6-10 қыркүйек аралығында Алматы қаласында VIII BAIQONYR халықаралық кинофестивалі өтеді.
Baiqonyr – теңдесі жоқ бірегей жоба
967
оқылды

Бұл фестиваль дәстүрлі түрде отандық кинематографтың жаңа есімдерін ашады, Қазақстанның дарынды жастарының халықаралық ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Осы орайда кинотанушы, Baiqonyr IFF кинофестивалінің бағдарлама директоры Ержан Жұмабековпен сұхбаттасқан едік.

 – Ержан, фестивальдің бағдарламалық директоры ретінде шетелдік әріптес­теріңіз­бен көп сөйлесетін шығарсыз. Baiqonyr кино­фестивалі туралы олардың пікірі қан­дай? Жас киногерлер үшін бұл  фестивальдің  қандай маңызы бар?
– Baiqonyr – жас киногерлер шығар­машылығының дамуы мен насихатталу жолындағы Орталық Азиядағы, ТМД елдеріндегі ең маңызды шаралардың бірі. Бұл алаңда кино өнерінің жаңа көркемдік мүмкіндіктері мен жетістіктері айқын­да­лып, кино әлемінің өкілдері мен көрермен арасында өзара байланыс қалыптасады. Бүгінде кинофестивальдің көптеген қатысушылары кино саласында қызметін атқарып, жаңа белестерден көрінуде. Олардың қатарында ұлттық киномызды әлемге танытып жүрген Шарипа Ораз­баева, Дархан Төлегенов, Диас Бертис, Әлішер Жәдігеров, Берік Жахановтар бар.
Әр жылдары кинофестивальдің қазы­лар алқасында жоғары санаттағы Обер­хаузен, Клермон – Ферране, Бусан сияқты кинофестивальдерінің өкілдері жұмыс жасады. Бұл фестиваль деңгейінің және олардың бізбен жұмыс істеуге, ынтымақ­тастыққа деген ұмтылысының көрсеткіші деп білемін.
– Кез келген кинофестиваль үшін оның басқа ұқсас кинофестивальдерден өзгеше келбеті болуы өте маңызды. Бұл фестиваль­дің ерекшелігі қандай?
– Baiqonyr – Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей шара. Жеті жыл ішінде фестиваль ерекше атмосфера құрып, әлемдік кино­индустрия мен дарынды жас кине­матографистердің назарын аудара алды.
Кинофестивальдің өту форматы бо­йынша екі негізгі бағытта бөліп қарас­тыруға болады. Ол – практикалық және теориялық бөлімі. Бірі қысқаметрлі және толықметражды фильмдердің (көркем­суретті, деректі, анимациялық) көрсетілімі болса, екіншісі – кинотанушылар мен сыншылардың форумы. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Ірі халықаралық фестивальдер аясында да арнайы кино­сыншылар ұйымы жұмыс жасайды. «Сын­шылар апталығы», «Сыншылар жүлдесі» және т.б. шаралары бар. Былтырғы жылы біз осы тәжірибені енгіздік. Киносын­шылардың талдауы, авторлық дәрістер жүргізілді. Арнайы басылымдарда рецен­зиялар жарияланды. Осылайша, біз сапа­лы практикалық мысалдарды талдау не­гізінде біз кино өнерін дамытуда айтар­лықтай табыстарға қол жеткізе аламыз.
Жас кинематографистердің шығарма­шылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жаңа көзқарас», «Дидар», «Шәкен жұлдыздары» кино­фестивальдері өз уақытында дарынды режис­серлерді айқындап, ұлттық кино бағытындағы жаңа есімдерді ашты. Алайда осы уақытқа дейін жастар киносын қол­дау­дағы кинофестивальдер тұрақтылыққа жетпеді. Қазір жұмыс атқарып келе жатқан «Бастау», «Еуразия» халықаралық кино­фестивальдері өз форматы бойынша сан­дық шектеу жасап, еліміздегі өндірістік толқынды толығымен қорыта алмайды. Студенттік фильмдерден бөлек, оқу орындарын тәмамдаған жас режиссер­лердің туындылары және жеке студиялар арқылы түсірілген фильмдер де назардан тыс қалып отырды. Бұл фильмдер тек ше­телдік фестивальдерге ғана үміт артатын­дай күйге жетті. Baiqonyr форматы бо­йынша арнайы құралған «ұлттық конкурс» жастар киносының барлық бағытын қам­тып, ары қарай сол фильмдердің таны­луы үшін барынша жұмыс атқарып келеді. Оның ішінде әртүрлі халықаралық кинофестивальдерге ұсыну, көрсетілімдер ұйымдастыру, ақпараттық қолдау және т.б.
– Сізді бұл жоба несімен қызық­тырды?
– Кинофестиваль саласындағы алғашқы тәжірибем «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалінен басталды. Ұзақ жылдар бойы осы фестивальдің тұрақты іріктеу комиссиясының мүшесі болған, ұстазым кинотанушы Гүлжан Наурызбекова фестивальдің бағдар­ламалық-ұйымдастыру жұмыстарына араластыратын. Кинофестивальдер қозғалысына деген қызығушылығым осы кезден келді десе болады.
2016 жылы алғаш республикалық форматта ашылған Baiqonyr кинофестивалі бүгінге дейін тұрақты дамып келеді. Кинофестивальдің мақсаты тек фильм көрсетіп, сыйлық үлестірумен аяқтал­майтыны белгілі. Кино өнерін насихаттау, көрерменнің талғам деңгейін қалыптас­тыру, саладағы жас мамандарға шығарма­шылық орта қалыптастыру, олардың дамуы үшін тәжірибелі мамандарға жарнамалау фестивальдің негізгі бағытына айналғанда біздің өнер мен мәдениет дамиды. Сол кезде бәсекеге лайықты туындылар пайда болады.
– Биыл Baiqonyr халықаралық дебют-тік толықметражды жұмыстар байқауын да қамтиды. Бұл байқауда қандай фильмдерді көргіңіз келеді: авторлық кино ма немесе кең аудиторияға арналған картиналар ма? Әлде жанр маңызды емес, бастысы, туындыларда таланттың ұшқыны сезілсе болды ма?
– Кинофестиваль тақырыптық – жа-н­рлық тұрғыда шектеу қоймайды. Фильмдер қандай бағытта болса да бірінші кезекте көр­кемдік тұрғыда жаңашылдығы мен ізденісі арқылы ерекшеленуі тиіс.
– Фестиваль көптеген жас режиссерлерге жол ашып берген сияқты. Қалай ойлайсыз?
– Иә, байқау дирекциясы қатысушы фильмдердің әлемдік аренаға жолдама алуына септігін тигізіп жатады. Жарқын мысалдардың бірі – режиссер Шарипа Оразбаева. Оның «Картоп жегіштер» картинасы I Baiqonyr SFF «Бас жүлдесін» жеңіп алып, кинофестивальдер арасын­дағы келісімнің арқасында «Еуразия-2016» ХКФ халықаралық байқауына өткен.
Фестивальдің дәстүрі бойынша, «Бас жүлдені» иеленген фильмнің режиссері келесі фестивальдің қазылар алқасының құрамына енеді. 2017 жылғы фестиваль қатысушыларының жұмыстарын Шарипа Оразбаева бағалаған болса, 2018 жылы қазылар алқасының құрамына режиссер әрі актер Баймұрат Жұманов, ал 2019 жылы Тимур Сердалин енді.
Фестивальдің әр жылдарында қазылар алқасында Гүлнәр Әбікеева, Рашид Нұғманов, Серік Апрымов, Гульбара Толомушова, Кристиана Бюхнер (ХКФ «Оберхаузен»), Жюльен Вестерман (ХКФ «Клермонт-Ферране»), Хонг Сонг-Ву (ХКФ «Пусан»), Эдуард Новиков және т.б. танымал тұлғалар болды.
Ал алғашқы кинофестивальге Оңтүстік Кореялық режиссер әрі сценарист, Вене­ция, Канн және Берлин кинофес­тиваль­дерінің жеңімпазы Ким Ки-Дук келіп, ашылумен құттықтаған болатын.
–  Фестивальде болған қандай жақсы өзгерістерді атай аласыз?
– 2020 жылы Baiqonyr кинофестивалі аясында алғашқы рет өткен питчингті айтуға болады. Жобалар байқауына келіп түскен өтінімдердің ішінен 14 жоба іріктеп алынды. Фестиваль дирекциясы отандық беделді продюсерлерді серіктестікке шақырды. Питчингтің басты мақсаты – жас режиссерлердің жобаларына деген қызығушылықты таныту болды. Нәти­жесінде, екі бірдей жоба өз продюсерлерін тауып, келесі фестиваль бағдарламасында көрермен назарына ұсынуға дайын болды. Олар – қысқаметрлі Neet, (реж. Диас Тлеу, продюсері Дина Жұмабек) және  толық­метражды «Отау» (реж. Әлішер Жәдігеров, продюсері Анара Жүнісова) фильмдері.  
Былтыр фестиваль аясында алғаш ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының форумы өтті. Іс-шара киносыншылар мен кинотанушылар арасында өзара іс-қимыл мен дискурстың, тәжірибе алмасудың тұғырнамасы ретінде ойластырылды және де сәтті өтті деп ойлаймын.
–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ж. Жангелді