Қазақ бала тәрбиесіне аса мән берген. Тәлім-тәрбиенің тал бесіктен басталатынын білген ата-бабамыз әлдиімен бесігін түзеген, бесіктен кейін тәй-тәй басып, үлкен өмірге қадам басарда «үй болады» деп есігін түзеген.
Ел боламын десең – ертегіңді түзе
764
оқылды

 Бүлдіршіннің тілі былдырлап шығып, сөзді мағынасымен бірге қабылдауды үйреніп, әлемді тани бастағанда ақ пен қараның аражігін ажыратуға тәрбиелейтін бірден-бір құрал – ол ертегі.

Қазақ әдебиеті ертегі мен жыр, дастан, қисса, аңызға бай. Көзімізді ашқалы тыңдап, оқып келе жатқан ертегілердің ұрпақ тәрбиесіне сіңірген үлесі өлшеусіз. Өйткені өсіп келе жатқан өскін ертегі арқылы өз тарихымен, тілімен танысып, тынысы ашылады. Жаһандық жайлаған заманда еш өзгеріссіз қалған дүние кемде-кем. Салт-дәстүрдің жалпылай алғанда көнекөз дүниенің барлығының дерлік тоз-тозы шыққан. Асыл жауһарлардың жай-күйі үнемі қолданылмаған соң тот басып қалған темірдей. Ертегі сол жауһардың бірі де бірегейі. Алайда қазақ ерте­гілерінің қазіргі жағдайы қалай екен? Бала тәрбиелеп отырған отбасыларда қазақ ертегілері оқыла ма?

Ертегінің басты мақсаты – жақсылыққа баулу. Сондықтан ертегідегі кейіпкерлер мен құрал-саймандары өзгеріске ұшырағанымен, мәні мен мағынасы жойылған жоқ. Тек кітаптағы салт-дәстүр, салт пен сана, дүние-мүлік өзгерді. Мысалы, бүгінгінің ертегісінде киіз үйдің орнын ғимарат, ал қазан-ошақтың орнын газ бен плита басқан. Бүгінгі балалар әдебиетінің мазмұны сол қалпы. Қысқасы, жеткізу жолы ғана өзгеше. Ұлттық ғылыми кітапха­наның балалар әдебиеті бөлімінің жетекшісі Клара Көпжасарқызының айтуынша, балаларға арналған қысқа ертегі, әңгімелерді жазып жүрген Серікбол Хасан мен Жандос Әуелбекұлын ерекше айтуға болады. Олардың тұрақты оқырмандары кітапхананың балалар бөліміне де жиі бас сұғады екен.

«Мұнда мектеп оқушылары үнемі келіп тұрады. Балалар тек кітап оқып қана қоймай, бөлім мең­герушісі мен мектеп мұғалімдерімен біріге отырып автор­лармен кездесулер өткізіп, ойындар жүргізеді. Мектеп жасына дейінгі балалар да ата-анасымен бірге келіп осында уақыт өткізеді», – дейді бөлім мең­герушісі. Кітапхана қызметкері әр келген баланың қызығушылығы мен деңгейіне байланысты кітаптар ұсынады екен. Смартфонға қызығушылық артқан заманда кітапханаға келіп, ертегі оқитын бүлдіршін­дердің бар екендігі қуантады. Тек қазіргі балалардың талғамы тарихы мен салт-дәстүрді санасына тоқы­ту­дың құралына айналған бұрынғы ертегілерді, кейіп­кері өзгергенімен тектілікке тәрбиелейтін қазақ тіліндегі әңгімелерге келгенде әуестігі төмен. Кітапхананың кішкентай оқырмандарының көбісі шетел балалар әдебиеті мен орыс, ағылшын тіліндегі кітаптарға қызығады. Клара Көпжасарқызы заманның талабына сай көп тілді білуде шетел әдебиетіне қызығу да дұрыс шығар дегенді айтады. Алайда шетел әде­биетінің өн бойында өз ұлтының әдеті мен ғұрпы, сал­ты мен дәстүрі көрініс табатынын білеміз. Өкініш­ке қарай, өзге елдің әдебиетіне үйірлік өз тарихынан жеруге, өзінің тілі мен ділінен, дінінен адасуға алып келмес пе екен. Себебі басқа тілде кітап оқитын бала­лар ертегіні тәрбиенің құралы емес, тек әдебиет ретін­де ғана қарайды. Ал қазақ ертегісінің бойында ақ пен қараның айырмасы ғана емес, елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілікке баулу жатыр. Шындығы сол, бүгінің үлкендері балаларына «Алиса ғажайыптар елінде», «Гарри Поттерді» емес, қазақтың «Ер Тарғы­ны» мен «Ер төстігін», «Қобыланды» мен «Махамбетін» оқытып, құлағына сіңіре берсе, әр баланың бойында Отанына деген сүйіспеншілік оянары анық.  

Күлзира АХИРАТ,
ЕҰҰ студенті