Отбасы – қоғамның шағын моделі.
Ұлтты ұйыстыратын құндылықтар отбасынан басталады
1,049
оқылды

Мұндағы тәрбие мықты болса, мемлекет те мықты бол­мақ. Әйтсе де, бүгінде жаһан­дану заманында ұрпақ тәр­биесіне ықпал етуші факторлар көп болып тұр. Бұл отбасылық құндылықтарды сақтау күннен-күнге маңызды ете түседі.

Мамандар отбасылық құнды­лық­тарды үш топқа бөліп қарас­тыруға болатынын айтады. Олар – дәстүрлі, заманауи және тәрбиелік құндылықтар. Десе де, бұларды бір-бірінен бөле-жаруға болмайды. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз атадан келе жатқан салт-дәстүрлер, қария адамдардың ақы­лымен, жол көрсетуімен жүзеге асып жататын игі шаралар. Ал заманауи құндылықтарға уақыт ағынына сай өзгеріп немесе жаңадан пайда болып отыратын түрлі жаңаша өмір салты жатады. Мәселен, жоғары білім алу, онда да халықаралық дәрежеде білім алу, бүгінде отбасы құндылығы бо­лып берік орнықты. Сол сияқты өр­кениеттің барлық игілігіне кенелу де заманауи құндылыққа жатады. Технологиялық озық жетістіктер адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған уақытта материалдық әл-ауқат рухани құндылықтармен қатар бағаланады. Осы ретте тәрбиелік құндылық осылардың бәрінің өзегі боп қала бермек. Өйткені қоғам өзгеріп, либералды ұстанымдар мен діни көзқарас күшейе түскен сайын олардың отбасы құндылығын әл­сіретуге ықпалы да артып келеді. Тағы бір алаңдатарлық жайт – жас отбасылардың ажырасу статисти­ка­сының өсіп келе жатқаны. Мәселен, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Яғни ажырасу үлесі 34,4 пайызды құрап отыр. Осы тұста, отбасы инс­титутын нығайта түсу қажеттігі айт­паса да түсінікті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырдың өзінде 44,5 мың отбасының шаңы­рағы шайқалған. Десе де, бұл ал­дыңғы 2021 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға аз. Сондай-ақ ауылдық жерлерден гөрі қалаларда ажырасу деректері үш есе артық болып келеді. Мәселен, былтыр 33,2 мың ажырасу қалада, 11,3 мың ажырасу ауылда тіркеліпті.

«Осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын некелесу және бала сүю ерлер мен әйелдерді қоғамның толық­қан­ды мүшесі ретінде танудың маңызды шарттарының бірі болатын. Ата-ана, әсіресе дәстүрлі құндылықтарға жа­қын отбасыларда, тұрмысқа шық­паған немесе ажырасқан қызын туыстары мен таныстарының ал­дын­да ұятқа қалдыратын себеп ретінде қабылдайтын. Некені бұзу үшін өте дәлелді себептер қажет еді. Көбіне әйелдерде ата-анасы мен қоғамның алдында «ұят» деген ұғым басым болды. Сондай-ақ ер адамға айтарлықтай экономикалық тәуел­ділік болды. Соның себебінен ажы­расу аз, тіпті сирек болатын. Енді құндылықтардың өзгеруі елімізде ажырасудың көбеюіне бір себеп болып отыр. Бұл жерде себептерді кешенді тұрғыда қарастыру қажет, соның ішінде әйелдердің эконо­микалық эмансипациясы да бар. От­басының бұзылуында жас от­ба­сы­лардың экономикалық мәселесі үлкен рөл атқарады. Нәтижесінде, өз баспанасының болмауы және күйеуінің немесе әйелінің ата-ана­сымен бірге тұруы өз кезегінде туыс­тардың араласуымен байланысты мәселелердің тұтас тізбегін туды­рады. «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында осы «туыс­тарының отбасы өміріне араласуы» тармағы 61 пайызы екені айтылады. Одан кейінгі орында ең көп дауыс жинаған тармақ – «мінез-құлықта моральдық шектеулердің болмауы, жүгенсіздік» 41 пайызды, «отбасы институтының дағдарысы» 35,9 па­йызды жинады. Бұл тұста біздің елі­міздегі бір парадоксқа назар ау­дартқым келеді. Отбасы – қа­зақстандықтар үшін жұмыстан да, достардан да, тіпті дін мен бос уа­қыттан да ең жоғары құндылық. Бірақ елдегі ажырасулардың үлесі жоғары. Қазақстандықтар арасында отбасы мен оның құндылықтарының жоғары бағалануы күшті консер­вативті және патерналистік көңіл күйді көрсетсе, ажырасулардың кө­беюі олардың біртіндеп әлсірегенін аңғартады», – дейді әлеуметтанушы Жұлдызай Ысқақова.

Отбасылық құндылықтардың өзгеруі – мемлекеттің ұдайы наза­рында болатын объективті және көп қырлы процесс. Ол көп жағдайда елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және құқықтық даму деңгейіне байланысты. Еркіндік деңгейі жоғары болған сайын қоғамдағы толеранттылық деңгейі де жоғары болады. Өз кезегінде толеранттық отбасылық құндылықтардың қа­зақстандық үлгісіне өзгерістер әке­луге септік етіп отыр. Бұл тұста жа­һандану үрдісінің де әсерін ұмытпау керек. Технологиялық дамумен бірге адымдап жүріп келе жатқан бұл үрдіс қазақстандықтардың қалыптасқан отбасылық өміріне теріс әсер етуде. Осы ретте діни көзқарастың күшеюі және оның озық технологияларды оңтайлы пайдалануы қазақ қоға­мына шариғатқа негізделген шығыс өмір салтын тықпалап келеді. Мұнда көп әйел алушылық, әйел баласына екінші «сортты» деген көзқараспен қарау, «бауырластар» арасында «талақ» айтылған бір әйелдің бір­неше рет некеде болуы, жыныстық жауапкершіліктің төмендігі – дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы өмір салты екенін атай кеткен жөн.

Осы реттен алғанда, отбасылық құндылықты дәріптеу мәселесі өткір тұр. Сондықтан да алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құн­дылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Өйткені халықты мемлекеттің отбасыларға де­ген материалдық-ресурстық қол­дау деңгейі ғана емес, құндылық жағы да толғандырып отыр. Ендеше отбасы – шағын мемлекет десек, шын мемлекеттің мықты бола түсуі ондағы дәстүрлі құндылықтармен тығыз байланысты.

Нұрлан ҚОСАЙ