Біз ғалыммен тілдесіп, сапалы мал өнімдерін алу, сала­да­ғы күрделі мәселелер жөнінде пікір­лесіп, оның осы түйткілді жою бағытындағы зерттеулерінің нәти­жесі жөнінде білген едік.
Шаруалар инновациялық әдістерден қорықпауы қажет
535
оқылды

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу универ­ситеті, «Ветеринариялық сани­тария» кафедрасының доценті, профессор, ветеринария ғылым­дары­ның кандидаты Юрий Балджи ветеринария, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі, ветеринариялық-са­ни­тариялық сараптау, экструдир­ленген мал азығы мен қоспалар бағытында көптеген зерттеу жүр­гізген.

–  Алдымен инновациялық мал азығын әзірлеу үшін зерттеулерді қай кезде бас­та­дыңыз? Нәтижесі қандай болды? Осыған тоқтала кетсеңіз.

– Бастапқыда Ақмола агротехникалық колледжін бітірген соң университетке оқуға түстім. Оны бітірер кезде жетекшім, ғалым Қуаныш Сыздықов дипломдық жұмысыма еттің сапа көрсеткішін анықтау жөніндегі тақырыпты зерттеуді ұсынды. Аспирантурада үш жыл бойы мал шаруа­шылығы өнімінің сапасы және қауіпсіздік көрсеткіштерін анықтау тақырыбын тереңдете зерттедім. Әсіресе, афлатоксикоз (тамақтан улану кезіндегі патология – авт) кезінде фитобиотикті, фитопрепарат­тарды қолдануға көбірек ден қойдым. Бұл – өте ұсақ саңырауқұлақ әрекетінен туын­дайтын кең таралған ауру. Ол тудыратын мико­токсин ішінде ең қауіптісі – афла­токсин. Өзіңіз білесіз, шаруа қожалықтары малына қолында бар жемшөбін береді. Осы микотоксин барлық мал азығында кездеседі. Біреуінде аз, кейбірінде көп болуы ықтимал. Осындай жемді жегенде токсин малдың ағзасында өте улы затқа айналады. Ол сүтінде, етінде болады. Диссертацияны қорғаған соң профессор Балғабай Майқанов жетекшілігімен осы бағыттағы  бірнеше жобаны зерттеуді қолға алдық. Нәтижесінде, біз тұтынатын сүт, ет және сүт-ет өнімдерінде токсиндер, антибиотик қалдықтары, гормоналды препараттар, микробиологиялық лас­таушы заттар таптық. Бұлар денсаулыққа зиян келтіреді. Сондықтан «улы заттар мал өнімдеріне қандай жолмен келіп түседі, оны қалай тоқтатуға немесе азайтып, баяулатуға болады?» деген сұраққа жауап іздедік. Өйткені тұтынушы барынша қауіпсіз, таза өнімді пайдалануы тиіс. Бұл – бірінші мәселе.

Екінші мәселе – еліміздің көптеген өңірінде экологиялық ахуал нашар. Мысалы, Қарағанды облысында ірі өнеркәсіптік орын көп. Тіпті, курорттық аймақтардағы экологиялық ахуалды зерттеген кезде токсикалық элементтердің көп көлемдегі шоғырын анықтадық. Таулар абсорбент секілді оларды өз бойына жинап алады. Олар ауа, су, топырақ, өсімдікте жиналып, мал ағзасына түседі, кейін осы мал өнімдері арқылы сауда сөресіндегі азық-түлікке келіп жетеді. Біз соны жейміз.

Біз малдың азығын зерттеген кезде қарапайым және патогенді микробтар, микотоксин бөлетін көптеген саңырау­құлақты анықтадық. Осыны зарарсыз­дандыру үшін 2015 жылдан бастап менің диссертациямда бұрын зерттелген фитопрепараттарды қолдандық. Зерт­теуімдегі саңырауқұлаққа қарсы тиімді эффектіні тереңірек зерттей бастадық. Мал азығын экструдтау технологиясын қайта жаңғырттық. Азықтарды өңдеудің көптеген әдісі бар, мысалы, кеңейту, түйіршіктеу және экструзия. Соңғы технологияны көпшілік біле бермейді. Қазір оны қайта қолға алып, жетілдіруде. Өйткені қазір құрал-жабдық, технология біршама дамыған. Экструзия процесінде ұнтақтау, ылғалдандыру, араластыру, тер­миялық өңдеу, желатиндеу, ақуыз дена­турациясы, микроорганизмдерді және кейбір улы қосылыстарды жою және ішінара дегидратация сияқты бірнеше операция жүреді. Экструдтауда 90-105 градустағы жоғары температурада гигиена­лық құрама жем алу үшін қолданылады. Өте жоғары атмосфералық қысымда мал азығын өңдеу процесі жүргізіледі. Шикізат ретінде жүгері, бидай, бұршақ, арпа секілді дәнді-дақылдағы барлық пайдалы заттар алынады. Экструдтау процесінде мал азы­ғының құрамы өзгереді. Ақуызды алсақ, ол өте ауыр қорытылады, ақуыз петид пен аминоқышқылға айналады. Майларда осындай жағдай. Экструдтау кезінде ол ыдырап, май ақуыз қапшығынан бөлініп кетеді. Крахмал – азық құрамындағы қо­рытылуы ауыр ең күрделі нутриент. Экс­трузия оны бөлшектейді, тез сіңетін жеңіл көмірсуға айналдырады.

Бір қызық жайтты айтайын. Экструдтау жолымен алынған азықты 2020 жылдан бері полиэтилен қапшықта сақтап келеміз, полиэтилен қапшығы түрлі саңырауқұлақ, заттардың өнуіне өте қолайлы орта. Алайда қапшықтағы азық ешбір өзгеріссіз қалпында сақталды.  Өзге малдың азығын осылай сақтаса, бір-екі аптадан кейін бүлініп кетеді. Соны зерттеп қарасақ, зиянды микроағза, саңырауқұлақтар жойылғандықтан, азықты ұзаққа сақтауға мүмкіндік бергенін көрдік. Зерттеулер нәтижесінде жазылған ғылыми әдебиет­терге жүгінсек, әдеттегі азықтың 30-40 пайызы малдың ағзасына сіңсе, ал 60 пайыздан астамы құнарлы заттар жануар ағзасына толықтай сіңбей, шығып кетеді. Біз сөз етіп отырған экструдтау үдерісі кезіндегі азықтың сіңіру көрсеткіші 90-95 пайызға дейін жетеді. Яғни, жануар ас қорытуға көп қуат жұмсамайды. Артық қуат малдың өнімділігіне жұмсалады, егер сауылатын сиыр болса сүті, бордақыланған ірі қара болса еті көбейеді. Біздің зерттеу жұмыстарымыз, басқа авторлардың еңбе­гіне, мәліметтеріне сәйкес дәлел­денген.  Біз әзірлеп шығарған фитобиотик мал шаруа­шылығында қолданылады. Пре­парат бұрын «тополин» деп аталды, оны М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетінде химия ғылымдары­ның докторы, профессор Владилен Поляков ойлап тапты. Диссертациямда және бірлескен жобаларымда оның пре­параттарын қолдандым. Қазір препаратты мемлекеттік тіркеу тізіміне енгізіліп, азықтық қоспа BioFeed-P деп аталды. Оны экструдиленген мал азығына қосамыз.

–  Инновациялық мал азығын үш цехта өндіріп сатуға қол жеткізілген көрінеді?
– 2015 жылы түрлі рецептура әзірлеуге қатысты ғылыми-зерттеу жобасын жүр­гіздік, жоба аяқталған соң соның нәтижесі бойынша патент алдық. «Ғылым қоры­ның» коммерциализациялау жөніндегі байқауына құжаттарды жинап, өтінім бер­дік. Қор ғалымдарға өндіруші бизнес­пен бірігіп жаңа өнім алып, өндіріске шығаруды жолға қою үшін көмектеседі. Цех аштық, қазір фитобиотикпен байы­тылған экструдтелген өнім шығарылып жатыр. Қазір басқа фитопрепараттар әзір­леп жатырмыз. Енді фитобиотикпен тәжірибе жүргізіп, жемазық емес маститті емдеу және алдын алуға бағытталған биопрепарат әзірлеуге кірістік. Өнім түрлері де көбейтілуде. Көптеген адам біздің өнімді биологиялық белсенде қоспа деп түсінеді. Алайда биологиялық белсенді қоспада тұтыну мөлшері шектелмейді. Оны көп тұтынса зияны жоқ. Ал біздің азық-жем қоспалары белгілі бір әрекет ететін заттар мен олардың дозалары бойынша реттеледі. Бұл мемлекеттік тізілімге енгізілген. Бақылау жүргізіледі.

– Қазір елімізде ұсақ шаруа қожалығы көп. Ондағы малдың көбі бордақыланып, етке өткізіледі. Әр фермердің малды семіртуге қатысты өз тәжірибесі, әдісі бар. Тіпті, кейбір жағдайда «малды семіртетін препараттар егіледі» деп естиміз. Олар нені дұрыс жасап жүр, қай тұстан қателеседі? Осы тақырыпқа қатысты мал бағып отырған жандарға өз ақыл-кеңесіңізді айта кетсеңіз?
–  Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің мал дәрігерінің қызметіне жүгінгені дұрыс. Зоотехник малдың рационын, оны немен азықтандыруды анық­тайды. Мал дәрігері жалпы ветеринарлық қауіпсіздікті қадағалайды. Біз малды өнім алу үшін ұстаймыз. Барлығымыз таза әрі қауіпсіз өнім тұтын­ғымыз келеді. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Азық-түлік себепші болатын түрлі аурумен ауырмауымыз керек. Сіз айтып өткен малды семірту үшін препарат­тар егу жайы ол тек ветеринар бақылауымен жүргізілуі тиіс. «Ивермекті» алып қарасақ, бұл – паразитке қарсы препарат, қажеттілігі бар. Оны қолдану керек. Әрбір препараттың өз нұсқаулығына сәйкес оның құрамындағы залалды заттар жануар ағзасынан шығып кететін уақыт белгі­ленген. Бұл антибиотик, антипаразитарлық препараттарға қатысты. Ал жалпы қолда­нылмауы тиіс гормоналдық препараттар да қолданылып жатыр. Фермер препараттың нұсқаулығын оқып, соның талаптарын барынша сақтауы тиіс. Мысалы, антибиотикті қолданғанда оның ағзадан шығуы үш күнге созылады. Егер әсер етуі ұзаққа созылатын болса, ол мерзім – бір ай. Соңғы екпе салынғаннан кейін бір ай ішінде малды союға болмайды. Осыншама уақыт күту керек. Сонда ғана ағза антибиотик қалдығынан арылып, еті-сүті қауіпсіз, пайдалы болады. Алайда көп жағдайда бұл мерзім сақталмайды, оны ешкім бақылап жатқан жоқ. Қазір адамдар ауырса, интернеттен қарап, оқып алып, өз бетімен дәріханадан дәрі сатып алып, емделе беретін болды. Ауыл шаруа­шылы­ғында да тура осындай жағдай қалыптас­қан. Алайда интернеттегі ақпарат жалған болуы мүмкін. Сондықтан малды емдеуді маман бақылауы тиіс.

Тағы  бір айта кетерлік мәселе, ауырған малды емдеу үшін түрлі антибиотик қолданады. Ірі шаруашылықтарда бұл бақылауға алынған. Егер сиыр желінсаумен ауырса, оны антибиотикпен емдегенде сиыр сүтін сауып, ішуге болмайды. Антибиотик қалдығы белгілі бір мөлшері  сүттің құрамында қалып қояды. Оны бұзауға береді, не жемге қосады. Шағын қожалықтарда осы талапты ешкім сақ­тамайды, оны ешкім бақылап жатқан жоқ. Емделген малды талап етілген мерзімнен бұрын сойып, етке сатады. Ал еттегі антибиотик қалдығынан адамда аллергия пайда болады. Аз мөлшердегі антибиотик адам ағзасына түссе, ол сенсибили­зация­ланады (ағза сезімталдығының артуы – авт). Ол аллергия, анафилаксия және иммуно­логиялық реакциялардың бас­талуына, дамуына негіз болады. Адам кейін инфек­ция­мен ауырса, осындай ан­тибиотик түрімен емдесе, бірінші ана­филак­тикалық шок пайда болып, адам өліп кетуі мүмкін. Екінші жағдайда бұл антибиотик әсер етпейді, адам ауруынан ұзақ жазылмайды, дәрі кесірінен бауыр, бүйрекке зақым келеді.

Ал мал ағзасында антибиотиктен басқа антипаразитарлық, одан да қауіпті гор­моналдық препараттар кездеседі. Соңғы кездері «бірқатар өңірде гормоналдық препараттар қолдана бастады» деп естимін. Яғни, инсулин сатып алып, малға егеді. Малдың тәбеті күшейіп, алдына келгеннің бәрін жей береді, тез семіреді. Бұл өнім адамға өте қауіпті, олай жасауға болмайды. Айталық, нормативтік актілердегі тізілімде антибиотиктер, гормондар, пестицидтер, улы заттар және басқалары бақылауда болуы тиіс деп көрсетілген. Іс жүзінде мал өнімдері құрамындағы осындай бөгде заттарды жеткілікті дәрежеде бақылау жоқ. Оған зертханалардың жеткілікті жабдық­талу, қаржыландыру деңгейінің төмендігі кедергі болып отыр. Өйткені құрал-жаб­дық­тары мен сынама жүйесінің реактив­тері өте қымбат.

Кейбір фермер осындай нормативтік құжаттарды, талаптарды айналып өтуді біледі. Мысалы, сүт және сүт өнімдерінің қауіп­сіздігіне қойылатын талаптар техни­ка­лық регламентіне сәйкес өнімнен анти­биотик тобына кіретін 4 антибиотик тек­серіледі. Ал фермер малын тізімге алын­баған басқа антибиотикпен емдейді. Сарапшы өнімді зертханада тексергенде тек нормативтік құжатқа сәйкес тізімдегі антибиотиктерді ғана іздейді. Оны тап­паса, «өнімде антибиотик жоқ» деп анық­тама немесе қауіпсіздік сертификатын береді. Алайда өнімде басқа антибиотиктер көрінбей қалады. Оларды анықтау стан­дарттары да жоқ, олар тізімге алынбаған. Сондықтан қолданыстағы нормативтік құжаттарды қазіргі ахуалға бейімдеп өзгерту қажет. Өнімдегі антибиотикті жекелеп емес, жиынтық көлемін анық­тайт­ын тестілерді енгізуді ұсынамын.

Бұл – өте үлкен мәселе. Өнімдегі басқа антибиотиктерді анықтау қиын емес. Ондай тест көп, мысалы Қытайда, Еуро­одақта осындай жүйелер көп әзірленеді. Ғалымдарымыз да жалпы антибиотик көлемін анықтап беретін тест жасап шығарған. Тіпті, біздің өзіміздің жалпы антибиотикті анықтайтын патентіміз бар.

–  Тағы қандай зерттеу жобаларынан нәтиже шықты, қандай жетістіктеріңіз бар?

–  Осы зерттеулермен қатар біз азық-түліктің қауіпсіздік сапасын анықтайтын экспресс жиынтықтар мен тестілер, әдістерді жасап шықтық. Осы зерттеу нәтижесінде монография жазылды. Онда 40-қа жуық әдіс пен патент көрсетілген. Жеке адамдарға және зертханаларға қолдануға болатын мал өнімдерінен әзір­ленген тағамның қауіпсіздігін анықтайды. Бұл – біздің зерттеу бағытымыздың бірі. Ол туралы айтатын нәрсе көп. Мысалы, біз көп ИФА тест жасап шықтық. Оны дәріс оқитын шәкірттерге, біліктілік көтеруге келген мамандарға ғана көрсе­теміз. Олар «мұны қайдан сатып алуға болады» деп сұрайды. Ол әзірге сатыл­май­ды. Өйткені отандық ғалымдар әзірлеген қандай да бір өнертабысты өндіріске енгізу өте қиын. Мысалы, біз екі түрлі азық қоспасын мемлекеттік тізілімге енгізуге екі жыл уақытымыз кетті. Ал патент алуға бір жыл уақыт керек. Ға­лым­дарымыз көптеген дүние жасап шықты, соны өндіріске енгізу, айналымға шығару қиын. Сондықтан заңнамалық тұрғыдан осы үдерістерді жылдамдатуды ұсынамын. Біз шетелдік тестілерді қолданамыз. Өзіміз жасай алатын дүниені неге шеттен сатып алуымыз керек?!

–  Сұраныс болып жатса, өндіруге дайын тұрған препараттарыңыз бар ма?

– Дайын тұрған препараттар жеткілікті. Мысалы, оған 2011 жылы Қырғыз Респуб­ликасы Америкадан тауық етінің ірі партиясын сатып алған. Олар осы өнім құрамындағы белсенді хлордың қалдығын анықтауы қажет еді. Бұрын тауық етін зарарсыздандыру үшін белсенді хлормен өңдейтін. Қырғыздар бізден осы бөлшектерді анықтайтын екі патентті сатып алмақ болды. Біз сата алмадық, өйткені заңнамаға сәйкес патент сату үшін оның құнын анықтау, бағалау керек. Ол үшін бір жыл бұрын мемлекеттік сатып алу жоспарына осы шығыстарды енгізу керек. Оны ешкім жасамайды. Біз бағасын нақты айта алмағандықтан, олар көп күтіп отырмады. Осы себептерден біз дайын жетістігімізден табыс таба алмадық. Оны тауық етіне тигізсе, бояуы түсін өзгертеді, бұл белсенді хлор мөлшері көп дегенді біл­діреді. Екінші индикатор тамшы тү­рінде. Тауық етіне тамызғанда ақ не сары түсті тамшының түсі өзгеріп кетеді. Сөй­тіп, өнім хлормен өңделгенін көрсетеді.

Біз коммерцияландыруды қолға алған­да талдау жүргізе келе, құрама жемазықты өндіруді қолға алу керек деп шештік. Өйткені елімізде мал көп, оны бордақылау мәселесі өзекті. Сұраныс көбірек, нарыққа жақсы шығады. Ал біз әзірлеген сынама тестілерге сұраныс аз. Оны айналысқа шығаруға рұқсат алу үшін ұзақ уақыт қажет.

Тағы бір айта кетер жайт, сатушылар етті уақытында сата алмаса, не электр өшіп қалса, тоңазытқыштағы өнімнің аздап дәмі, түсі, иісі өзгере бастайды. Етті ағартқышпен (белизна) өңдейді, сонда микроб жойылып, ет ағарады. Соны қайта мұздатып, етті сата береді. Осындай фальсификацияны біздің тест көрсетіп береді. Тағы бір сынамамыз бар. Ол индикатор тамшы не тест жолақтары түрінде. Айталық, сатушы етті көп уақыт сата алмай жатып қалса, ет қарая бастайды, ондағы микроағзаларды жою, табиғи түсін қалпына келтіру үшін калий перманганаты (марганцовка) сұйығымен өңдейді. Түсі қызарғанда, қайта мұздатып сатады. Тексергенде тест түсін өзгертсе, өнімнің жалған екенін білуге болады. Ол қауіпті. Сонымен қатар сатуға өлген малдың, не өліп бара жатқан, жантәсілім кезіндегі (агония) сойылған малдың еті сатылады. Ол да қауіпті. Біз осыған арналған индикатор ойлап таптық.  Тағы бір «қулық» құрғақ сүттен әзірленген сұйықты малдың сүті деп сатады. Біз өнімнің табиғи сүт емес екенін анықтайтын тест те әзірледік.

Енді табиғи балға келсек, оған қант шәрбатын қосып көбейтеді. Барлық тұтынушы «мен балды қымбатқа сатып алдым, ол қауіпсіз, табиғи» деп ойлайды. Алайда көптеген омарташы ауру араларын түрлі химиялық затпен өңдейді. Паразит, кенелерден емдеу үшін түрлі акарицид себеді. Қытайда жасалатын химиялық жағынан қауіпті флувалинаттар  қолда­нады. Осындай химиялық заттар араның балының құрамына  өтеді. Ара пестицидпен өңделген алқаптағы гүлдің тозаңын жинайды. Яғни, бал әрқашан таза бола бермейді, онда химикат бар. Біздің омарташылар неге әлемдік нарыққа шыға алмай отыр? Өйткені балды тексеретін шетелдік зертханалар оның құрамынан бөгде заттар табады. Осы мәселенің шешімі ретінде қауіпсіз бал алу үшін бал арасына арналған биопрепарат әзірледік. Ара кенесіне қарсы фитобиотик шығар­дық. Онда химия жоқ болған соң бал қауіпсіз органикалық күйінде қалады.

– Әңгімеңізге рақмет!


 Сұхбаттасқан Жәнібек АМАНГЕЛДІ