Бұрнағы жылдары бұл тақырып турасында көп айтылды. Мәселеге ақпарат құралдары мен сарапшылар назар аударуды қойып кетке-німен, ол түбегейлі жойылды деуге келмейді. Үкіметтің, әкімдердің қаржылық «тәртібі» жақсарған жоқ. Керісінше, ушығып барады. Бұрын игерілмеген не талан-тараж болған бірнеше жүз миллиард теңге туралы сөз қозғалатын. Енді бұл сома 1 триллион теңгеге жетті.
Қаржы саласын зор «эпидемия» жайлады
Шенеуніктер игерілмеген қаржыны өзге бағдарламалар мен жобаларға бірнеше рет қайта бағыттаған. Сөйтіп, 1 жылда респу-бликалық бюджетке 8 рет түзету және бір рет нақтылау енгізілген. Салдарынан қаражаттың қайда жұмсалғанын мемлекеттік аудиторлар да таба алмай қалғанға ұқсайды. Бұл бір құрық бойлатпайтын сұмдық қулық болып тұр. Нәтижесінде, құзырлы органдар әрі-бері тексеріп, сайда саны, құмда ізі қалмаған миллиардтар үшін бар-жоғы 6 қылмыстық іс қозғауға жарайтын материал тапқан көрінеді.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бюджет қаражатын игермегені және нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін 2022 жыл қорытындысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың 113 қызметкері тәртіптік жазаға тартылыпты.
Бірақ Үкімет бюджет қаражатын тиімсіз игеру немесе игере алмауға қатысты айыптарды мойындамады. Керісінше, бұдан тек «жақсылық» көріп отыр.
– Шынында, 2022 жылы республикалық бюджетті сегіз рет түзеттік. Жалпы, бұл процедуралар бюджеттік мониторинг қорытындысы бойынша жыл бойы біркелкі жүзеге асырылды. Осылайша, бюджет қаражатын жедел басқару мақсатында Үкімет заңмен бекітілген құралды дұрыс пайдаланды деп есептейміз, – деді Үкімет басшысының қаражатқа жауапты орынбасары Е.Жамаубаев.
Сарапшылар миллиардтаған теңгені байқатпай жымқырудың мың сан схемасы іске қосылғанына назар аудартып жүр. Соның бірін таяуда Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова жайып салды.
– Бюджеттік қаражаттарды ұтымсыз, орынсыз шығындау көптеген мердігерлер мен жеткізушілер арқылы жүзеге асырылады. Бұл схема барған сайын кең таралып жатыр. Өйткені бюджеттік деңгейде барлығы анағұрлым айқын бола түсті, тиісінше бұл өрісте талан-тараж ету де қиындады. Мәселен, 4 жыл бұрын ғана біз жобалау-сметалық құжаттамалардағы сома 30 пайызға дейін асыра көрсетілетінін анықтадық және салдарынан бір жылда мемлекетке келген шығынды 1 триллион теңгеге бағалағанбыз. Ал бүгінде жобалардың күрт қымбаттауы «эпидемияға» айналды. Мұны құрылыс материалдары бағасының көтерілуі, жоғарғы инфляциямен байланыстырады. Салдарынан жобалар бірнеше триллион теңгеге өсіп шыға келеді, – деді Жоғары аудиторлық палатаның басшысы.
Оның байламынша, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен сол бюджет қаражаты тіпті Қазақстандағы апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын түбегейлі шешуге жететін еді. Алайда билік оған қаражат таппай, мәселені шешудің үнемі кейінгі қалдырылып келе жатқанын Н.Годунова ашық айтты.
Оның пікірінше, сол қаржыға республикадағы барлық тозығы жеткен жылу электр орталығымен және жылу желісін реконструкциялап шығуға болатын еді. Оның орнынан шенділер ЖЭО-лардағы жарылыстардың ауыр салдарларымен айқасып, «ерлік» көрсетіп әлек. Еліміздің бас аудиторы елдегі жылу, электр жүйелері күйреу қарсаңында тұрғанын қаперге салды. Үкіметті бұл селк еткізбесе, басқа не дүр сілкіндіретіні белгісіз.
Субвенция – жауапкершіліктен жалтару құралы
Жоғары аудиторлық палата төрайымы орталық және жергілікті биліктің тағы бір пайдасыз ісіне назар аударды. Ол былай жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленеді, оны дайындауға қыруар қаржы шығындалады. Бірақ жоба іске асырылмайды: мектеп, аурухана, емхана, спорт кешені, көпір және басқа да әлеуметтік нысан салынбайды. Ақыры, жобаның мерзімі аяқталады. Жаңа келген шенеунік бюджеттен қомақты ақша жұмсап, жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кіріседі.
«Қынжылтатыны сол, біз жобалық-сметалық құжаттаманы ешқашан толық қаржыландыру мүмкін емес. Мысалы, 2017–2021 жылдары жалпы құны 5,9 миллиард теңге тұратын 292 жобалық-сметалық құжатты іске асыру мүмкін болмады. Қорыта айтқанда, мемлекеттік органдар көрпеге қарай көсілуге, соның ішінде шектеулі ресурстарды ысырап етпей, ұқыпты, ұтымды жұмсап, бәріне жеткізуге үйрене алмады. Сондықтан биліктің салалық саясаттарды жүзеге асыруда бірізділік пен приоритезацияға, яғни елге қажетті басымдықтарды дұрыс таңдап, соларға көңіл бөлгені қажет», – деп түйді Н.Годунова.
Жалпы, Үкіметтің тірлігін түсіну қиын. Былтыр жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға түзетулер нәтижесінде Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылғаны мәлім. Содан сарапшылар оның тек атауы ғана өзгермей, құзыры да тегеурінді етілер деп күткен. Бұл үміт әзірге ақталмай тұр. Мысалы, палата аудиторлары әр меморганның және әкімдіктің бюджетті игеру, жұмсау тиімділігін мұқият тексеріп, ел қаржысын ханталапай етушілердің табанына тас қоюы тиіс.
Алайда енді палатаның мүмкіндіктері тіптен шектелгені мәлім болды. Бұған қатысты палата басшысы Н.Годунова депутаттарға мұң шақты. Нақтылағанда, орталық мемлекеттік органдар әрбір саланы өзара бөлісіп алған. Демек, жетекшілік ететін бағыттарындағы жұмыстарды, өркендеуді үйлестіріп отыруы шарт. Бірақ Үкімет былтыр жарияланған орталықсыздандыру саясатын алға тартып, салалар бойынша жоспарлау мен атқаруды жергілікті атқарушы органдарға табыстады. Басқаша айтқанда, онымен енді министрліктер емес, жергілікті әкімдіктердің салалық басқармалары мен бөлімдері шұғылданады.
Әрине, әр ауыл, аудан мен қаланың әр саладағы мұқтаждығын Астанадағы министрліктерге қарағанда, әкімдіктер жақсы білсе керек. Әйтсе де, жергілікті атқарушы органдардың бюджетті орындауы бүгінде Жоғары аудиторлық палатаның бақылауынан мүлдем шығарып әкетіліпті.
Осылайша, министрліктер өз мойнындағы жауапкершілікті өңірлерге сырғыта салды. Тек биылдың өзінде 2 триллион теңгеден астам жалпы сипаттағы трансферт өңірлерге табысталды. Алдағы үш жылда субвенция ауқымы қазіргіден 3 есе артады. Сонда палата бақылау мүмкіндігінен айырылса, ол қыруар қаржының тағдыры не болмақ?
Үкімет ауыр сынды ескерген сыңай танытып отыр. Олқылықты жою үшін не істемек? Қайтадан жаңа Бюджет кодексін жасап жатыр. Жаңа кодекске «шығындалған қаражаттың жұмсалу тиімділігін арттыруға қатысты, тиісті қосымша нормаларды енгізуге» уәде етті. Ол уәденің орындалатыны әлде қайда қалатыны әзірге белгісіз.
Бюджетті игерудегі тәртіпсіздік пен жөнсіздіктер бұқараның әл-ауқатының, тұрмысының күннен-күнге төмендеуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып тұр. Ал онымен пәрменді күресетін құрылым байқалмайды. 2022 жылы Жоғарғы аудиторлық палата ірі 20 ревизорлық тексеріс өткізді. Оның төртеуінде ғана аудиторлар құқық қорғау органдарына беретін істі таппапты. Процессуалды шешім қабылдауы үшін 15 материал құқық қорғау органдарына жіберілген.
Нәтижесінде, құзырлы органдар небары 6 материал бойынша қылмыстық іс қозғаған екен. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Н.Годунова олардың нешеуі бойынша қылмыстық іс сотқа жететінін білмейді. Сотқа жүгіну не жүгінбеуді тергеушілер шешеді: қылмыстық құрам жоқ деген ұйғарымға келуі де ықтимал. Тіпті, іс сотқа жеткеннің өзінде судьялардың нендей шешімге келетіні тағы белгісіз. Яғни, ревизорлар ел қаржысының таланғанын, рәсуә етілгенін біліп, әшкереледі. Бірақ ол үшін ешкім жаза тартпауы мүмкін. Сорақы фактілер еш салдарға ұштаспай, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықтың батпағына тып-тыныш қана батып кетуі кәдік.
Шенеуніктер мен әкімқаралар болса, түрлі есептерде халыққа «ақша жетпейтінін» айтудан еш ұялатын емес.
Елдос СЕНБАЙ