Қазақстанда оңтайландыру кезінде қысқарып кеткен елді мекендер, аудан мен облыстар қайта ашыла бастады.
Шеткері аудандар – шекара қорғаны
862
оқылды

 Еліміздің шығысындағы шекара бойында орналасқан Қатонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қалпына келтірілетіні жария етілді. Осы аудандардың қазіргі күйі мен өзекті мәселелері жалпылай белгілі болғанымен аудан дәрежесіне лайықты экономикалық әлеуеті қандай екені көпшілікке бейтаныс. Біз осы тақырып төңірегінде шығыстағы қоғам мәселесіне жанашырлықпен қарайтын белсенді азаматтармен тілдесіп, ой-пікірлеріне құлақ түрген едік.


Шығыста үш аудан қайта ашылады

16 маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақ­тарды дамытуға мән берді. Мемлекет бас­шысы шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және елі­міздің амандығына тікелей ықпал ететініне тоқталып, шын мәнінде, бұл – стратегия­лық маңызы бар мәселе екенін атап өтті. Ол өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт аза­йып кеткенін атап өтіп, бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз екенін жеткізді.Президент облыстардың ішкі аумақ­тық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар екенін жасырмады.

«AMANAT» партиясы бірқатар шек­ара­лас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысық­тады. Мен соған сәйкес Қатонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүм­кін­дігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыс­тың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет», – деді Президент.

Аталмыш үш аудан соңғы 100 жылға жуық уақытта қолдан-қолға өтіп, әкім­ші­лік аумағы жабылып-ашылу үдерісін бір­неше мәрте бастан өткізген тағдыры ұқсас өңірлер екен.

Мақаншы ауданы 1928 жылы Семей округінің құрамында құрылды. Екі жылдан соң таратылған. 1935 жылы қаңтарда Алматы облысына берілген. 1939 жылы қазанда Семей облысы құрамына қайта кіреді. 1997 жылы мамырда Семей облысы таратылып, артынша Мақаншы ауданы Үржар ауданына қосылады. Сол кездері өңірде 1990 жылы 50 мыңға таяу халық болған. Қазір екі есеге жуық азайып кеткен. Шекара бойындағы ауылдар аудан орталығынан 100-170 шақырымға дейін алыс­таған. Өңірдегі азаматтардың ай­туынша, Мақаншы ауылында тұратын халықтың қарасы Марқакөл мен Қатон­қарағайға қарағанда көбірек.

Ал Марқакөл ауданы да 1928 жылы құрылып, екі жылдан соң жабылады. 1939 жылы ШҚО құрамында қайта ашылады. 1963 жылы Күршімге қосылады. 1997 жылы оңтайландыру кезінде аудан үшінші рет таратылады.
Қатонқарағай ауданы да 1928 жылы құрылады. 1963 жылы Үлкен Нарынға қосылады. 1970  жылы қайта бөлініп шығады. 1997 жылы наурызда аудан орталығы Үлкен Нарынға көшіріледі. Аудан жабылмағанымен, орталық шеткі ауылдардан алыстап кетеді. Ол Ресеймен және Қытаймен шекаралас жатыр.

Айта кетерлігі, еліміздің шығысында таратылған және басқа аудандарға қосыл­ған Тарбағатай, Марқакөл, Мақаншы аудандары Қытаймен арадағы шекара сызығын бойлай қоныстанғаны белгілі.


Ел шекарасын бүкіл халық қорғайды

Осы шекара маңындағы аудандарда халық санының азайып кетуі көпшілікті алаңдатады. Өзекті мәселені көзі ашық, өңірге танымал азаматтардың дені көтеріп келе жатқалы 20 жылдан асып кеткен болатын. Елдегі экономиканың қиын тұсында, қаржы тапшылығын оңтайлан­дыру арқылы шешу кезінде қысқарып кеткен шекара маңы аудандарының мәселесіне мемлекет қайта назар аудара бастады. Бұл мемлекеттің стратегиялық өңірлердегі қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі. Қытай мен Ресей шекерасындағы елді мекендердегі демографиялық ахуал көңіл көншітерлік емес. Оған жұмыс іздеп, күнкөріс қамымен және баласының білім алуына жағдай жасау үшін орталықтарға қоныс аударған тұрғындарды қосыңыз.

Қатонқарағай ауданының құрметті азаматы, жазушы, ардагер журналист Әлібек Қаңтарбаев туған ауданының кеңес дәуірінде де,  тәуелсіздік алғаннан кейін де бірнеше рет жабылып, бағы ашыл­мағанын атап өтті.

«Бір ауданға қосылған ауданның әлеуметтік жағдайы қарық болмайтыны бесенеден белгілі. 1997 жылы Үлкен Нарынға қайта қоса салды. Оның шекарада тұрғанын ешкім ойланбады. Аудан орталығын осы Катонқарағайда қалдырса, екі жаққа да 100 шақырымнан ыңғайлы болар еді. Желдің өтінде жаудың бетінде жатқан Катонқарағайды неге басқа ауданға қосты? «Иен жерге жау үйір» дейді. Осыны айтып Үкіметке, Президентке де қаншама хат жазылды», – дейді Әлібек Қаңтарбаев.

Жазушының айтуынша, аудан хал­қының басты мәселесі – аудан жабылған соң халықтың басқа жақтарға үдере көшуі және жұмыссыздық. Халық саны 90-шы жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге азайып кеткен. Мектептердің бәрі бала саны аз болғандықтан жабылудың алдында тұр. Алайда ол кісі  Қатонқарағай бір айдан кейін аудан орталығына айнала салуына дайын екеніне сенімді.

«Бұрынғы аудан әкімшілігінің үш қабатты үйін қайта жөндеу керек. Орта­лықтағы терезесі кірпішпен жабылып тұрған екі қабатты көптеген үй бар. Солар­ды жөндеп, жарақтандырып жіберсе, келген кадрларға үй болады. Елді мекенге кіреберісте, көпірдің маңайында 4 қабатты ғимарат 30 жылдай бос тұр. Соны жөндеп қойса, өңірге келетін туристерге үлкен қонақүйге жарап тұр», – дейді Әлібек Қаңтарбаев.

Қоғам қайраткері мемлекет өз қауіп­сіздігі үшін шекараның бойына халықты топтайтынын айтып өтті. Алайда бізде жағдай керісінше. Ол шекара маңындағы елді мекендердегі халық санын арттырып, орталықтарды шекараға біршама жақын ауылдардан ашуды ұсынды.

Сарапшылардың пікірінше, шекара­лық аудандардың көркеюіне кедергі бо­лып тұрған мәселенің бірі – жол, инфра­құрылымның дамымауы. Көпшілік ауыл жетуі қиын тұйық әрі сапасыз жолдың бо­йында жатыр, үлкен логистика орта­лықтарынан қашық орналасқан. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтіреді. Өнімдерді жеткізуді қиындатып, оның өзіндік құнын арт­тырып, бәсекеге сай саудалануына мүмкіндік бермейді. Сондықтан мұнда та­бысты кәсіп көзін қолға алудың өзі қиынға соғады.


Қайта құрылған өңірлер қалай дамиды?

Әлібек Қаңтарбаевтың пікірінше, Қатаонқарағайда жеке шаруашылықтарды дамытуға мүмкіндік аз екен. Өйткені мал ұстауға қолайсыз. Қой жайылатын жер аз, тек сүтін сауып ішуге бір-екі сиырды ғана ұстауға мүмкіндік бар. Тауда қар қалың түсетіндіктен тек тебінмен шығатын жылқы ұстауға ғана қолайлы. Бұқтырма су қоймасын салғаннан соң өңірде жел күшейіп, топырақ эрозияға ұшырап, жер­дің де құ­нары кеткен. Оның үстіне, Кеңес үкіметі тұсында қойдың санын 50 млн-ға жеткізе­міз деген ұранның кесірінен жер­дің құ­нарлы қыртысына зақым келген. Сон­­дықтан мал шаруашылығын дамытуға мүмкіншілік аз.

Әлібек Қаңтарбаев өңірде қалған тұрғындарды тұрақтандырып, олардың мәселелерін шешіп беруді ұсынады. Қазір ұлттық табиғи парк 400-500 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ол аздық етеді. Ең алдымен жұмыс орындарын ашу керек. Ең басты фактор – туризм болуы керек. Сол үшін табысты туризмді барынша дамыту керек.

«Бұл директива түрінде қалып қоймай, іске асатын жоба болуы тиіс. Туризмді дамытуға бөлінген қаржы Қатонқарағай мен Марқакөлге жетпей қалады. Туристер әсем табиғат ортасына еркін жету үшін жол керек, әуежай салынуы тиіс. Сонда ба­рып қазіргі күнкөріс көзі шешіліп, халық тұрақтайды. Табыс көзі табылса, Өскеменде жұмыссыз жүрген аудан халқы қайта келе бастауы мүмкін», – дейді ол.

Кейіпкеріміз ауданның экономикалық мүмкіндіктері зор екенін тілге тиек етіп, соны мемлекет дұрыс пайдалана алмай отыр деген пікірде. Айталық, Берел қазбалары деген әлемдік теңдесі жоқ ру­хани қазынасы бар өңір туристер таңдай қағатын жәдігерлер мен тарихқа тұнып тұр.

Әлібек Қаңтарбаев Ресейдің Таулы алтай өлкесіне барғанын еске сала кетті. Қосағашқа делегация бастап барған ол Шүй тасжолының сапасы жоғары екенін, оның қапталында туристер қаптап жүр­генін есіне түсіріп, «осыны елімізде неге жасамасқа?» деген сұрақ қояды. Ардагер журналист туристің жол азабын жеңіл­дететін инфра­құры­лымды жасап, таудың та­сын жонып отырып жол салуды атап өтті.

Қайта құрылатын екі аудан­ның ау­мағында туризммен айна­лысып жүрген белсенді Дарын Нұрсапар да Марқакөлдегі туризмді тығырықтан алып шығатын жол мәселесі бойынша өз ұсынысын айт­ты. Ол 1914–1916 жылдары аустрия-мажар тұтқындары салған ескі жолды қайтадан жөндеуді ұсынады. «Марқа­көлдің басқа аудандарды он орайтын өз ар­тық­шылықтары бар. Ең алдымен – табиғаты. Қатонқ­арағайдан еш кем емес, екеуі де Алтайдың бір сілемінің арғы-бергі бетінде жатыр. Қиынкеріш, Шекелмес сияқты мезозой кезеңінен қалған палеон­тологиялық ескерткіштер де осы жолда. Бірақ Марқакөл ауылынан көлге дейінгі 60-70 шақырым аралық қиын енді. Көлдің жағасында Ұраңқай деген жұпыны ауылдан басқа түк жоқ. Келген адам судың жағасында жарты сағат тұрып қайтадан жолсызбен артқа қайтуы керек пе?» – дейді ол.

Дарын Нұрсапар туристер табиғат маржаны саналатын Марқакөлге үлкен тауды асып, өз көлігімен жетуі тиіс деп са­найды. Ол үшін бір ғасыр бұрын салын­ған Шыңғыстайдан баратын ұзындығы 90 шақырым түсетін ирек асу жолды кеңейтіп жөндеп, арадағы 5 көпірді жаңарту қажет.

«Егер бұл жол салынса, «Үлкен Алтай шеңбері» деп атауға болатын ауқымды туристік автосаяхат маршруты пайда болар еді. Тек қана джип мінгендер емес, қозғалтқыш көлемі 1.6 литр автомобилі бар кез келген қазақстандық ойланбай жолға шығар еді. Қиынкерішті көріп, Марқакөлге шомылып, балығын аулап, жаңартылған ескі аустрия жолымен Алтай тауын асып өтіп, Қатонқарағайды аралап қайту – қазақстандық саяхатшылардың «қажылығы­на» айналар еді», – дейді Дарын Нұрсапар.

Қоғам қайраткері, журналист-пуб­лицист Уәлихан Тоқпатаев Марқакөл ауданы бұрын ауыл шаруашылығы дамыған аудан болғанын айтады. Аудан орталығы басқа өңірге қосылған соң халықтың көбі көшіп кеткен. Алайда ол аудан қайта қайта құрылса, оның дамып кетуіне мүмкіндігі жеткілікті екеніне сенімді.

«26 жылда халық саны өте азайып кетті. Халықты тұрақтандырудың бір жолы әлеу­меттік қолдау керек. Көшіп келетіндерге көтерме өтемақы төлеп, жұмыс орнын ашу керек. Марқакөл – мал шаруашылығы дамыған өңір. Алайда оның өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу керек. Өңірдің өндірістік даму қуаты бар. Мысалы, «Қар­шыға» мыс кен орны жұмыс істеп жатыр. Осындай табиғатқа залал келтірмейтін өндірістерді жаңғырту керек. Табиғаттың ең көркем жері көп, туризмді ілгерілету қажет. Ол үшін инфрақұрылымды, сер­висті дамыту керек, алайда ол тез арада біте қоймайтыны анық. Күршімнен ары қарай жол шұрқ тесік. Сондай-ақ Бұқ­тырма су қоймасындағы көпірді уақытында аяқтаса, туристер саны көбейер еді. Ол да халықтың орнығуына ықпал етеді», – деді Уәлихан Тоқпатаев.

Ардагер журналист Қытаймен шек- а­ралас өңірде кеден бекеттерін ашуды ұсынды. Қазір Майқапшағайда кеден бекеті жұмыс істеп тұр.

«Осындай кеден бекеттерін ашса, Қы­таймен тауар алмасуға мүмкіндік ашылып, табыс көзі артар еді. Оны шекарадағы Ақжайлау, Асу жағынан, Жиделі жағынан ашуға болады. Алайда бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе», – деді ол.

Уәлихан Тоқпатаев өңірге бұрын көшіп кеткен тұрғындардың ұрпағын, жастарды тартуды ұсынады. Сонымен қатар ол қандастарды, халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірдің тұрғындарын солтүстік өңірлерге ғана емес шығыстағы шекара маңындағы елді мекендерге көшіріп, орналастыру керектігін баса айтты.

Тоқетеріне тоқталсақ, үш ауданның даму әлеуетіне сенім әрі серпін берер қайнаркөз бар екені белгілі болды. Тек инфрақұрылым, жергілікті кәсіп пен өнеркәсіпке білікті мемлекеттік қолдау қажет. Сондай-ақ экономиканы иіріп әкетер адами капиталды тартуға және демографияны көтеруге сауатты бағдар­лама қолға алынуы тиіс.

Жәнібек Амангелді