77 жастағы жамбылдық өнертапқыш Марат Аюбаевтың өзінің талай жылғы еңбегін, нақтырақ айтқанда, өзі ойлап тапқан жобаларын іске асыра алмай жүргеніне ширек ғасырдың жүзі болыпты.
Жаңалықтарым елеусіз қалып келеді – өнертапқыш Марат Аюбаев
961
оқылды

Ішінде өрт сөндіруге, жылыту пештеріне, түтінді сүзіп алып, атмосфераға жібермеуге қатысты және тағы да басқа жобалар бар. Кешегі Абай облысында болған өрттен кейін ол қаншама адамның қазасына қайғырып, қайтадан жорық жолына шығып отыр. Ендеше ағамыздың өнертабыстарын өз аузынан естиік.


– Марат аға, саналы өміріңізді сарп еткен жаңалықтарыңыз қандай?
– Осы ғұмырымда ғылымның әр са­ласына байланысты 30 жаңалық аштым. Барлық 30 жаңалыққа патент алғанмын. Соның ішінде бір-екеуін тарқатып айтып берсем. Мұнай базаларында алапат өрт болып, көптеген адам қаза болып, қыруар шығын келіп жатқан оқиғаларды білеміз. Мәселен, Жамбыл облысы Меркі ауданында 4 адам өліп, 1 млрд-тан артық шығын келген оқиға болды. Шымкентте 1-2 адам өліп, 1 млрд-тан астам шығын келді. Сол сияқ­ты былтыр Украинада осындай өрттен 20 адам өлді. Бұл тек кейінгілері ғана. Ал оған дейін де қаншама рет мұндай оқиғалар болып жатыр. Осындай жаңа­лықтарды көріп-біліп отырғаннан кейін өзім өрт маманы емеспін, бірақ Жам­былда Гидромелориативтік-құры­лыс институтында оқығаннан кейін осыған қарсы бір нәрсе ойлап табу керек деген шешімге келдім. Шынымды айт­сам, қайтқан адамның көбі жап-жас өрт сөн­діруші жігіттер екен, артында аңыра­ған ата-анасы, бала-шағасы қалып жатқа­нын көріп қапаландым. Содан тек өрт сөн­діру саласының өзінде 5-ке жуық жаңа­лық аштым. Мысалы, мұнай база­ларында үлкен-үлкен мұнай немесе жанар-жағармай сақтайтын қазандық ыдыстар болады. Сол ыдыстар «ҚНмЕ»  (құрылыс нормалары мен ережелері) бойынша өрт болған кезде ішіндегі қысымнан қақпағы ұшып кетуі керек екен. Сонда үлкен жарылыс болмайды делінеді. Десе де, бұл жерде заңды ойлап тапқан адамдар дұрыс жасамаған. Өйт­кені ауызы ашылған соң оған ауа барады да, ол одан сайын өртенеді. Оны сөндіру де мүмкін болмай кетеді. Қарайған жанар-жағармай өртеніп, далаға кетіп шығын болады. Одан соң шатырының өзі салмаққа ие, интернеттен қарасам, ол 30-50 метр жерге ұшады екен. Ол сол маң­да тұрған техниканы, адамдарды басып қалады. Ал жанында тұрған ыдысқа тиіп, оны тесіп өтсе, өрт одан сайын ұлғаймай ма? Міне, осының бәрін ескере отырып, оны өшірудің бас­қаша жолдарын іздестіре бастадым.

Өзім 45 жылдай жылу-энергетика саласында жұмыс істегем. Сонда қазан­дықтарда жарылыс болып тұрады. Бірақ бізде қазандықтың үстінде жарылыстан сақтандыру клапаны деген қойылады. Сол ауа қысымын реттеп, ауаны сыртқа шығарып жіберіп тұрады. Ауа шектен тыс жиналмаған соң  ол жерде жарылыс көп болмайды. Болған күнде де мұнай базаларындағыдай үлкен болмайды. Осыны негізге алып, «ҚНмЕ»-ге өзгеріс енгізуді ұсынып отырмын. Оны өзгерт­пей, қазандықтарға клапан қою мүмкін емес. Өйткені «ҚНмЕ»-ні бұзуға бол­май­­ды. Ал бұған дейін  бірден клапан қою неге ешкімнің ойына келмегенін біл­мей­мін. Сондай-ақ осы «ҚНмЕ»-де екінші мәселе бар. Ол – өртті ұнтақпен немесе көбікпен өшіру мәселесі. Өзіңіз білесіз, осылай өшіру кезінде қаншама адам қаза тауып жатыр. Ал өшіргеннің өзінде ұнтаққа былғанған мұнай немесе жанар-жағармай пайдаға жарамай қа­лады. Ол дегеніміз – бәленбай мың тонна ресурс. Оны утилизацияға жіберу керек немесе сүзгіден өткізіп тазарту немесе қайта өңдеу қажет. Қазандықтың ішін тазалау өз алдына жұмыс. Мұның бәрі мил­лиардтаған қосымша шығын. Міне, осы реттен келгенде де «ҚНмЕ»-ні өз­герту керек. Менің жаңалықтарым осы­ған қатысты. Бірінші кезекте жарылыс­тан сақтандыру клапанын қою керек. Ол ауа қысымын реттеп тұрады. Одан соң өртті ұнтақпен немесе көбікпен сөндірмеу керек.

– Заңға өзгеріс енгізу керек деген бастамаңыз мықты екен. Енді ұсы­нысыңыз­ға көшсек.
– Менің жаңалықтарым химия, фи­зика, биологияның заңдарына не­гіз­делген. Жаңа айтқанымдай, қазан­дық­тарға бірінші кезекте клапан қою қажет. Ол ауа қысымын реттеп тұрады. Одан соң ол жерге автоматты түрде өрт сөн­діру жүйесін орнату керек. Әдеттегі ғимараттарға орнатылатын жүйе. Бірақ онда су пайдаланылады ғой. Ал мен судың орнына инертті газдарды қол­дану­ды ұсынып отырмын. Өйткені инертті газ өртті қолдамайды, сосын өзі де жанбайды. Одан соң олар ауадан ауыр газдар. Аргон екі есе, криптон үш есе, ксенон 5 есе ауыр. Осы газдарды бал­лон­мен сақтап, түтікшелермен әрбір қазандыққа апарып қоямыз. Әр ыдыс­тың көлеміне қарай қанша газ керек еке­ні артығымен алдын ала есептеліп қо­йылады. Цистер­наның ішіне өрт датчигі орнатылады. Сонымен, өрт болған кезде датчик қысымды азайтып, клапанды ашады да, ауаның шығуымен қатар инертті газ келетін шүмекті қосады. Сөйтіп, инертті газ цистернаның ішіндегі сұйықтың бетіндегі ауаны ығыстырып жібереді де, сол жерге тұтастай тұтылып тұрып қала­ды. Ауа бармаған соң от өшеді. Инертті газ мұнай немесе жанар-жағармайдан жеңіл, ауадан ауыр. Осылайша, ешқан­дай да орасан шығынға апармай осы өрт мәселесін шешуге болады. Одан бөлек, күндіз болсын, түнде болсын «өрт бол­ды» деп ешкімді шақырудың қажеті жоқ. Ол өзі автоматты түрде өшеді. Ал ма­мандар келсе, өздерінің қызметіне сай не үшін өрт шықты деп анықтауға келуі мүмкін.

Мұндай әдіс жер бетіндегі ешқандай елде жоқ. Оны іске асырсақ, олардың бәрі бізге рақмет айтады. Жер жүзіндегі мұнай базаларындағы өрт мәселесін шешеміз. Бірақ осы ойымды іске асыру үшін менің бармаған жерім, ашпаған есігім жоқ. Бұрынғы Божкоға да, Ильинге де хат жазып, осыны «өндіріске енгізейік» деп сұрадым. Бірақ олар маған «жер жүзінде мұндай тәсіл жоқ» деп жауап жазып жіберіпті. Керісінше, ол мені шақырып, одан соң ғалымдардың басын қосып, ақылдасып, сосын осыны іске асырса, сол дұрыс емес пе? Өз ба­сым осы жаңалығымды арқалап көпте­ген ғалымға, сарапшыларға бардым, бәрі қолдап отыр.

– Жаңа бір сөзіңізде өрт сөндіруге қатысты 5 жаңалық аштым деп айтып қалдыңыз. Ол қандай жаңалық?
– Ол – көпсалалы өрт машинасы және өрт тікұшағы. Нақтырақ айтқанда, олардың жетілдірілген нұсқасы. Мен жаңадан машина немесе тікұшақ ойлап тауып отырған жоқпын, олардың өртті сөндіру әдістерін дамытып отырмын. Өздеріңіз білесіздер, өрт шығып, өрт машинасы барған кезде олардың алып барған суы тек жарты сағатқа жетеді. Одан соң ол бригада не қосымша күш шақырады, не өздері уақыт өткізіп, қайтадан су толтыруға барады. Өйткені кез келген жерде өрт сөндіру гидрант­тары жоқ. Бұл түк пайдасы жоқ деген тірлік. Қалған уақытта өрт сөндірушілер сабалақпен сабап, cу шашып, өртті оқшаулауға мәжбүр. Көп адамның өліміне әкеліп, экологияға зиян тигізіп, қарайған шығынға батып жататын жағдайымыз да осы техникамыздың шарасыздығына байланысты. Елімізде бір кездері өрт техникасы өндірісін жолға қою керек деген бастама көтерілді де, біздің мамандар Ресейден барып, «Пира» деген үш машинаны сатып алды. Сол кездің өзінде олардың біреуінің құны 180 миллион теңге тұратын. Ол үш машинаның біреуін Астанаға, біреуін Алматыға, біреуін Қарағандыға жіберді.  Қарағандыға барып, сол машинаны тауып алып, көрдім. Сөйтсем, ол машинаның ішінде суды 165 градусқа дейін қыздыратын қазандық қойылған екен. Өрт мамандарымен сөйлессем, ол да солай, жарты сағат жұмыс істейді дейді. Бірақ бұрынғы өрт машиналарына қарағанда жақсы сөндіреді деп мақтап отыр. Осыдан соң мен «қой бұлай қарайған ақша шығындап, шеттен машина алдыртқанша мен Таразға барып, өрт машинасын ойлап табайын» деп шештім. Сөйттім де, бумен өрт сөндіретін машина ойлап таптым. Бұл машинаның ішінде бу қазандығы орналасқан. Физиканың заңында 1 көлем судан 5 000 көлем бу алуға бола­тыны дәлелденген. Бұл дегеніміз – өте үлкен көлем. Ал енді өрт орнына келген кезде бұл машина тоқтаусыз 24 сағаттан артық жұмыс істейді. Өйткені оның буы бітіп қалмайды. Өртті төрт түрлі тәсіл­мен өшіреді: сумен, бумен, бу араласқан сумен және инертті газбен. Оны тағы да көбейтіп, ұнтағы бар, көпіршігі бар 7-8 түрлі тәсілге дейін жеткізуге болады. Ол енді қажеттілігіне қарай. Буды пайда­ланудың артықшылығы – оның шлан­гасы өте жіңішке 25 миллиметр болады, тасымалға жеңіл, пайдалануға оңай.

Одан соң өрт тікұшағы дегенді ойлап таптым. Оның ерекшелігі – қауғамен су тасымайды. Қауғаның орнында өрт сөндіруші отыратын кабина болады. Ұшқышпен байланысып отырады да, сол жерде гидрантпен, жаңағы айтқа­ным­­дай, сумен, бумен, бу аралас сумен, инертті газбен мергендеп атып, өртті өшіреді. Тікұшақ қалықтап тұрған кезде кабинаны жоғары-төмен түсіріп, мінгізіп тұратын педалі болады. Оның макеті, жобасы бәрі дайын. Жалпы, менің жаңалықтарымның қай-қайсыс­ының да құжаттары дайын, тіпті па­тент­­тері де бар. Жыл сайын сол патент­терінің ақшасын төлеп отырмыз. Бірақ әлі бір­де-біреуі іске аспай келеді. Бұл жұмыс­тардың бәрін мен немереммен бірге жасап келген едім. Осы жұмыстарда оның да өлшеусіз үлесі бар. Енді біздің мемлекеттің өнертабысқа деген қарым-қатынасын көріп көңілі қалып, немерем қолын бір сілтеп қойды.

– Сонда өнертапқыштарға жол ашу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, өнертапқыш­тықпен айналысып келе жатқаныма 25 жылдай уақыт болды. Содан бері бірде-бір жаңалығым іске аспай, шаң басып жатыр. Бірақ сонда да болса, тоқтауды ойлап отырғаным жоқ. Ғұмырым жет­кен­ше осы идеяларымды ұсына беретін боламын. Олардан елімізге өте көп пайда келер еді. Менің ойымша, өнер­тапқыштарға басқаша қарайтын кез келді. Бірінші кезекте республикалық штаб құру қажет. Сол жерге ғалымдарды жинап, ұсынылған идеяларды тез талқылап, жедел іске асыру жағын жолға қоюымыз керек. Ол штаб тікелей Пре­зидент Әкімшілігіне бағынар болса, жұмысы жүреді. Қаржы бөлу жағы да жылдамдар еді. Бұл шығынды көп қажет ететін сала болады деп санамаймын. Табысы да зор болмақ. Менің жаңалық­тарымның өзі жер бетінің көптеген еліне тарап, елімізге қыруар қаржы әкелер еді. Өйткені оларды өрттен басқа да сала­ларда пайдалануға болады. Мәселен, коронавирус, құс тұмауы сияқты эпи­демия кезінде зарарсыздандыру жұмыс­тарын да атқаруға жарайды. Мен осы идеядан айырылып қалмау үшін, басқа­лар алып кетпеу үшін патенттерімді тап­сырмай отырмын. Ал егер сіздер ар­қы­лы тиісті органдар мен ведомство­лардың құлағына жетіп, қолдау тауып жатса, құба-құп.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Нұрлан ҚОСАЙ