Облыстық газетте табан аудармастан жарты ғасырға жуық қызмет еткен белгілі фототілшінің сурет әлеміне көз жүгіртсеңіз, өзгеше күйге бөленеріңіз хақ.
Бүгінде 75 жастың желкенін керген ағамыздың фотомұрағатында өткен күндер өрнегінен сыр шертетін сырлы дүние көп. Небәрі 15 жасында қолына фотоаппаратын ұстап, табиғат тамашаларын таспалауға әуестенген бала Болаттың бойынан ерекше қабілеттің бүгіп жатқаны бір көргеннен аңғарылып тұрса керек. Сол кездің өзінде ересек адамдардың қолынан келе бермейтін қас қағым сәттің көріністерін дер кезінде түсіріп, басылым беттеріне бере бастаған. Әлі де буыны бекімеген баланың фотоэтюдтері үлкен басылымдарда ойып тұрып орын алыпты.
Қалам ұстаған қауымның төл мерекесі күні қарттықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген абыз ақсақалдың қара шаңырағына арнайы ат басын бұрдық. Жастайынан сурет әлемінің сырына терең бойлаған фототілші өткен күндер өрнегінің боямасыз сәттерін бүкпесіз баяндай жөнелді.
Талай тарихи сәттің куәсі болған Болат Омарәлиев Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында кіндік қаны тамған. Бала кезде табиғат тамашаларына тамсана қарайтын оның бойынан қас қағым сәтті қалт жібермей бақылап отыратын қырағылығы байқала бастапты.
Он бес жасында бала кездегі қызығушылығы үлкен арманға жетелеп, сурет сырына үңіліп, Қызылорда қаласындағы фотостудияға шәкірт болып орналасады. Фотосалонда екі еврей ұлтынан шыққан мамандармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Еңбек жолын ерте бастаған фототілші бұл жерден көп нәрсе үйреніп шығады. Кәсіби маманның бойына қажетті дүниенің біразын меңгереді.
«Небәрі 15 жасымда қаладағы фотостудияға шәкірт болып жұмысқа орналастым. Сол уақытта менің бұл қызығушылығыма үрке қарағандар аз болмады. Өйткені ол кезде суреттерді таспалау өнері қазақтарға таңсық көрінетін еді. Ешқандай қызығушылық туғызбайтын. Сол кездері маған газетке фототілші болып жұмыс істеуге лайықты екенімді айтқандар аз болмады. Содан көптің қолдауы қанат бітіріп, Алматыға келдім. Сол жерде Юрий Редкин деген ұстазымнан үш айлық курстан өттім. Алғашқы ұстазым кәсіби деңгейімді біршама шыңдауға айтарлықтай үлесін тигізді. Содан елге оралып, облыстық «Сыр бойы», сол кездегі «Ленин жолы» газетіне жұмысқа орналастым. Еңбек жолым осылайша өріліп кете барды», – деп фототілші өткен күндерін еске алды.
Табиғаттың тамаша көріністері мен ерекше эмоцияларды таспалауды кәсіпке айналдырған Болат ағаның бала күнгі арманы осылайша ақиқатқа айнала бастапты. Өз ісіне деген сүйіспеншілігі алға жетелеп, суретке түсірудің қыр-сырына кәсіби түрде зерттеу жүргізе бастайды.
Болат аға Сыр өңірінің бас басылымында еңбек еткен жылдары облыстың бірінші басшыларын суретке түсіріп, аймақтың әр күнінен көрініс беретін тарихи дүниелерді жасай білді. Сыр өңірінің ауылдарын түгел аралап, тамаша көріністерді бейнелейтін дүниелерді өмірге алып келді. Нәтижесінде, 19 жасынан бастап фотосуреттерінің мұрағатын қалыптастыра бастайды.
«Қазір қолымда жұмыс істеген жылдары түсірген 8 қап фото еңбегім бар. Оның әрбірі мен үшін қымбат, басым көпшілігі Қызылорданың тарихын бейнелейді. Осы күнге дейін фотомұрағатымнан 500 суретімді ғана жарияладым. Соның ішінде 1965-2014 жылдар аралығында қызмет атқарған министрлер мен шенеуніктердің суреттері бар. Атап айтсам, Сыр өңірінің дамуына өзіндік үлес қосқан Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев, Икрам Адырбеков, Серікбай Нұрғисаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед және Болатбек Қуандықовтың фотолары сақтаулы. Бұған қоса, аңыз адамдар мен өнер жұлдыздары, оның ішінде, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Әмина Өмірзақова, Нұрғали Нүсіпжанов, Дос-Мұқасан сынды белгілі адамдардың суреттерін де кезіктіресіз. Мен көптеген тарихи суреттің авторы болғанымды мақтан тұтамын. Мұны халықтың игілігі үшін тынбай жасаған есіл еңбегімнің айқын жемісі деп білемін», – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде фотомұрағатында 2 000 негатив бар. Осы күнге дейін 500 суретті жарияласа, қалған 1 500 суретті рет-ретімен жарыққа шығаруға ниетті. Оның әрбірі өткен шақтан сыр тартатын тарихи сәттерге толы дейді.Бұған дейін Болат Омарәлиев жайында Тілеген Бекарыстановтың «Қоғалыкөлдің құлагері» атты кітабы жарық көріпті. Бұл еңбек оқырмандар тарапынан жоғары баға алғанын да айта кету керек. Фототілші «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті», «Известия» газеттерінің, «Советский фото» журналының және басқа да басылымдардың фотобайқауларының лауреаты атаныпты. Сондай-ақ еңбектері 2012 жылы өткен фотокөрмелерге қойылыпты. Сол сияқты 1989 жылы Мәскеуде өткен фотокөрмеге Қазақстанның атынан арнайы қатысқанын да айта кеткен артық болмас.
Жалпы, оның еңбектері 20-дан астам кітапқа иллюстрация ретінде пайдаланылған. Қас қағым сәттің хас шебері әр туындысы арқылы өткен жылдардың атмосферасын, әрбір кезеңнің боямасыз бейнесін дәлме-дәл жеткізе білді. Фототілшінің қолынан шыққан туған өлкенің өткені, маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғалардың жарқын бейнелері көпке танылды деп айтуға негіз бар.
«Ең алғаш рет облыстық газетте
2 жылдай қаламақы негізінде жұмыс істедім. Сол уақытта айлық 50 сом болатын. Маған сондай мөлшерде қаламақы төленіп тұрды. Осы орайда менің суреттерімді жоғары бағалап, қызметке алған сол кездегі «Ленин жолы» газетінің бас редакторы Ұзақ Бағаевтың еңбегі ерен. Бертін келе, 1969 жылы, яғни 18 жасқа толған шағымда штатқа алындым. Алдымен хат бөлімінде 4 жыл хат тіркеуші болдым. Кейіннен фототілші болып, зейнетке шыққанша тынымсыз қызмет атқардым. Газеттің талай редакторымен қызметтес, көптеген игі жақсылармен табақтас болдым. Тарихи сәттердің әрбірі фотомұрағатымда сақтаулы. Сол уақытта журналистиканың қызығынан қиындығы басым болатын. Тілшілер бір мақала дайындау үшін күн-түн демей еңбек ететін. Ол уақытта газет қызметкерлерінің қолында қарапайым жазу құрылғысы да болмайтын. Тіпті, іссапарға шығуға көлік те таппай қалатынбыз. Қазір техника қарыштап дамып кетті. Айлық жерден көзді ашып-жұмғанша жедел ақпарат алуға мүмкіндік зор. Кабинеттен шықпай-ақ көлемді мақала дайындап жатады. Сол кездері тілшілердің жұмысына қызыға қарайтын едім. Қолыма қалам ұстап, мақала жазуға да мүмкіндігім болды. Бірақ фотоаппараттан ажырамай, тарихи сәттерді таспалап, мұрағатымды толықтыра бердім. Бұл өз мамандығыма деген шексіз сүйіспеншілігімнен болса керек», – деп ол өткен кезеңдерді қимастықпен еске алды.
Өңіріміздің 50 жылдық тарихын бейнелейтін мұрағаттық туындыларымен көпшілікке танылған Болат аға бүгінде құрметті еңбек демалысында. Қазыналы қария ұлы мен қызынан немере-шөбере сүйіп, бақытты да бақуатты тұрмыс кешіп жатыр. Әлі күнге дейін әлеуметтік желіде белсенді. Уақыт көшінен қалмай, замандастары мен жазылушыларына әлеуметтік желі арқылы тарихи сәттерге толы суреттерімен үзбей бөлісіп отырады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы