Оның аясында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған шара қарастырылған. Әйткенмен, олардың басым көпшілігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты көбейтуді көздейді. Себебі бұған дейін зейнетақы жарналарын аударудан босатылып келген санаттар да бұдан былай соны төлеуге міндеттелді.
БЖЗҚ салымшыларының жеке есепшоттарында 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 15,68 триллион теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл сома жыл сайын 2 триллионға артып отырады. Қордың толығу қарқыны өсе түседі.
Өйткені Әлеуметтік кодекс қорға жарна төлейтін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, БЖЗҚ хабарлауынша, алдағы сенбіден бастап, бірнеше санаттағы азаматтар жарна аудара бастауға міндеттеледі. Олардың арасында, біріншіден, агент емес жеке тұлғаларға жалданып, олармен жұмыстарды орындау, қызмет көрсету жөнінде азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт бекітіп, табыс табатын жеке тұлғалар бар.
Екіншіден, бұл қатарға Қазақстан аумағында тұрақты тұратын және Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, елде аккредиттелген шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар кірді. Әйтпесе, биылғы шілдеге дейін бұл адамдар БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылған-тын.
Үшіншіден, Әлеуметтік кодекс келесі 2024 жылдан бастап, бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) жояды. Яғни, БЖТ-мен жұмыс істеп келген өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қорға өзі үшін жарна аударуға мәжбүр болмақ. Бұған дейін ол жарна шағын ғана мөлшерде БЖТ құрамына қосылып келген еді.
Төртіншіден, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық жұмыс беруші өз есебінен бүкіл жұмыскері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеуі тиіс болады. Жарна мөлшері қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты және жыл сайын өсіп отырады.
Қаптаған шектеу халықты қажытпай ма?
Қазақстандықтар осынша қаражаттың қызығы мен игілігін көп көре алмайтын түрі бар. Себебі жаңа Парламент қабылдаған Әлеуметтік кодекс ол қаржыны пайдалануға көптеген шектеу енгізді. Ол шектеулердің мәнісін БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында «БЖЗҚ» АҚ-ның Заң департаментінің директоры Назым Бақтыбаев түсіндіріп берді. Назым Абдухалимұлының айтуынша, Әлеуметтік кодекстің аясында зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге, жерлеуге төленетін төлемді ұлғайтуға, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын жаппай енгізуге және БЖЗҚ комиссиялық сыйақысын төмендетуге бағытталған.
Шектеулері қандай? Бірінші шектеу – қазақстандықтар жұмыс берушісі аударған зейнетақы жарнасын не баспана сатып алуға, не емделуге жұмсай алмайды. Президент бастамасымен қордағы жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинағын азаматтарға өзінің, жұбайының немесе жақын туыстарының пайдасына емделу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жұмсауға мүмкіндік берілген еді. Осының арқасында
1 миллионға жуық адам артылған жинағын біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түрінде алып, пайдасына жаратқан.
Алайда былтырғы сәуірден бастап олардың қатары кеміді. Себебі елде жеткіліктілік шегі екі еседен астамға өсті де, көптеген адамның артылып тұрған жинағы тосыннан жаңа шекке де жетпей қалды. Сондықтан халық 2024 жылдан бастап, БЖЗҚ-дағы жинақтары жұмыс берушісінің жарнасы есебінен қарқынды өседі және соның арқасында зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсау мүмкіндігі қайтадан пайда болады деп қатты үміттенді. Үкімет пен Парламент елдің ол үмітін үзіп отыр.
«Қолданыстағы ереже бойынша азаматтарға жұмыс берушілер өз есебінен төлейтін міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) да баспана алуға немесе емделуге бағыттауға рұқсат етілді. Ал 2023 жылғы 1 шілдеден кейін біржолғы зейнетақы төлемдері ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан жүзеге асырылмайтын болады. Азаматтар бұдан ары баспанаға не емделуге тек өзінің міндетті зейнетақы жинақтарын ғана пайдалана алады», – деді қордың Заң департаментінің басшысы.
Екінші шектеу – жерлеуге арналған біржолғы төлемге қатысты. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы аударымын алушы адам, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар және зейнеткерлік жасқа толмаған адам дүние салса, онда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға» 52,4 АЕК немесе 2023 жылы 180 780 теңге мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем берілетін.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, билік биыл 1 шілдеден бастап, БЖЗҚ-дағы жинағының қызығын көрмей, бақиға аттанған салымшысының жерлеуін ұйымдастыратын өзге адамдарды осы төлемнен қағып отыр. Ол төлем тек оның отбасы мүшелеріне ғана беріледі. Тіпті, туыстарына да тимейді.
БЖЗҚ жерлеу төлемінің сомасы
1 шілдеден бастап, қазіргі 52,4 АЕК-тен 94 АЕК-ке немесе 2023 жылы 324 300 теңгеге дейін өсетінін мәлімдеді. Тек жаңа кодекске сәйкес, БЖЗҚ-да немесе Қазақстанда жаңадан құрылатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында (ЕЖЗҚ) зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болса, онда жерлеуге арналған төлем оның тек отбасы мүшелеріне аударылады. Сонымен қатар төлем көлемі 94 АЕК-тен әлдеқайда аз болуы мүмкін: төлем сомасы жан тапсырған адамның жеке зейнетақы шотында қалған қаражаттан артық бола алмайды. Онда он мың теңге жатса, сонша беріледі. Өз клиенті үшін БЖЗҚ қайырымдылық жасап, оның жерлеу шығынын көтермейді.
Үшінші шектеу – ерікті зейнетақы жинақтары (ЕЗЖ) есебінен төленетін төлемге қатысты.
«2023 жылғы 1 шілдеден бастап, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдеріне құқығы бар тұлғалар тізбесі өзгереді. Ол тізімнен БЖЗҚ-да немесе ЕЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жинақтарының сомасы және оларға есептелген инвестициялық кіріс шегінде зейнетақы жинақтары кемінде 5 жыл болған адамдар алынып тасталады. Сонымен қатар Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін мәртебесіне ие шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да бұл тізімнен шығарылады», – деді қор өкілдері.
Төртінші шектеу мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу үшін зейнетақылық аннуитет бекітетін азаматтарды қамтиды.
«Биылғы шілдеден кейін сақтандыру ұйымымен арада Сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқылы адамдар санатынан БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектік берілген адамдар шығарылып тасталады» деп хабарлады БЖЗҚ.
Болашақтағы зейнетақы 300 доллар ғана ма?
Дегенмен осы өзгерістер мен шектеулердің бір бастамашысы саналатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі одан тек игілікті көріп отыр. Ведомствоның түсіндіруінше, Әлеуметтік кодексте зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар шара қарастырылған.
«Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасып, жұмыс істейді. Оған базалық және ынтымақты зейнетақы, сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы төлемі кіреді. Соңғысы азаматтардың зейнетақы жинақтары есебінен қалыптасады. Ал ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқартылуда. Өйткені оны тағайындауда азаматтардың тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Ал 1998 жылға дейін салмақты еңбек өтілі бар қазақстандықтар саны азайып барады. Сондықтан биыл Әлеуметтік кодексте көзделген зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру шараларының жаңа пакеті іске асырылып жатыр», – деді министрлік мамандары.
Министрлік мәліметінше, біріншіден, 2023-2027 жылдар кезеңінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54 пайыздан 70 пайызға дейін, яғни ең төменгі күнкөрістің 100 пайызынан 120 пайыз деңгейіне жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін көтеріледі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13 пайызды құрамақ. Бұл Қазақстандағы барлық 2,2 миллион зейнеткерге әсер етеді.
Екіншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылды.
Осы шаралар 2025 жылға қарай, яғни 3 жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға – 109 мыңнан 138 мың теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұл сома қазіргі бағаммен 300 долларды ғана құрайды. Әйткенмен, сол өсімді ұлттық валютаның кейінгі девальвациясы құнсыздандыруы мүмкін.
Сондай-ақ осы шара жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағының артуына әкеледі. Бұл да мемлекеттік бюджет шығыстарын күрт өсіретін сын-қатердің бірі.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2 пайыз оза индекстеледі. Жыл сайынғы өсімді ескере отырып, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120,7 мың теңгені құрауы тиіс. Оның ішінде базалық – 37 862 теңге, ынтымақты – 82 881 теңге.
Сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің жаңашылдықтарының бірі – БЖЗҚ салымшысы төл зейнетақы активтерінің 50 пайызын өзінің дербес таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, төл зейнетақы жоспарын құруға, жинақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүмкіндік бермек.
Мұның сыртында, Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар «еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге» (пенсионеры по выслуге лет) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге өз зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалану құқығы беріледі. Бұл құқықты республикада 75 мыңға жуық адам пайдалана алады. БЖЗҚ-да олардың жалпы сомасы 120 млрд теңге жинағы жатыр.
Қорыта айтқанда, сарапшылар тиімділігін көрсете алмаған Қазақстанның зейнетақы жүйесін үлкен сынақтар күтіп тұрғанына назар аудартып жүр. Ендеше бұл жолғысы реформаның басы да емес, соңы да емес. Болашақта басқа да шектеулер болуы мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ