Алдыңғы есептеулер бұл астероидтың Жермен соқтығысуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін зерттеушілер астероид Жердің тартылыс күшінің құрсауына кіретіндей жақын келеді деп болжаған.

Ол Жерді 29 қыркүйек пен 25 қараша аралығында 53 күн бойы айналып, ғарышқа қайта кетеді. Астероид аса үлкен емес – алдын ала есептеулер бойынша оның диаметрі небәрі 10 метр. Ол Жерді өте ұзақ айналмайтындықтан, оны бақылауға уақыт өте аз болады. Зерттеушілер бұл астероид Арджуна астероид белдеуінен келген деп есептейді.

Астероидтар белдеуі Күнді айналып жүретін бірнеше астероидтардан тұрады. Кейбір зерттеушілер астероид шын мәнінде ғарыштық қоқыс болуы мүмкін деп болжайды. Бірақ екінші Айдың траекториясы адам жасағандай емес, табиғи нысанның траекториясына көп ұқсайтындықтан, ол нағыз астероид екені анықталды. Сәтін салса екінші Айды көруіміз ықтимал.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.