Биыл еліміз Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогіне төрағалық етуде.
Орталық Азияны біріктірген диалог алаңы
1,127
оқылды

Осыған байланысты БҰҰ-ның қолдауымен елорда төрінде «Ин­нова­циялар мен технологияларды дамы­тудағы әйелдердің рөлі» тақырыбына арналған Орталық Азия елдері диа­логінің отырысы өтіп, Қазақстанның төрағалығы ресми түрде ашылды. 

Шараға еліміздің Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері, Түрікменстан, Өз­бекстан пар­ламенттері палаталарының спикерлері, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның Парламент өкілдері, мем­лекеттік орган бас­шылары, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипло­матиялық корпус өкіл­дері қатысты. Басқосуда қонақтар биылғы жылға ар­налған мақсат-міндеттерді айқын­дап, алдағы жұмыс жоспарын бекітті.

Қазақстан тарапы төрағалық ететін жылдарда әйелдердің жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытудағы рөліне баса назар аударуды мақсат етіп отыр. Сол себептен де отырыстың күн тәртібін әйел­дер­дің қоғамның кез келген саласына белсене атсалысуы мен  олардың ұсынған бизнес жобаларын қолдаудағы тәжірибелерін талқылауға арнады.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, Орталық Азия елдерінде цифрлық гендерлік алшақтықты жою басым бағыт болуы керек. Сондай-ақ ол диалог алаңы аймақтағы жалпы интеграциялық процестің бір бөлігі болып отырғанын жеткізді. Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогі екі жарым жыл бұрын құрылғанын атап өткен ол Орталық Азия елдерінің әйел­дері диалогіне қатысуға Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстаннан арнайы келген әріптестерге ризашылығын білдірді. «Бұл алаң әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселесінде тәжірибе алмасу және өзара әрекеттесудің тиімді алаңына айналып үлгерді. Бүгінгі отырысымызда Қазақстан­ның төрағалығы ресми түрде басталады. Осы сәтті пайдалана отырып, біздің алдымызда диалогке төрағалық етіп, белсенді жұмыс атқарғаны үшін Өзбекстан мен Түрікменстан тарапына алғыс айтқым келеді. Қажырлы да нәтижелі еңбектеріңіз өңірдегі әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін жан-жақты кеңейтуге берік негіз болды деп сенемін. Орталық Азия елдері үшін превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы БҰҰ-ның даму бағдарламасы мен «БҰҰ-Әйелдер» халықаралық құрылымдары да осы істі алға жылжытуға жүйелі түрде қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреміз», – деді Мәжіліс Спикері.  

Диалог алаңы тәжірибе алмасу және өзара әрекеттесудің тиімді алаңына айналып үлгергенін айта келіп: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Бұл орайда Мемлекет басшысы елдің даму деңгейі қоғамдағы әйелдің мәртебесі­мен өлшенетінін үнемі айтып жүр. Бұл кез­десу әйелдердің осы өңірдегі елдердің әлеу­меттік, экономикалық және саяси өміріне қатысуын жан-жақты кеңейтуге ықпал етеді деп санаймыз. Заманауи ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар гендерлік теңдік үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша­ды. Әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiн­дегi ұлттық комиссия үлкен үлес қосып ке­леді. Қазақстан әйелдер құқығын қорғау, ген­дерлік теңдікке қатысты барлық негізгі халықаралық актілерді ратификацияла­ды», – деп атап өтті.  

Президент Әкімшілігі Басшысының орын­басары, Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева Орталық Азия елдері әйел­дерінің диалогі гендерлік теңдікті қамта­масыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның сөзінше, ортақ іске жұмылған қатысушылардың белсенділігі әйелдер мен отбасылардың, әсіресе жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайындағы өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ортақ проблемаларды бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол Президент жа­нындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия 6 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүр­гізетінін жеткізді. «Әлеуметтік-демогра­фиялық даму, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту, отбасылық құндылықтарды және мәдени ізгілікті ұстанымдарды дамыту, халықаралық ынтымақтастыққа негізделеді. Қазір осы бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізілу­де», – дейді комиссия төрағасы. Бұдан бөлек, ұлттық комиссия мүшелері маңызды бастамаларды іске асырып жатқанын да тілге тиек етті. Мәселен, «Томирис» жобасы өңірлік белсенді әйелдердің пулын қалып­тастыру және саяси қатысу мәселелерін дамыту бойынша іс-шараларды жалғасты­рып келеді.  Осылай деген Аида Балаева: «Гендерлік паритет болған жерде дұрыс саяси шешімдер қабылданады. Сондықтан гендерлік теңдік және басқа да мәселелер бойынша елдеріміздің ғылыми сарапшылар ынтымақтастығын дамыту маңызды. Тұр­мыстық зорлық-зомбылық, қыздардың ерте жүктілігі, оларды күштеп отбасын құруға итер­мелеу секілді әлеуметтік қиындық­тармен бірлесе күресуге шақырамын. Одан басқа, туризм, мәдени салаларды да бірлесе дамытуымыз қажет. Қарап отырсаңыздар, қазір бұл салаларда көбіне әйелдер жұмыс істейді. Қоршаған ортаны қорғау саласында да ынтымақтастыққа қол жеткізу керек. Себебі көптеген мәселе бойынша серіктестер бірлесе отырып шешім қабылдау өзекті. Бұл орайда ауыл шаруашылығы және тоқыма өндірісін дамыту бойынша бірлескен форумдарды жасай аламыз. Осы бағыттар бойынша Қазақстанның табысты тәжірибесі бар», – деді.

Парламент Мәжілісі Төрағасының орын­басары Дания Еспаева сессия жұмы­сына жетекшілік етті. Өз кезегінде сөз алған ол Орталық Азиядағы әйелдер диалогіндегі Қазақстан төрағалығының басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз  әйелдерді әлеуметтік-экономикалық қатынастарға кеңінен тартудың жаңа тиімді құралы ретінде цифрландыруға маңыз беріп отыр. Өйткені бұл салада Қазақстанның үлкен жетістіктері бар және оларды бөлісуге дайын. Ал оның әріптесі, Парламент Мә­жілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан да еліміздің алға қойған мақсаты айқын әрі бұл БҰҰ-ның мақсат-міндетімен сәйкес келетініне тоқталды. «Біріншіден, бұл әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі, екіншісі – өңірлік ын­тымақтастық. Үшіншісі – әйелдерге қарсы гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес. Төртіншісі – әйелдерді климаттың өзгеруі­мен байланысты проблемалардан қорғау секілді мәселе. Оған қоса, біз әйелдердің инновация мен технологиядағы рөлін де қостық. Өйткені ақпараттық технология­ларды дамытудан әйелдер ұтылмайды, тек ұтады деп санаймыз», – деді ол. Сондай-ақ депутат Орталық Азия елдерінің әйелдері диалог алаңында ортақ тіл табысып, жобаларды бірігіп жүзеге асыра алса, өңір­дегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлес қоса алатынын айтады. Осы арқылы талқыланған өзекті тақырыптарды болашақта елдегі заңнамаға енгізу мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Мәселен, пандемия кезінде әйелдер зорлық-зомбылыққа көп ұшы­рағанын жеткізіп: «Содан бері жағдай күрделенбесе, азайған жоқ. Орталық Азия елдерінің әйелдері бұл тақырыпты қозғауға құлықсыз. Алайда қоғамдағы осы күрделі мәселені жылы жауып қоюға болмайды. Бұл жерде адам өмірі тұр», – деді Айгүл Құспан.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеш төрағасының орынбасары Джамиля Исаева әйелдердің инновациялар мен техноло­гияларды дамытудағы рөліне тоқталды. Өз елінде әйелдердің қатысуымен көптеген цифрлық жоба қолға алынғанын айтқан ол: «Әйелдердің инновациялар мен технология­ларды дамытудағы рөлі өте жоғары бол­ғанымен, ғылыми-техникалық және ин­женерлік салада жұмыс істеуі өзектілігін жойған жоқ. Кез келген салада әйелдердің үлесі болашақ үшін өте маңызды», – деді. Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының мүшесі Гульнар Марупова  өз еліндегі тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ар­найы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізіліп жатқанын жеткізді. Бұл елдегі заң шығарушы орган қазір он заң мен бес кодекске түзетулер енгізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қа­тысты заңды криминализациялауға жұ­мыс істеп жатыр. Ендігі жерде заңға тиісті түзету енгізілсе, тұрмыстық зорлық-зом­былық қылмыстық іс негізінде қаралады. Ең маңыздысы сол, отбасында зорлық-зомбы­лық көрсеткен адамға рақымшылық жасал­майды, берілген жаза мерзімін толық өтеуге тиіс болады.  Айтуынша, қазір тұрмыстағы тирандардың тепкісіне қалған жәбірлену­шілердің құқығын қорғау үшін қауіпсіздік ордері беріледі екен. Былтырдың өзінде әйелдерді қорғауға 30 мыңға жуық ордер беріліпті.

Диалог алаңына жиналған сарапшылар мен спикерлер БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипло­матия бойынша өңірлік орталығы бас­шысының міндетін уақытша атқарушы Мирослав Енчаның бейнеүндеуін тыңдады. БҰҰ-ның аймақтағы бастамаларына белсене қатысқаны үшін Қазақстанға алғыс айтқан ол әйелдер мен жастарды қолдау аясындағы өзара іс-қимыл елдегі барлық мекеме мен ұйымдарды қамтитынына сенім білдірді. Айтуынша, әйелдердің цифрлық саладағы мүмкіндіктерін жүзеге асырудың жолдары ұсынылғанымен, Еуропа мен Орталық Азия аумағында әлі күнге дейін 60 миллионнан астам әйел мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Сол себепті ерлерге қарағанда әйелдер оқу мен экономикалық даму мүм­кіндіктерін жиі пайдалана алмайды. Шын­дығы сол, нақты және жаратылыстану ғы­лым­дарындағы гендерлік теңсіздік орта мектепте басталып, жоғары сыныпта жалға­сын тауып, жоғары оқу орнында қарқын алып, еңбек нарығына дейін жетеді. Салда­рынан әйелдер техникалық және техноло­гиялық инновацияларды жасауға жауапты салаларда ерлермен бірдей еңбек ете алмайды екен.

Геосаяси тұрақсыздықтың салдарынан туындаған түйткілдердің түйінін тарқатуда әйелдердің рөлі айтарлықтай рөл атқарады. Сол үшін әлем әйелдеріне ортақ мәселелерді жан-жақты саралап, ұсыныс-пікірді ортаға салатын диалог алаңының отырысын ұйым­дастыру көрегенділікпен тең. Сондықтан Мирослав Енча диалог алаңындағы жауап­кершілікті сезініп, Қазақстанның төраға­лығын абыроймен атқаратынана зор үміт артып отыр.