Мемлекет басшысы Халықаралық волонтерлер форумына қатысты.
Волонтер болу –  отаншылдықтың жарқын көрінісі
517
оқылды

 Президент өз сөзінде мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі маңыз­ды екенін атап өтіп, еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтты.

– Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны үш есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам ерікті­лер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақ­тады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент волонтер болу, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі деп санайды. Бұл – адам­гершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты.

– Еріктілер өнегелі істері арқылы қо­ғамды дамытуға зор үлес қосады. Жана­шырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдар­дан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сон­дықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқы­мыздың болмысымен үндес екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын атап өтіп, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болатынын айтты.

– Маған еріктілер мен қайырымды жан­дардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайды. Шын мәнінде, ертеңгі жарқын болашаққа жету үшін біз бүгін батыл қадамдар жасауымыз керек. Бұл ұс­таным экологиялық мәдениет пен саналы тұтыну дәстүрін қалыптастыру үшін өте өзекті. Ол үшін адамдардың сана-сезімі мен дүниетанымын өзгерту керек. Тек сон­да ғана реформалардың нәтижесі тұрақты әрі мәңгілік сипатқа ие болады. Тұлғаның жеке үлгі көрсетуі және «тең – теңімен» қағи­датын ұстануы волон­тер­ліктің негізгі қозғаушы күші деп санай­мын. Идеяларды белсенді түрде тарату және қайырым­ды­лықты насихаттау қоғам дамуының жауап­ты азамат және патрио­тизм ұғымдарына негізделген жаңа пара­дигмаларын қалып­тас­тыруға ықпал етеді. Осы себепті елімізде волонтерлік қоз­ғалыстың дамуын ілгері­лету үшін барын­ша жағдай жасалады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда 2021-2023 жылдарға арналған Волонтер­лікті дамыту жол картасы аясында бірқатар жоба табысты іске асырылды. Мемлекет басшысы қоғамда еріктілік мен қайырым­дылық дәстүрін нығайту үшін бірнеше кешенді шара қабылдауды ұсынды.

– Осы саладағы стратегиялық бағыт­тарды нақты көрсететін жаңа Жол кар­тасын әзірлеу керек. Аталған құжат волон­терлік қозғалысқа тың серпін беріп, оның таяу жылдардағы дамуының басты бағыт­тарын айқындауға тиіс. Екіншіден, ерік­тілік пен қайырымдылық ісін есепке ала­тын жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажет. Бұл бастама волонтерлік қозға­лысты ынталандыру үшін заңнамалық дең­гейде тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, волонтерлік қозғалыс­ты ұзақмерзімді грант беру арқылы ын­таландыру керек. Бұл ретте мем­лекеттік және жекеменшік грант беру­шілер ара­сында тұрақты серіктестік ор­натып, отан­дық және халықаралық до­норлардың бір-бірімен нәтижелі ынты­мақтастығын қалыптастыру маңызды. Төртіншіден, волонтерлік және қайырым­дылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылы­мын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдас­тыру­шылық, техни­калық және кадрлық әлеуе­тін күшейту қажет. Бесіншіден, волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынты­мақтас­тықты одан әрі нығайтуға және ілгері­летуге ерекше назар аудару қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінің соңында Президент аталған форум бұл бағыттағы ортақ жұмыс өзекті әрі өте қажет екенін және еліміздегі волон­терлік қозғалысты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш­тің форум қатысушыларына үндеуін ұйымның Қазақстандағы тұрақты үйлес­тірушісі Микаэла Фриберг-Стори оқып берді. Сондай-ақ жиында БҰҰ Еріктілер бағ­дар­ла­масының атқарушы үйлестіруші­сі Тойли Курбанов, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да спикерлер сөз сөйледі.