Түркістан облысында шетелдік көліктерге сары нөмір берілді
Түркістан облысында шетелдік көліктерге сары нөмір берілді
© inform.kz
138
оқылды
Түркістан облысы, Сайрам ауданының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында автокөлік иелері алғаш рет Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктерін уақытша тіркеуден өткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елімізде ағымдағы жылдың 1-ші ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде есепте тұрған шетелдік нөмірлері бар автокөліктерді тіркеу акциясы басталды. Полицейлер атап өткендей, нөмірлерді рәсімдеуге 20 минут қана уақыт кетеді. Жаңа тіркеу нөмірлерін алған автокөлік иелері енді Қазақстанның барлық аумағында жыл бойына емін-еркін жүруіне болады. Алайда, содан кейін олар тұрақты тіркеу мәселесін шешуі керек. Мәселен, аудандық «автоцонда» жергілікті тұрғын Сергей Шведов Тойота Ленд Крузер мен Тойота Камри маркалы автокөліктеріне «сары нөмір» рәсімдеді. Тағы бір автокөлік иесі Ердос Шынтөре де Джип Гранд Чероки автокөлігіне уақытша тіркеу нөмірін алды. Түркістан облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбековтың айтуынша, бүгінде ЕЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді рәсімдеу ережелері туралы кеңес алу үшін 250-ден астам автокөлік иесі полицияға жүгінген. Бұдан бөлек осындай түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Оның ішінде «Жолда қабылдау» акциясы аясында мүдделі органдармен бірлесіп, шетелдік мемлекеттік нөмірлі көліктерді рәсімдеу қажеттілігі туралы жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады,- дейді полицейлер.