Елімізде тұңғыш рет MOBFEST республикалық мобилография фестивалі өтіп, байқаудың 20 жеңімпазы Нью-Йорк фильм академиясында (NYFA) тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Осы бәйгеге мыңнан оза шауып, «Боксер» атты мотивациялық туындысымен үздік атанған жас режиссер әрі мобилограф Иманғали Мақсотұлымен тілдескен едік.
Иманғали Мақсотұлы: Мобилография кино өндірісінің аясын кеңейтті
1,006
оқылды

– Иманғали, жеңісіңіз құтты болсын! Негізгі мамандығыңыз қандай? Мобилографияға қалай келдіңіз?
– Видео түсіруге бала күнімнен қызығамын. Өзім Атырау облысының тумасымын. 15 жасымнан бастап жеңгемнің қарапайым ұялы телефонымен YouTube арна ашып, әуесқой влог түсіріп жүрдім. Ол уақытта «моби­лография» сөзі қолданыста жоқ, «кез келген сапалы бейнені қымбат камераның көмегімен ғана түсіре аласың» деген түсінік қалыптасқан заман. Жақсы камерам болса, деректі, көркем фильмдер түсірсем деген арманым болды, сөйтіп 2020 жылы Алматыдағы «Тұран» уни­верситетінің «Режиссура» мамандығына оқуға түстім, биыл 3-курсты бітірдім.
2017 жылдары елімізде мобилография саласы дами қоймаған уақытта ұялы теле­фонмен сурет, видео түсіруге қатты әуестеніп жүрдім. Кейбір туындыларым сәтті шығып, әлеуметтік желідегі көрермен қолдап жатты. Әртүрлі идеяларымды шамам келгенше туын­дыға айналдырып, ізденіс үстінде жүрген кезде 2020 жылы Қыран Талапбек мобилографияны елімізде кеңінен насихаттап, арнайы курстар оқытып бастады. Бұл жаңалық қызығушы­лығымды оята түсті. Қыранның бір курсын оқып, білімімді жетілдіріп, тәжірибе жинақ­тадым. Одан бөлек, интернеттен, әлеуметтік желілерден мобилография туралы ақпарат жинап, танымал шетелдік мамандардың жұ­мысын қарап, кәсібилігімді ұштауға тырыстым.

– MOBFEST жобасы биыл алғаш рет ұйым­дастырылды. Бұл конкурс туралы қайдан білдіңіз?
– Мобилографтардың фестивалі жайында түркістандық Сабыржан есімді досым айтып берді. Өзі қазақтың құмай тазысы туралы видео түсіріп, сол жұмысымен осы жобаға қа­тысуды ойлап жүрген екен, маған да ұсынды. Конкурстың бірінші кезеңі 2022 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, биыл сәуіріне дейін онлайн режимде жалғасты, «Мәдениет пен салт-дәстүр», «Туризм», «Адамдар» тақы­рыптары бойынша жұмыстар қабылданады делінді. Хронаметраж 3 минуттан аспауы тиіс. Бұл кезеңде «Адамдар» тақырыбын таңдап, Tik-Tok желісінде тренд болған талантты жас суретші Рауаж Алдаров туралы деректі туынды ұсындым. Бірінші турға 1,5 мыңнан астам автор жұмысын тапсырған екен, 100 үздік фильм финалда бақ сынады.

– Байқаудың жүлдесі Нью-Йорк фильм академиясына жолдама болды. Екінші әрі негізгі кезеңге өткенде қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл жаңалық шабытымды оятты десем болады. Келесі турдың тақырыптары – «Коммерция», «Мотивация» және «Қоғамдық мәселелер» болды. Бұл жолы хронаметраж 2 минуттан аспауы тиіс еді. Тақырып таңдауда көп ойландым. Көбіне көп нақты бір кейіп­кердің өмірін баяндап, сол арқылы көрерменге мазмұнды ой тастағанды ұнатамын. Бұл жолы да «Мотивация» тақырыбын таңдап, боксшы туралы түсіріп, ақтық кезеңге жолдадым. Бұл фильм арқылы ауылдағы қарадомалақ бала­лар­дың үмітін оятып, жігерін қамшылағым келді. Бұл фильм нақты бір танымал боксшы туралы емес. Елімізде шалғайдағы кішкентай ауылдан шығып, Олимпиада шыңын бағын­дырған споршылар көп. Олардың жетістікке жету жолы әртүрлі болғанымен, шыққан ордасы мен бағындырған белесі бір. Жас кө­рер­менге қайда туғаның емес, қайда ұм­тылатының маңызды деген ой тастағым келді. Фильм осы жайында. Десе де, сценарий жазу барысында Бекзат Саттархановтың жүріп өт­кен жолын негізге алдық. Бүгінге дейін көпте­ген жобамен айналыстым. Соның ішінде жү­­ре­­гіме жақыны – осы «Боксшы». Жүлде ал­­ғаны үшін емес, түсірілім барысы жылы ес­теліктерге толы болды. Мобилограф ретіндегі тәжірибемнен бөлек, режиссерлік қабілетімді де сынап көрдім. Ұжыммен жұмыс істеудің қыр-сырын түсіндім. MOBFEST ұйымдас­тыру­шылары екінші кезеңге дайын фильмді тапсыру үшін 13 күн уақыт берді. Оның үш күнінде сценарий жаздым, Шамалған мен Алматыда екі күн түсірдік. Кадр көп, мон­таж жұмысы біраз қиын болды, оған 2 күніміз кетті. Бір апта бойы асқан шабытпен жасаған дүниеміз жүлделі болды. Енді АҚШ-қа та­ғылымдамадан өтуге барамын.

– Бұл сапардан не күтесіз?
– АҚШ-қа сапар шегудің өзі ғажап эмо­ция, керемет шығармашылық күй сыйлайды. Жаңа ел-жер көріп, әлем танып, басқа ұлт­тың мәдениетіне бір қадам болсын жақындау шығармашыл адам үшін үлкен мүмкіндік. Ал біз Нью-Йорк фильм ака­демиясына барып, тағылымдамадан өтеміз. Бұл кез келген жас маманның білімін шыңдап, таным көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз. Кино саласындағы әлемдегі үздік академияның профессорларынан тәлім алып, ондағы мобилографтармен тәжірибе алмаса аламыз. Әрі АҚШ-тағы мобилография саласының жетістіктері мен тың әдіс-тәсілдерімен таны­суға үлкен мүмкіндік туып тұр. Бұл сапарды шығармашылығымды шың­дау­дың елеулі кезеңі деп білемін, АҚШ-тан шабытқа толы көңіл күймен ораламын деген ойдамын.

– Бүгінде мобилография – сұранысқа ие әрі табысты кәсіп. Бұл салаға тек өнер деп қарамай­тын шығарсыз?
– Әрине, коммерциялық жобалар жасай­мыз. Негізгі табысым мобилографиядан түсе­ді. Мобилография кино өндірісінің аясын кеңейтті. Бұрын бір фильм түсіру үшін қымбат әрі қолжетімсіз камера, басқа құрал-жабдық­тар, оператор, монтажер және басқа да маман­дардан құралған команда керек болды, бол­маса, беделді, үлкен продакшнмен серік­тес­тік­те жұмыс істеуің қажет еді. Қазір техно­логия дамып, бір телефонның көмегімен фильм түсіріп, монтаждап, жариялай аласың. Бұл кәсіптің болашағы зор, қазірдің өзінде қарқынды дамып жатыр, жақсы пайда табуға болады. Әйтсе де, болашақ режиссер болған соң көбіне көп деректі һәм көркем туындылар түсіруге, мазмұнды сценарийлер жазуға тыры­самын. Кино көргенде, музыка тыңдағанда, табиғат аясында тынығатын уақытта шабыт оянып, түрлі идея келеді. Оны сол сәтте қағаз бе­ті­не түсіріп, кейін жүзеге асыруға асығамын. Шығармашылық жұмыстарымды Instagram же­лісіндегі жұмыс парақшама жариялап отыра­мын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Асыл ТҰМАР