Шомылу маусымы басталғанда, тәуекелге бел буып, облыс орталығынан шыққан демалушылар Талдықорған – Өскемен трассасының Матай, Молалы, Лепсі ауылдарына бұрылатын тұсындағы айналмаға келгенше, тақтайдай жолдың рахатын көреді, одан ары тағы отыз шақырымдай қинала қоймайды.
Ал Матайдан кейінгі жөнделіп жатқанына жеті жылға жуықтаған күре жолдың күрмеуі көптігінен бір кезде Бөрлітөбе ауданының орталығы Лепсіге жеткенше, небір азапты, тозақты бастарынан өткереді. Одан ары көлге дейін тағы да шаңға көміліп, шипалы суға әрең жетеді. Көл де жыл өткен сайын жағалаудан біртіндеп алыстап барады. Жағалаудағы демалыс орындарының жағдайы да қарын ашырады. Шындығын айтқанда, жол азабын көріп, шаршап-шалдығып суға жеткендер мұнда да рахаттанып демала алмайды.
Бірнеше жылға созылып, қазынаның қыруар қаржысы құмға сіңген күре жолдың қазіргі жағдайы мәз емес. Жөндеуге кеткен жеті жылдың өзі бері жағы, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы мен жаңа ғасырдың бастапқы жылдарының өзінде Талдықорғаннан Балқашқа барып, демалып қайту оңайға соқпайтын. Жол сол жылдардың өзінде нашарлығымен жанға бататын. Одан бері де ширек ғасыр өтті, облыста жеті әкім ауысты, бірақ жағдай оңалудың орнына кері кетіп барады. Облысты 7 жыл басқарған, 13 жыл облыс әкімінің орынбасары болған Баталовтың өзі Балқаштың жолын жөнге сала алмай кетті. Бұл орайда Жетісу облысының құрылғанына бір жыл толуына орай брифинг өткізген Исабаевтың Балқашқа апарар трассаны келер жылы толық бітіреміз дегеніне сене қою да қиын. Өйткені жергілікті жұрт мұндай орындалмайтын уәдеге тойған.
Журналистердің Балқаш пен Алакөлге апаратын жолдардың жағдайына, жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатынына қатысты сауалына жауап берген облыс әкімі: «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» автокөлік жолдарына асфальтбетонды жабындысы төселді, биыл бұл бағыттардағы трассалардың жөнделуі толық аяқталады. Ал Балқаш көліне апаратын жолға қатысты айтар болсақ, жөндеу жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстың 70 пайызын аяқтаймыз. Келер жылы толық бітіріп, құны 4,9 млрд теңге болатын жағалаудағы инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын бастаймыз. Сонымен бірге кейінгі жылдары ең өзекті мәселенің біріне айналған «Сарыөзек – Жаркент» жолының жөндеу жұмыстары да бітеді. Текелі тауларындағы «Бұрқан бұлақ» сарқырамасына баратын жолды қайта құрылымдауға, шаңғы-биатлон кешенінің құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасалуда» деген еді.
Әрине, бәрі де уақыттың еншісінде. Бірақ көңілде үмітке қарағанда, күдік көп. Өйткені талай жылға созылған «Талдықорған – Үшарал» жолына кезінде Үкімет басшысы да, оның орынбасарлары мен министрлер де, облыс әкімдері де барып, құр уәдеге тойдырғанын жұрт ұмыта қоймады.
Ал әзірге Алакөлге апарар жол біршама жақсарды. Тек кейбір тұстардағы көпірлер әлі толық біткен жоқ. Балқашқа барар жолдың жыры жақын жылдары таусыла қоймайтын сыңайлы.
Биыл Балқашқа баратын демалушылар саны айтарлықтай азаятыны анық. Облыстық әкімдік жолдың 70 пайызы биыл аяқталады деп отыр. Біздегі үйреншікті әдет бойынша жөндеу, қайта құрылымдау жұмысы нағыз демалыс маусымы кезінде қызып, қарқын алады. Онсыз да жаман жолдың тас-талқанын шығарып, қосалқы жолды дұрыс төсемеу қалыптасып кеткен. Мұндайдың азабын соңғы бес-алты жылда Алакөлге барғандар бастарынан өткерді. Бір жылдары Талдықорғаннан Алматыға барып-қайту да мұңға айналғаны есте. Дәл қазіргі кезде Балқашқа апаратын жол танктерді сынақтан өткізуге арналған арнайы жолаққа ұқсайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазылып алынған ескі асфальттың орны дұрыс тегістелмеген, қайта төселмеген. Ойдым-ойдым тұстарында түрлі биіктіктегі дөңестер пайда болған жолмен тек трактор ғана қиналмай қатынайды. Тәуекелге бел буған жүргізушілер автокөліктерін талқандап алары анық. Жақында ғана көлге барып келгендердің айтуынша, Матай ауылына дейін асфальт бар, амалдап жетуге болады. Одан ары қарай мүлде жол жоқ. Кейбір тұстарды тегістепті. Айналып өтетін жерлерге қиыршық тас төселген. Көліктің дөңгелегін шыдатпайды. Көлге жеткенше бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр боласың. «Қайдағы демалыс, жүйкеміз жүндей түтіліп, жолдан түңіліп қайттық» деп жазады әлеуметтік желіге өкпе-назын жеткізгендер.
Тиісті орындағылар нақты жауап бере алмады. Жетісу облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Айдос Досжанов тек Лепсіден көл жағалауына дейінгі 27 шақырым жолға қатысты ғана мәлімет берді. Оның айтқанына қарағанда, жолдың аталған бөлігін жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталған. Биылға дейін бөлінген қаражаттың мөлшері 1,9 млрд теңге. Жөндеу жұмыстары бюджеттен қарастырылған қаражатқа сай жүргізілуде. Облыстық әкімдік Лепсі мен Балқаш көлі арасындағы жол бөлігін жыл соңына дейін бітіруді жоспарлап отырған көрінеді. Ал жалпы, Талдықорғаннан Лепсіге дейінгі күре жолдың күрделі жөндеуі келер жылы бітеді.
фото:tengritravel.kz
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы