Өңірде мал бағатын ұлтарақтай жер таппай жүрген шаруалар же­терлік.
Жерді сатқан кімдер?
855
оқылды

Кезінде «ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында» алаяқ­тықпен кепілге кеткен жерлердің бүгінгі тағдыры да қыл үстінде. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысының аумағында ауылшаруашылық жерлерінің әлі де басым бөлігі латифундистердің шеңгелінен шықпай тұр. Жайылым жер үшін соңына дейін баруға ниеттенген тұрғындар жылдар бойы соттасып келеді.
Сондай өңірдің бірі – Айыртау ауданына қарасты Қаратал, Елецкий, Қоскөл, Сарыөзек және Колесниковка ауылдары. Төрт жылға жуық жер үлестерін ала алмай, түрлі сатыдағы соттардың табалдырығын тоздырған жоғарыдағы ауыл тұрғындары кезінде өздері сеніп тапсырған «Жер Ана» компаниясының құрамынан шығуға ниеттеніп, Қаратал ауылында үлкен жиын өткізді. Аталған ауылдарға тиесілі 16 186 гектар ауыл шаруашылығы жерлері сонау 2010 жылдың 22 қазанында кепілге қойылып кеткен. Бірақ жерге егін салған компа­нияның халыққа білдірмей келген шикі істері болғаны туралы тұрғындар тек ара­да он жыл өткенде ғана барып анықтапты.
Алдымен мәселенің қалай басталып, артының қалай тым қоюлана күрделеніп кеткенін жіпке тізсек. Сонау тоқсаныншы жылдары жерге «Әліби» ЖШС иелік етеді. Сол кезден бастап жердің айна­ла­сында сағызша созылған сан түрлі қитұр­қы әрекеттер, миллиондаған доллар не­си­елер мен ауыл жұртына тиесілі жерлер түгелдей банктердің кепілдігіне кетеді. Ал артынан жаңағы компаниялардың бәрі төлем қабілеті жоқ болып банкротқа айналып шыға келген. Жоғарыдағы бес ауылға тиесілі 16 мың гектардан астам шұрайлы жер де «Халық банкі» ак­цио-нерлік қоғамына кепілдікке беріліп, миллиардтаған сома несие алынған болып шықты. Алайда несие жерге егін еккен «Жер Ана» компаниясына емес, «Әлі­би» холдингі, «Бинюс» астық ком-паниясы сияқты бірнеше ауылша-руашылық ком­паниясына рәсімдеген. Қағаз жүзінде сол кездердің бәрінде халықтың қатысуымен «жина-лыстар» өткізілгенімен, оның бәрінен де халық хабарсыз қалған. Соның сал-дарынан жалпы саны 788 пайшы мүлде жер үлесінсіз қалады.
Бірнеше мәрте аудандық облыстық сот инстанцияларында қаралған жер дауында тіпті әлдеқашан қайтыс болған, иелері Ресейге, тіпті басқа да мемлекетке көшіп кеткен адамдардың құжатқа «қол қойып» жібергені де белгілі болған. Жер үлестерін ала алмай, «бармаған жер, баспаған тауы» қалмаған тұрғындардың ендігі бар үміті – жерлерінен айырған «Жер ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамынан шығып, өздері жеке шаруашылық серіктестігін ашу. Сот отырыстарында қаралып жатқан құжатқа сәйкес, Қаратал ауылдық округінің 15 065 гектар егістік алқабы мен Елецкий ауыл­дық округінің 1 121 гектар жері кепілге қойылған. Жоғарыдағы ауыл тұрғындары жерді кепілдікке жіберген «Жер Ана» ЖШС-ның құрамынан шығу туралы жиын өткізілетінін аудандық газетте жа­рия­лағанымен аудан әкім­дігінен жиынға қатысқан ешкім болмады.
– Қазір прокуратура 788 пай үлескері-нің жері бойынша істі сотта қарап отыр. Бүгінгі жиынға осы үлескерлердің 665-інен үлескерлер мен олардың өкілдері қатысып отыр. Жиынның негізгі мақсаты – тұр­ғын­дарды «Жер Ана» компаниясының құрамынан шығару мәселесі. Жиналыс қорытындысы бойынша, халық бірауыздан «Жер Ананың» құрамынан шығуға шешім қабылдады. Құжатта барлық  азамат-тардың қолы мен жеке деректері жазыл-ған. Жиын қорытын­дысына сәйкес, хаттама шешімі Egemen Qazaqstan газе-тінде жарияланады. Газетке жарияланған алты ай ішінде ол заң жүзінде күшіне енетін болады, – дейді жер үлескерлерінің заңгері Жанболат Қабытай.
Жиынға құжат жүзінде тек 1 121 гек­тары ғана анықталған Елецкий ауылының тұрғындары да қатысты. Кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болғанынан ба, қалған жер үлестерінің кімнің мен­шігінде екені де беймәлім болып шықты. Ауыл белсенділері құжаттан тыс қалған аталған жерлерді кепілге кетіп қалған негізгі жер үлестерін алып шыққаннан кейін қайта қозғамақ ниетте.
– Осында отырған барлығымыздың мақсатымыз да, тілегіміз де біреу. Жұмылған жұдырықтай бірлесіп, ата-бабамыздан қалған жерімізді өзімізге   кері қайтарғымыз келеді. Сондықтан бар­шаңыз сот отырыстарына қатысып, елдігімізді көрсететін уақыт келді. Алда-ғы 17 шілдеде тағы сот болады. Соған баршаңызды қатысуға шақырамын. Тек күш біріктіріп, соңына дейін күрессек қана оң нәтижесі болуы мүмкін, – дейді ауылдың белсенді тұрғындарының бірі Қабдуәли Оразалин.
Жиын барысында ауылдағы сапасыз ауызсу, абаттандыру сияқты басқа да жыл­дар бойы қордаланған мәселелер де айтылды. Ауыл әкімі аудандық бюджеттен қаражат қарастырылса, мәселе шешімін табатынын жеткізді.  
Ауыл тұрғындарының жер үлестерінің алдағы тағдыры әлі де болса бірнеше мәрте сот отырыстарының қарауында тал­­қыға түспек. Жерлері көкпарға түс­кендей ту-талақай болған жоғарыдағы ауыл тұрғындары соңына дейін күресуге белді бекем буып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы