Әйелдердің мемлекеттік қызметтегі рөлі төңірегінде ортақ ой-пікір ортаға салынған жиынға жиналғандар елдегі гендерлік саясаттағы ахуалын әңгіме өзегіне айналдырды.
Қолдау болса, қолынан көп шаруа келеді
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, мемлекеттің маңызды міндетін атқаруда әйелдердің үлесі ұшан-теңіз. Олар уақытпен санаспай, жұмыстың жауапкершілігін сезіне алады.
«Біздің қызметтегі әрбір жетістігіміз бен жеңісіміздің артында отбасымыздың қолдауы жатқанын ұмытпағаны жөн. Қызметтік өсу әйелдер үшін зайырлы мемлекеттегі тұлғалық кәсіби интеллектуалдық болмысын ашып, ел игілігіне жаратуы мүмкін болса, отбасы оның адами табиғи болмысын бағамдап, ел үшін лайықты ұрпақ өсірудің тамаша тартуы болуы керек. Сол үшін қызметте жүрген әйелдерге тиісті жағдай жасап, қызметте де, үйде де бірдей құқығы қамтамасыз етілу маңызды. Екіжақты қолдау болса, әйел алмайтын қамал жоқ», – дейді ол. Бұл – мемлекеттің маңызды міндеті.
Егемендіктің алғашқы жылдарында басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 10 пайыз болса, қазір орталық және жергілікті деңгейде басшы болып отырған әйелдердің саны 40 пайызды құрап отыр. Оның ішінде 3 министр, 28 Парламент және 138 мәслихат депутаты, 5 облыс және 74 аудан әкімдерінің орынбасы, 5 аудан әкімі, 4 елші және 1 генерал бар.
Бұл – біздің елдегі әйел адамдар үшін қызметтік баспалдақта өсуге берілген зор мүмкіндік бар екенінің көрсеткіші. Отанға адал қызмет етіп жүрген әйелдердің отбасы қасында жеке өмірдегі құқығын реттеп, жағдай жасау қажетті қадам. Осы орайда бірнеше заңға түзету енгізіліп, тиісті бағдарламалар да қолданысқа енгізілгенін айтқан Аида Ғалымқызы: «Кез келген саяси реформаның рухани өзгеріссіз мәні мен маңызы болмайды. Жақында Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда қазақстандықтарды тәрбиелеуде қажет құндылықтарымызды нығайтудың маңызына тоқталды. Ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бірқатар идеяны айтты. Осы жолда бірлік пен ортақ тірлікке ешқандай балама жоғын, бұл – ертеңіміздің бірден-бір кепілі екенін тағы еске салды. Ал ұлттық қасиет ұрпақтың бойына әкенің сөзімен, ананың сүтімен қалыптасатынын тілге тиек еткен болатын. Үйімізде бейбітшілік болса, өмірімізде бақыт орнайды», – деді.
Қазақ әрқашан әйелді қадір тұтып, бағалаған. Қазір де мемлекетіміз бұл қағидаларды қолдайды және нақты жүзеге асырады. Заманның ағымына байланысты заңдық тетіктерімізді елдегі әйел мен ерлердің тең қызмет етуіне көңіл бөліп, тең мүмкіндікке қол жеткізуге күш жұмсалып отыр. Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева осылай дейді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңдарымызда әйелдердің қызметтік кедергілерге жол берілмеуіне, әсіресе жыныстық кемсітушіліктің болмауына басты назар аударылады. Конституцияның өзінде жыныстық кемсітушілікке жол жоқ, әрбір адамның тең мүмкіндігі нақты көрсетілген.
Қайнауы кемшін кодекс
Басты заңнан бастау алатын елдегі Еңбек кодексіндегі көзделген ережелерді іс жүзінде қолданудың өз қиындығы бар. Сондықтан бұл тақырып біздің қоғам үшін өте өзекті болып отыр. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Бибігүл Нұрашеваның сөзінше, бүгінде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55 пайызды құрайды. Олардың барлығы қоғамдағы ана, әйел ретіндегі ғана емес, еңбекке деген қабілеттерін жүзеге асырып, мемлекет алдындағы міндетін де қатар атқарып жүр. «Еңбек заңнамасына жыл сайын өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Себебі әйелдің мемлекеттік міндетін ғана емес, отбасындағы басты функциясын жүзеге асыру үшін заңдық құқығы реттеліп, олардың дұрыс орындалуын бақылап, осы нормалардың жүзеге асуын, әйелдердің құқықтық білімін арттырып отыру да маңызды», – дейді ол.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігіндегі әйелдердің игілігі үшін қолдау тауып жатқан заңдағы өзгерістер көп екенін айтқан кеңес төрағасы: «Соңғы уақытта «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға көптеген жақсы түзету енгізіліп жатыр. Биылдан бастап агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін толықтай сандық жүйеге ауыстырды. Сәйкесінше, заңдарға түзетулер енгізілді. Ендігі жерде әйелдер еңбек қатынасына түскен кезде кемсітушілікке жол берілмейді. Өйткені бұрынғыдай басшылардың айтқан сөзі мен бұйрығы ғана емес, кәсіби білім арқылы қажетті балдарды жинап өзін басшылық қызметке ұсынуға мүмкіндік бар. Екіншіден, икемді жұмыс заңға енгізілді. Бұл бойынша агенттік арнайы ереже қабылдады. Әйел адам тиісті өтініш беру арқылы икемді графикке шығуына болады. Яғни, отбасылық жағдайына, не болмаса аналық міндеттеріне байланысты қажеттілік туындаған жағдайда тиісті өтініш беру арқылы икемді графикке көшуге мүмкіндік бар. Үшіншіден, қашықтан жұмыс істеу қарастырылады. Оның толық және аралас екі түрі заңдастырылды. Кодекстің негізінде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға да тиісті өзгеріс енгіздік. Бұл жерде жұмыстағы әйелдер кодексте көрсетілгендей, толықтай қашықта, не болмаса 4 күн онлайнда, бір күн офлайнда істейтін икемді кестені таңдауға құқығы бар», – деп отыр.
Бұл мемлекеттік қызметтегі әйелдерге ғана емес, жалпы елдегі жұмыс істейтін әйелдердің еңбек қатынасындағы құқығын қорғауға бағытталған. Бірақ кодексте көрсетілген бұл мүмкіндікті барлық әйел қолдана алмайды. Себебі заңда жұмыс берушіге әйелдің құқығын қорғауға міндеттелетін норма жоқ. Яғни, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы екіжақты келісім ғана әйелдердің бұл мүмкіндікті алуына рұқсат ете алады. Сол себептен әйелдердің еңбек қатынасындағы кемсітушілік осы жерден басталады. Өкінішке қарай, көптеген жұмыс беруші әйелдерге қарағанда ер адамдарды жұмысқа алуға мүдделі. Әйел адам ертең бала тууына байланысты еңбек демалысына шығады, болмаса баласы ауырып қалса еңбекке жарамсыздық парағын алуына тура келеді. Осылайша, жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа қабылдаудан бас тартып жатады. Осылай деген Бибігүл Шәкірбайқызы: «Сондықтан әлі де болса еңбек заңнамамызға біраз өзгеріс пен толықтыру енгізу қажет деп есептеймін. Шындығы сол, жоғары лауазымдық мансаптық өсуде де көбінесе ер адамдардың жолы болып жатады. Осындай кемшіліктерді талқылап, біз де өз тарапымыздан жыл сайын заңнамаға тиісті түзетулер мен өзгерістерді қабылдатуға мүдделіміз. Меніңше, білімді әрі тәжірибелі әйелдердің кәсіби мүмкіндігін іс жүзінде пайдалану кемшін. Бірақ заң нормаларын қатайтып, әйелдердің мүддесін көтере беруге болмайды. Бұл әйелдердің өзіне кері әсерін тигізеді. Мысалы, біз заңнамада әйелдердің мүддесін қорғаған сайын жұмыс берушілер түрлі қысыммен кемсітушілікті жалғастыра береді», – дейді.
Жұмыс берушінің өз еркі
Әйелдердің аналық қызметі мен мемлекеттік міндетіндегі біліктілігін көрсету үшін жасалып отырған мүмкіндік жоқ емес. Айталық, ротацияны қолдануда көпбалалы немесе жалғызбасты әйелдердің мүддесі бірінші кезекте қорғалады. Бұл да болса балалы әйелдерді қолдауға бағытталған.
Кеңес мүшесінің көтеріп отырған тағы бір мәселесі, Еңбек кодексіндегі балалары әйелдерге берілетін қосымша уақыттан әйелдердің әлі күнге хабары аз.
«Қызметтегі балалы әйелге жұмыс беруші тарапынан қосымша уақыт беріледі. Егер бір баласы болса, кем дегенде 30 минут, екі баладан көп болса, кем дегенде 1,5 сағат қосымша уақыт қарастырылады. Өкінішке қарай, бұл норма да заңнамада қарастырылғанымен, іс жүзінде қолдануға келгенде жұмыс берушілер тарапынан толық пайдалануға мүмкіндік қарастырылмаған. Жұмыс берушінің өз еркі, қайдан құлақ шығарса. Оның үстіне, көптеген дамыған елдегідей, біздегі жұмыс орындарында ана мен бала бөлмесі қарастырылмаған. Бұл елдерде жиналыс үстінде де ана ретіндегі функциясын атқару үшін әйел адам қызметін тоқтатып, отбасылық міндетін атқаруға толық мүмкіндік беріледі. Бізге де қазір осындай ана мен бала бөлмесін қарастырып, әйелдердің қызмет пен отбасындағы міндетін толықтай пайдалануға жағдай жасау маңызды», – дейді Бибігүл Нұрашева.
Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі елдегі әйелдердің көбінде екі немесе одан да көп дипломы бар кәсіби білікті мамандар екенін растап береді. Әйткенмен, еңбек нарығындағы әйелдердің құқығын қорғау маңызды. Себебі жұмыс берушілердің сұранысы негізінен ерлерге түседі. Осыдан кейін әйелдердің дені кәсіби біліктілігін жалғастырудан бас тартып, өмірін отбасы, бала-шаға, басқа да түйткілді мәселелерге арнайды. Бұл өз кезегінде көптеген отбасының әлеуметтік жағдайына ғана емес, психологиялық себеп-салдарға әкеліп жататыны бар. Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылықтың тұтануына алып келуі мүмкін фактор екенін мойындауға тура келеді.
«Әйелдің орны ошақтың басында, еркектің орны ат қасында» деген түсінік нарықтың қағидасына жүрмесе керек. Сондықтан мемлекетіміз де отбасындағы әлеуметтік және тәрбиелік түйткілдердің түйінін тарқату үшін қызметін отбасылық парызымен ұштастыра білетін әйелдерге мүмкіндік беруге мүдделі.
Жадыра МҮСІЛІМ