Себебі елді қуаңшылық басып жатыр. Салдарынан күріш бағасы жыл сайын аспандап барады: биылғы жыл басынан күріш елімізде ең көп қымбаттаған азық-түлік түрлерінің үштігіне енді. Бұлай бара берсе, жуық жылдары бұл өнім бұқараға қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Бұған жеткізбеу үшін Үкімет қандай шаралар қабылдауда?
Үкімет өз «форвардын» анықтады
Қазақстандағы мына парадоксқа қараңыз: күріш бағасы жыл санап өсуде, бірақ республикада күріш тапшылығы жоқ. Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген нормаға сәйкес, халқымыздың күрішке деген жыл сайынғы қажеттілігі бір адамға шаққанда 8,5 келіні құрайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда сәбилерді қоса алғанда, 19 миллион 854 мыңнан астам азамат бар. Яғни, күрішке деген зәрулік 168 миллион келіден 168 мың тоннадан ғана асады.
Шынында, қазақстандықтар күрішті, палауды ғалымдар белгілеген нормадан көп, шектен тыс артық жейді. Нәтижесінде, әр адам жыл бойы күріштің кем дегенде 10,5 келісін тұтынады. Бұған елімізде тұратын және күн сайын тамақ ішетін жүздеген мың мигрантты, релоканттарды және туристерді қосуға болады. Соның өзінде әрі кеткенде Қазақстан жыл бойы 200 мың тоннадай ғана күріш тұтынады.
Бірақ соның өзінде Қазақстан күрішпен өз нарығын толық қамтып отыр. Қызылорда облысының деректері бойынша, 2022 жылы тек осы өңірдің диқандары 444,6 мың тонна күріш жинады. Жалпы алғанда, елімізде былтыр қамбаға 480 мың тонна күріш құйылған.
Бұған қоса, ел осы өнімнен тарықпауы үшін Үкімет оның экспортын квоталауға көшті: оны сыртқа сатқысы келетін егіншілер мен трейдерлер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінен күріш экспортына фитосанитариялық сертификаттар алуы шарт.
Соған қарамастан, бұл дақылға қатысты ахуал бұқараны да, билікті де алаңдатуын жалғастырды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, маусымдағы жағдай бойынша жыл басынан бері әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы орта есеппен 4,2%-ға өсті. Одан да көп қымбатшылық басқан өңірлер жетерлік. 2023 жылы бұл көрсеткіш бойынша антилидерлердің көшін Астана (6,1%), Шығыс Қазақстан облысы (5,3%) және Жетісу облысы (5,3%) бастады. Ал өнім түрлері бойынша пияз, қырыққабат, күріш және сәбіз бағалары барынша қымбаттады.
Содан осы өткен демалыста, сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Астанадағы Үкімет үйіне жауапты тұлғаларды жинады. Оның төрағалығымен өткен кеңесте өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қаралды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басшылары, Ұлытау облысының басшылығы есеп берді. Күн тәртібіне шығарылған басты мәселе – Қызылорда облысындағы күріш жәрмеңкесіне дайындық барысы болды. Үкімет басшысының орынбасары әкімдерге биылғы жаңа егінді тұрақтандыру қорларына уақытылы сатып алуды тапсырды.
Осы мақсатта қымбатшылық қысқан Қазақстан алғаш рет күрішке де форвардтық сатып алу тетігін іске қосыпты. Мемлекет диқандардан тіпті егін шықпай тұрып, болашақ өнімді алдын ала сатып алады. Бұл да парадокс: бұрын Үкімет Қазақстан өзін толық қамтамасыз ете алмайтын өнімдерді ғана форвардтық, алдын ала сатып алатын. Ал күрішпен ел, әлгінде айтылғандай, өзін артығымен қамтиды.
Тұтастай алғанда, белгіленген барлық өнімді форвардтық сатып алуға мемлекет 21 млрд теңге бөлді. Мұның сыртында диқандарға тағы 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредиттеу бағытталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, күзгі егін жинау науқанын қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Үлгілік қағидалар шеңберінде форвардтық шарттар жасасу үшін ӘМАТ тізімі кеңейтілген. Соның ішінде күріш өндіру үшін форвардтық қаржыландыру енгізілді. Осылайша, енді әкімдіктерге күзгі егіннің шикізатын, соның ішінде күрішті қазірден сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорындарды, аграршыларды бюджет есебінен форвардтық қаржыландыру мүмкіндігі берілді. Бұл үшін Е.Тасжүреков атап өткендей, өңірлер осы тауар бойынша өз қажеттілігінің көлемін растауы қажет.
Кеңесте айтылғандай, алдағы сенбіге, 24 маусымға Қызылорда облысында үлкен күріш жәрмеңкесі жоспарланған. Оны өткізуге дайындық барысын Үкіметтің өзі бақылауда ұстап отыр. Бұл жәрмеңкеге күзгі егін жинау науқанына орай форвардтық шарттар жасасу үшін республиканың бүкіл өңірінің барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және күріш пен әлеуметтік өнімдердің ірі өндірушілері қатысады.
Өзекті саясаттан неге бас тартылды?
Күріш бағасының үздіксіз өсуіне қатысты жағдай Үкіметте бұдан бұрын да бөлек талқыланған. Мысалы, биылғы мамыр айында өңірлер арасында бұл өнім Ұлытау, Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарында қатты қымбаттағаны жария етілді. Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, 380 теңге бағамен 6 мың тонна өнім сатып алынып, қор дайындалды. Мамырда Қызылорда өңірінің өндірушілерінен 7 облыс 1021 тонна күріш сатып алды. Салыстырар болса, 2022 жылы күріштің 1 келісінің көтерме бағасы нарықта орта есеппен 325 теңге тұрды.
Ал базарда, мысалы, елорда дүкендерінде, бөлшек саудада оның бағасы 707 теңгеге дейін жетті. Бүгінде орта есеппен 530 теңгеге дейін түсті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, күріш бағасы Оралда – 652 теңге, Атырауда – 638 теңгеге дейін барыпты.
Халықаралық және отандық ғалымдар биыл да Қазақстанның судан тарығуы мүмкін екенін ескертті. «Қазгидромет» бірнеше облыста қуаңшылық болуы ықтимал деп болжады. Дәл осы жағдайда билік елдегі суды көп қажет ететін дақылдардың егіс ауданын азайтуға мәжбүр. Тиісінше, бірнеше жылдан бері күріш егілетін алқаптар саны қарқынды түрде азайтылып келді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшылары өздері бастап, оңтүстік облыстарды аралап, аграршыларды күріш егуден бас тартуға, басқа дақылдарға көшуге үгіттеді. Бұл жұмыс нәтижесін берді: күріш өсетін алқаптардың ауқымы 2017 жылғы 104,5 мың гектардан 2022 жылы 87,9 мың гектарға дейін кеміді.
Бүгінде күріш күн тәртібіндегі трендке айналғандықтан, билік күрішке қатысты бұл сарабдал саясатын да өзгертіпті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жалпы алғанда, 2023 жылы 23,4 миллион гектар жерге дән себілді. Бұл 2022 жылғы ауқымнан 68,6 мың гектарға көп. Биылғы көктемгі егіс жұмыстары таяуда, маусым айының басында ғана аяқталды.
Соның ішінде бұрынғы саясат аясында су ресурстарын көп шығындайтын мақта осы жылы тек 111,4 мың гектарға ғана егілді: сөйтіп, 2022 жылдағыдан тағы шамамен 15 мың гектарға азайтылды. Ал күріш 97,3 мың гектар алаңға өсіріледі. Бұл тіпті жоспардағы көрсеткіштен 2,3 мың гектарға артық. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы күріш 87,9 мың гектарға ғана егілген еді.
Қазақстанда күрішті негізінен Қызылорда облысы өндіреді: жалпы көлемдегі еншісі – 89,4%. Оны сонымен қатар Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары да өсіреді.
Қазақ күріші сыраға айналды
Министр Е.Қарашөкеев ылғалды көп қажет ететін дақылдарды суаруға биыл су жетпей қалуы мүмкін екенін, салдарынан су тапшылығы қаупі барын мәлімдеді. Бірақ биліктің бар назары – күріште. Оны өндіру арттырылады. Сондықтан АШМ басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменовадан Қызылорда және Түркістан облыстарын су ресурстарының қажетті көлемімен қамту үшін уақтылы шаралар қабылдауды өтінді.
Соңғы кездері өзі де билік пен халық назарына ілігіп тұрған Зүлфия ханымның бұл міндетті қаншалықты толымды орындай алатыны әзірге белгісіз. Егер ол Ауыл шаруашылығы министрінің өтінішін аяқасты етсе не күрішті аймақты сумен жете жабдықтай алмаса, алда елде «ақмаржан дағдарысы» туындауы әбден мүмкін. Өйткені қазақстандық күрішті көрші Ресей қаптатып, қап-қаппен тасып әкетіп жатыр.
Президент Үкімет алдына биыл инфляция деңгейін 2 есеге төмендету міндетін қойды. Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Арман Шаққалиев осы мақсатта ӘМАТ бағасының өсуіне барынша әсер ететін азық-түлік тауарларының тізімі жасалғанын айтты. Оған күріш, сиыр еті, күнбағыс майы, сары май, қант және көкөністер жатады. Яғни, Үкімет дәл осы өнімдерді өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа тәсілді әзірледі.
Бірінші вице-министр бүгінде бұл тауарлардың 78 негізгі өндірушісі анықталғанын хабарлады. Жаңа алгоритм аясында олар шығарған әрбір тауарға – өндіру мен сақтаудан бастап сатуға дейін қолдау көрсетілуі тиіс.
«Қолдау шаралары өндірістің ерекшеліктеріне және кәсіпорындардың өзекті әрі түйткілді мәселелеріне байланысты ерекшеленеді. Тауарлардың көкөніс тобының бағасы ӘКК форвардтық шарттарын жасау арқылы реттелетін болады. Бұл орайда барлық жұмысты өңірлік ӘКК, «Азық-түлік корпорациясы» және олардың серіктестерінің қызметін қамтитын арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Өнімді қадағалайтын бұл жүйе бағаны тұрақтандыру жұмыстарының «электронды айнасына» айналады», – деді А.Шаққалиев.
Атап өтер жайт, санкция астындағы Ресей қазақстандық күрішті жеу сыртында, оның жармасынан сыра қайнатады. Солтүстік көршіде сыра тұтынысы былтыр екі еседей өскен: әрбір Ресей Федерациясы тұрғыны жылына 52,2 литрін ішеді. Қалай болғанда, РФ қазақтың «ақмаржанының» басты импорттаушысы болып отыр. Былтыр солтүстік көрші шетелге шығарылған қазақ күрішінің жартысын (48,6%) немесе 52,7 мың тоннасын сатып алды. Тағы 21,7%-ын Тәжікстан, 7,8%-ын – Түрікменстан, 6,9%-ын – Украина, 2,2%-ын – Өзбекстан тасыды. Ендеше ел қаржысына арзандатылған, субсидияланған күріштің шетелге кетіп қалуына жол бермеу де проблема болмақ.
Айхан ШӘРІП
фото: nysana.kz