Тұтас елдің тағдырын жаңа парақтан бастаған елордамыз – Астана қаласы ертегідегі батырлардай күннен-күнге, жылдан-жылға көркіне көрік қосып келеді.
Арман қанатындағы Астана!
840
оқылды

 Сәулеті жарасқан, биіктігі аспанмен таласқан әсем ғимараттары, бейне бір қаланың өн бойына қан жүгірткен тамырындай есіліп аққан Есіл өзені, күмбезі күнмен шағылысқан мешіттері, кешегі тарихымыздан сыр суыртпақтайтын мәуелі ескерткіштері – барлығы қала халқының мерейін өсіріп, жанына шуақ сыйлайды. Қала жаны – халық. Астана күні мерекесіне орай, Еуразия «жүрегімен» жүректері үндес тапқан осындай жандардың шаһар туралы шабытты лебіздеріне құлақ тостық.


Сембіғали Смағұлов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы, белгілі суретші әрі мүсінші:


Ерекше шабыт сыйлайды

– Астана әрбір шығармашылық иесіне ерекше шабыт сыйлайтын қасиетке ие. Осы уақытқа дейін 100-ден аса монумент жұмыс пен кескіндеме туындыларды дүниеге әкелдім. Соның ішінде халықтың ерекше ықыласына ие болған ақ мәрмәрдан Тәуелсіздік алаңының қақ ортасында бой көтерген «Қазақ елі» монументі менің шығармашылығымдағы ерекше туынды болып қалды. Осы шаһардың көркеюіне аз да болса өзімнің үлесімді қосқаным үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, қуанышым еселене түседі. Одан бөлек, Жазушылар аллеясындағы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлин ескерткіштерінен құралған үш арыс композициям мен «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының маңдайшасындағы бедерлі ою жұмыстарым қаланың көркіне қосқан үлестерімнің бірі. Әлбетте, әр қаланың өзіне тән мәселелері болады. Мәселен, Еуропа, батыс елдеріндегі халықтар қаншама ғасырлар қала тіршілігімен біте қайнасып, қалада өмір сүрген бабаларының сүйектеріне мүк басып, қала мәдениеті қалыптасып, даңғыл жолға түсіп үлгерді. Осы ретте күні кеше ғана елорда статусын алған Астанамыз – әлемде қала құрылысы тұрғысынан қазіргі уақытпен үндесетін, мәдени көрінісі мен сәулеттік сипаты жоғары және техникалық талаптарға сай салынып, күн сайын кеңейіп келе жатқан мегаполистердің бірі һәм бірегейі. Дегенмен Ұлан-Батордан кейін екінші суық астана саналатын қаланың сәулеттерінде жылу шақыратын қанық бояулары көптеп ұшырасса деген маман ретіндегі тілегіміз бар.



Сапарбай ЖҰБАЕВ,
Экономика ғылымдарының кандидаты,
қаржылық сарапшы:


Экономикалық қарқыны жоғары

– Ташкенттен 2006 жылы қоныс аударып, Астанаға 2010 жылы Еуразия университетіне оқытушы қызметіне орналасып, отбасымызбен көшіп келдік. Ол кезде Астанамыз елорда ретінде енді еңсесін тіктеп келе жатқан қаланың бірі еді. Ұл-қыздарым осында білім алып, жауапты қызметке орналасып, барлығымыз тағдырымызды Астанамен байланыстырып үлгердік. Бүгінде сәулеті жағынан қай мемлекеттің астанасынан да кем түспейтін көрікті мекенге айналды. Елордамыз – Астана Батыс пен шығыс түйіскен сайын дала төсінде көпжақты саяси және экономикалық қарым-қатынас орнатып, мәдени-әлеуметтік ынтымақтастықты тоғыз жолдың торабында тоғыстырды. Әр жылдары әлемдік деңгейде ұйымдастырылып жатқан ауқымды кездесулер, форумдар мен саммиттер, спорттық, мәдени іс-шаралар елордамыздың әлемдік аренада оң имиджінің қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Сондықтан да Астана 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы», 2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болды. Экономикалық тұрғыдан да қарқынды өсіп келе жатқан алып шаһарлардың бірі. Экономист ретінде айтарым, бүгінде елімізде 20 өңір бар болса, соның ішінде Астанамыз салықтық әлеуеті мен бюджеті жағынан өзін-өзі қамтамасыз ететін ел экономикасының 10 пайызын құрап тұрған қала. Қаржы орталық мәселесі, банк, сақтандыру жүйесі бойынша көш бастап тұрған, дамудың даңғыл жолына түскен мегополис болып саналады. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай оң әсерін тигізеді. Астана да көрікті келбетін қалыптастыра отырып, мәңгілік ел болу мұратына жетеді деп сенемін.

Ғазиза Құдайберген,
Ұлттық академиялық кітапхана директоры:

Мүмкіндіктер мекені

– Еліміздің қай өңірі болмасын, өзіне тән көркімен, табиғи ерекшеліктерімен өзіне баурап тұрады ғой. Мен де ару Алматыдан әсем Астанаға келгеніме көп бола қоймаса да, мұнда бауыр басып үлгердім. Қызметім кітапханамен байланысты болған соң мені мұндағы халықтың мәдени іс-шараларға белсенділігі ұнады. Кітапханамызда қандай іс-шара өтсе де, оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері өте белсенді атсалысады. Әртүрлі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған ғимараттар, музей-мұражайлары еріксіз мойын бұрғызады. Яғни, Астананың мәдениет ошағына айналғанының көрінісі дер едім. Кейде, тіпті театрға билет таппай қалатын кездеріміз болады. Бұл да қала халқының мәдениетті өмір салтының көрінісі. Аспанының ашықтығы, майдай есіп тұратын ерке самалы, кептелістің аздығы, көсілген жазықтығы адамға еркіндік сыйлайды. Маған мұндағы саябақтар мен Есілдің әсем жағалауында серуендеген ұнайды. Күн сайын еліміздің тағдырына әсер ететін маңызды саяси шешімдер қабылданатын, өсемін, өркендеймін деген жанға көптеген мүмкіндіктер мекені дер едім.


 Дайындаған:
Наурызбек САРША

Фото:astana.citypass.kz