Қарапайым жұрттың жаны жайсаң, ақкөңіл пендеге үнемі үйірсектеп, соны жағалап, жақын жүретіні бар.
Алпыстың асуындағы азамат
577
оқылды

Ондай адамдармен сөзің жарасып, туысқандай табысып кету еш қиындық тудырмайды. Тіпті, ішкі жан дүниең кеңіп, бүтін болмысың байып қалады. Осындай емен-жарқын ашықтық 80-жылдары ҚазҰУ-де  оқыған жастардың біразына тән еді. Ал тарих факультетіне оқуға түскен жігіттердің табиғаты, бітім-болмысы басқалардан өзгешелеу болатын. Олардың басым көпшілігі  бұл күндері бәрімізге белгілі, белді азаматтар. Солардың бірі һәм бірегейі бүгінгі кейіпкеріміз Талғат Құмарғалиұлы десек, артық айтқандық емес. Алып тұлғасымен, жайсаң мінезімен, іскерлік қасиеттерімен басқалардан оқшау тұратын студент Талғат университет басшыларының назарына ерте ілікті. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген соң сол оқу орнындағы «Қа­зақ­станның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасына қызметке орна­ласып, ғылымға ден қойған Талғат Мекебаев  өзіне де, өзге­лерге де беймәлім «Қазақстандағы уа­қытша Үкімет органдарының қызметі» атты жұмбағы көп тақы­рыптың тереңіне қойды да кетті. Сан түрлі зерттеудің сырына үңіліп, тың деректер іздеді.
Тәкең мол материал жинай жүріп, шаруасын шырқ үйірді. Үзбей жазып, уақытша Үкімет тұсындағы қым-қуыт оқиғаларға өзінше баға берді. Оқырман қа­уым оның ғылыми мақалаларын көзінен таса етпей, жанына жа­қын тұтты.
Кеңес Одағында қалыптасқан идеологиялық себеп­тердің сал­дарынан ұмыт бола бастаған тарихи жырларды жинап, жария­лаудағы нәтижелі еңбектері Талғат Мекебаевтың  азаматтық абы­ройын тағы да аспандата түсті.
Егер ер жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы боларын бағамдап, бағалай алсақ, Тәкеңнің бойынан бұл бол­мыс­тың да бірнеше қырын көрер едік. Ол университет қа­быр­ғасында дәріс оқып жүріп, басшылық қызметтерді абырой­мен атқарды. 2011 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қыз­меткерлерінің «Парасат» кәсіп­одағы төра­ғасы қызметін атқарып жүр.
Біле-білгенге университет кә­сіп­одағының шаруасы да шаш етектен. Алайда Талғаттың бол­мы­­сы қызметі өсіп, абыройы арта бастаған тұста да өзгере қой­ған жоқ. Университет қыз­мет­кер­лерінің «Парасат» кәсіподағы­ның екі тізгін, бір шылбырын ұстаған шақта да Талғат ұлан-ғайыр іс тындырды. Университет қызмет­керлері мен 118 оқыту­шысы мекеме басшысының кө­мегімен, соның ішінде Талғат Мекебаевтың жеке араласуымен жеңілдетілген бағамен бірнеше пәтерге ие болды. Айта берсек, университетте атқарылып жатқан мұндай келелі істер же­терлік. Бұл Тәкеңнің  нағыз іскерлік, ұйымдастыру­шылық қабілет, қырларын ашты.
Талғат Құмарғалиұлының ел игілігі үшін атқарған еңбектері елеусіз қалған жоқ: «Шапағат», «Ы.Алтынсарин», «Ерен еңбегі үшін» және әртүрлі дәрежедегі орден-медальмен марапатталды; «Білім беру ісінің құрметті қыз­меткері», «Мәдениет саласының үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген құрметті атақтарға ие болды. Мұның бәрі бүгінде алпыстың асуына шығып отырған Талғат Мекебаевтың өмір жолының өнегелі, ел үшін ат­қар­ған қызметінің қайырлы екенін көрсетеді.
    
Пазылбек ҚУАНБАЙҰЛЫ