Техника түрленіп, цифрлық жаһандануға ден қойған заманда қала әлеуетін арттырып, экономикасын дамыту маңызды бола түсті.
Бірлік пен берекенің  бастауы болған бас қала
1,000
оқылды

Сондықтан әлем елдері қалаларды дамытудың өзекті мәселелері және олардың қазіргі жаһан­дық әлемдегі өсу мен инновацияның басты орталықтары ретіндегі рөліне ерекше назар аударып отыр. Бұл туралы «Аст­ананың 25 жылдығы. Жаңа перс­пективалар. Жаңа мүм­кіндіктер» атты елорданың 25 жылдығына орай ұйым­дастырылған форумда жан-жақты айтылды.

Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір форумда бас қосқан бауырлас қалалардың басшыларына, әлем­­нің бірнеше елінен арнайы келген мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, Астананың 25 жылдық қалыптасу тарихына қысқаша тоқталды. «Биыл біздің елорда­мызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Ала­таудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жаға­сына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкім­дері, қаламыздың құрметті тұрғын­дары, еңбек ардагерлері, мәде­ниет, ғылым, спорт қайрат­кер­лері, ғалымдар, ұстаздар, мемле­кеттік қызметшілер қа­тысып отыр. Олар Тәуелсіз Қа­зақстан­ның тірегі болған Астананың құры­лысына белсене атсалысты, кеңес зама­нындағы ескі шаһар­дың қазіргі за­манға сай озық қала­ға айналуы­на зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының са­лынуы – Тәуелсіз Қазақ­станның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды», – деді Президент.

Бұдан кейін ол елорданы көшіру оңай болмағанын, мұндай шешім өте күрделі кезеңде қабылданғанын еске түсірді. Ел эко­номикасы тұралап, жұрт нарықтық қатынас­тарға толық бейімделмеген кезеңде Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Ал 1997 жылы 10 желтоқсанда бас қаламыз ресми түрде көшірілді. Осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы «Астана» болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстан­ның шежіресімен тығыз астасып жатқанын айтқан Мемлекет басшысы, шын мәнінде астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болғанын тілге тиек етті. Оның ай­туынша, бұл – халқымыздың болашақ тағды­рын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. «Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет. Басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тіке­лей қатысы бар мәселе», – деп атап өтті Президент.
Елорданың заманауи келбетін қалыптас­тыруға атсалысқан Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Нико­летти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілердің де есімін айырықша атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаладағы бірегей нысандар қаланың көркін аша түскенін жеткізді.

Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді. Астана жаңару мен жаңғыруға жол ашты. Бүгінде Астана жан-жақты әрі қарқынды дамуда. Елорда­мыздың халықаралық беделі артса, қала ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Бас қаламызда әлемдік деңгейдегі маңызды іс-шаралар ұйымдас­тырылды. Бүгінде Астана – дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасына айнал­ды. Оның айқын көрінісі – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. «Елорда төрінде түрлі конфессия өкілдері бас қосты. Астанаға Рим папасы арнайы келгенін білесіздер. Кезінде аса мәртебелі ІІ Иоанн Павел қонақ болды. Былтыр аса қадірлі Франциск келді. Олар Қазақстанның әлемдік руханиятты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Біздің игі бастамаларымызға қолдау білдірді. Бұл – біз үшін зор мәртебе», – деді Президент.

Астана – діннің басын қосқан, дінбасы­лардың дәстүрін тоғыстырған шаһар. Елорда төрінде талай мәрте дүбірлі додалар мен халықаралық сайыстар өтті. Бір сөзбен айтқанда, Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар. Қазір Астанада Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық көшелері бар. Бұл – елдік пен мемлекеттілік тарихының нақты көрінісі. Астана – еліміздің жүрегі. Осылай деген Президент Астана – болашағы зор қала екеніне тоқталды. Бұл орайда «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән берілуде.  Ең алдымен, елорда тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Сондай-ақ Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орта­лығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Әлемдік саясатшылардың өзі Астананы бейбітшілік алаңына теңейді. Өйткені ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Бұдан кейін бәсеке деңгейі жоғары және құбылмалы қазіргі әлемде қалалардың қарқынды әрі орнықты дамуы өте маңызды екенін жеткізген Мем­ле­кет басшысы: «Астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқарады. Инвес­тицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады» дей келе, қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажетігіне назар аударды. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады.

 Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсат­тарының бірі қаланы дамытуға арналғанын айтып, бұл да кездейсоқ еместігіне тоқталды. Себебі әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі бола білді. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өсті. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәт­тен бері елорданың экономикалық әлеуеті 100 есе артып, қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрап отыр. Алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейтінін айта келіп: «Менің ойымша, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапа­сымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елор­даны дамыту және абаттандыру кезінде біз «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа аламыз. Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақ­тас­тыққа негізделген инклюзивті дамуға айрық­ша мән береміз», – деді Президент. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар  тұрғындар үшін бірдей қолжетімді болуы тиіс. Әсіресе ерекше қа­жет­тілігі бар азаматтарға арналған қала инфра­құрылымының қолжетімділігін арттыру маңыз­дылығына тоқталды.

Бүгінде Астанада әлемдік деңгейдегі клиникалары бар медициналық кластер қалыптасты. Бұл ғана емес, Астана – ақылды қала атауына ие болды.

Ендігі жерде ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші болатын қуатты қала атануына айрықша мән беру қажет. Бұл орайда осындай ортақ пікір ортаға салынатын жиындар тәжірибе алмасып, өзара тиімді байланыстар орнатуға жол ашатынын айтты. Сөз соңында Мемлекет басшысы Астанаға арнайы келген мәртебелі меймандардың ой-пікірлері мәселенің мәнін ұғынуға сеп боларына сенім білдірді.

Іскерлік байланысты арттыруға бағыттал­ған айтулы шараға әлемнің 15 елінен беделді сарапшылар, әлемдік бизнес, қаржы инсти­тут­тарының көшбасшылары,  сондай-ақ 17 қала­дан қала мэрлері мен вице-мэрлер қатыс­ты. Бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылған жиында сөз алған Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек ерекше себеппен өткен форум өзара ынтымақтастықты нығайтып, дамудың жаңа моделін қалыптыстыратынын айтты. Өйткені қала өміріне қан жүгірту –  әлемге ортақ мәселе.


Жадыра МҮСІЛІМ