Өткен демалыс күндері Парламент Мәжілісі VIII шақыры­лымының жұмысы аяқталып, депутаттар каникулға кеткен болатын.
Депутаттар өңірлерде жүр
546
оқылды

Осы аптадан бастап олар дәстүр бойынша өңір­лерге сапарын бастады. Халық қалаулыларының басым бөлігі – аманаттық депутаттар. Сайлаушыларымен кездесу­де жинақ­талған қазақстандықтардың ұсыныс-тілектері заң жобаларын қарау кезінде ескерілетін болады.


Жас жұмыссыз жүрмейді, жері болса...

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысы Сырдария ауданында болып, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ халық қалаулылары Айдарлы ауылындағы егін даласында жұмыс істеп жүрген ауыл жастарының еңбек бригадасымен кездесті. Аталған бригада 2019 жылы құрылды. Бұл – облыстағы жалғыз бригада емес. Аудандағы жастар жұмыссыздығының деңгейін төмендету мақсатында облыс әкімінің қолдауымен Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл, Қоғалыкөл сынды 7 ауылдық округте осындай бригадалар жұмыс істей бастады. Онда жұмыссыз, NEЕT санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жас азамат жұмыс істеуде. Ауыл жастарына мемлекет  тарапынан тегін уақытша жер, су айдайтын насос беріліп, демеушілер жер жыр­туға, егін алқабын қоршауға және жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге қол ұшын созған. Соның нәтижесінде жастар 35 гектар жерге картоп және 25 гектарға бақша дақылдарын екті.

«Жұмыссыз жүрген 40 жас азамат көктемде Жаңақорған ауда­нындағы Жайылма ауылдық округіне жіберіліп, егін егу тәсілдерін тегін үйреніп қайтты. Ал Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын өндіретін «Шіркейлі» жастар бригадасы жұмыс істейді. Оның құрамында 30 азамат бар. Олар цемент, әк және т.б. құрылысқа қажетті заттарды өндіреді», – деді Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрман Абдрасилов.

Кездесу барысында бригада мүшелері халық қалаулыларына өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мәселен, «Жетікөл» жастар бригада­сының бригадирі Дархан Әзімханов тыңайтқыш мәселесін шешіп беруді өтінді. Халық қалаулылары ауыл жастарының барлық ұсыныс-пікірі назарға алынатынын жеткізді.

«Жастардың мемлекет пен демеушілер тарапынан көрсетілген көмекті тиімді пайдаланып жатқаны қуантады. Болашақта партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмысты жетілдіру қажет. Кооператив құрып, егіс көлемін арттырған кезде субсидия мәселесі де шешіледі», – деді Мұрат Ергешбаев.

Ал депутат Мархабат Жайымбетов «AMANAT» партиясы заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, оны ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмысын «Жер аманаты» жобасы аясында қарқынды жүргізіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Айта кетейік, кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов пен өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат депутаты Руслан Рүстемов те қатысты.

Қызылорда


Шекара маңына жан бітсе...

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Абай облысындағы сапарын шекара маңындағы Мақаншы ауылының тұрғындарымен кездесуден бастады. Кездесу барысында Мақаншы тұрғыны Әбен Разуев Мақаншы өңірінің ахуалын жақсарту мақсатында ауданды құру жұмыстарын тездетіп бастау туралы ұсынысын айтты. Осы орайда депутат ауданға қарасты әр елді мекен бойынша көтерілетін сұрақтар талқылауға салынып, тиісті қаражат бөлінгеннен кейін ғана жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.

«Ел Президенті Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мақаншы ауданын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. 1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты Мақаншы ауданы жабылып, Үржар ауданына қосылған. Енді жеке аудан ретінде жұмыс істеуіне барлық әлеуеті жеткілікті. Өңірде туризм, кен өндірісі, Қытаймен шекарадағы кеден бекеті арқылы сауда-саттық жақсы дамыған. Мақаншы ауданы құрылуы үшін тиісті әлеуметтік-экономикалық жағын ыңғайластырып, өңірдің инфрақұрылымының дамуына тиісті қаражат қарастырылуы керек. Бұл жұмыстар, әрине, біраз уақыт алады. Дегенмен, мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет. Бұл бағытта тиісті ұсыныстар жібереміз», – деді Н.Сабильянов.

Ал ауыл тұрғыны Тұрғали Қалықжанов Мақаншыға газ құбыры­ның тартылуын сұрады. Сондай-ақ мұндағы шаруалардың негізгі айналысатын кәсібі мал және егін шаруашылығы болғандықтан осы бағытта механизатор, мал дәрігері сияқты ауыл шаруашылығы мамандарының жоқтығы қынжылтатынын айтты. Өз кезегінде, сайлаушылардың сұрағына толыққанды жауап берген мәжілісмен Парламент қабырғасында елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту мәселесі көтерілгенін, ал газдандыруға қатысты мәселе бүгінде Энергетика министрлігінде қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Бұл мәселе Үкімет сағатында көтерілген болатын. Жалпы аймақ бойынша газдандыру қарастырылуда. Бұл облыс экономикасының барлық салаларын дамытуды қамтамасыз етуге, экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың әлеуметтік деңгейін арттыруға және жеке үйлерде тұрудың жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі өңірлерді газдандыруды өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізуде», – деп атап өтті депутат.

Кездесулер барысында халық қалаулысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Сонымен қатар ол Үржар ауданына жұмыс сапары аясында Малақ ауылындағы сумен жабдықтау нысандарының жұмыс барысымен және құрылысымен танысты. Үржар аудандық Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Самат Маусымбаев Малақ ауылындағы су құбыры желілерін салу жұмысына техникалық қадағалау қызметі тарапынан конкурс нәтижесі қайта қаралып жатқанын жеткізді. Желінің ұзындығы – 8,9 шақырым, ұңғыманың тереңдігі – 55 м. Мердігер мекеме «Наз» ЖШС нысандағы құрылыс жұмысын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Абай


Ауыл шаруашылығын дамыту аса маңызды

Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты Самат Мұсабаев Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында болып, Korkem Alem ет комбинатының жұмысымен танысты. Халық қалаулысы комбинаттың адал өнім шығарып, сапалы қызмет көрсетуіне назар аударды. Комбинат қызметі барлық санитарлық талаптарға сай келеді. Кәсіпорында ет және ет өнімдерінің құрамына, тазалығына, жарамдылығына қатысты зерттеу-сараптама жұмысын жүргізетін, арнайы құрылғыларымен жабдықталған зертхана жұмыс істеп тұр.

«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасы аясында ашылған шағын және орта кәсіптің халыққа сапалы қызмет көрсетуіне әрдайым жіті мән береді. Бүгін Korkem Alem комбинаты халыққа адал өнім ұсынып, сапалы тауар өндіруге қаншалықты мән беріп отырғанын, өзге кәсіпкерлермен қандай байланыс орнатып жатқанын назарға алдым. Сондай-ақ кәсіпкерлердің етті қайдан алып жат­қанына, жергілікті биліктің қолдау шараларына зер салдым», – деді халық қалаулысы.

Комбинатта барлық жұмыс процесі ережеге сай жүргізіледі. Мал сою, ет өңдеу талаптары сақталып, автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істеледі. Мұнда ай сайын 360 тонна ет шығарылып, 100 тонна ет өнімі өндіріледі. Еттен жасалатын жартылай фабрикат өнімдері, деликатестер және ас үйге қажет өзге де өнімдер бар.  Комбинат директорының орынбасары Нұркелді Үсеновтің айтуынша, барлық өнім ҚМДБ-ның халал стандартына толық сәйкес келеді.

«Біз адалдықтан аттаған істі құп көрмейміз. Басты қағидамыз да – осы. Барлық күш-жігерімізді сапалы өнім өндіріп, отандастарымызға адал ас ұсынуға жұмсаймыз. Бұған қоса, жергілікті жастарды жұмыс­пен қамтып, өскелең ұрпаққа көп мүмкіндік жасап отырмыз. Осы күні компанияда 140-қа жуық адам еңбек етеді. Оның 130-ы – жергілікті тұрғындар. Жоба толық күшіне енгеннен кейін 200-ден астам азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз»,  – деді ол.

Айта кетейік, алдағы 5 жылда «AMANAT» партиясы Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл сайын кемінде 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда, ет, сүт өндіруге, сондай-ақ құс фабрикасын салуға ықпал етуді көздеп отыр. Жаңаөзенде 500 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы, Мұнайлы ауданында тағы осындай екі алаң салынады. Сондай-ақ облыстық «Жер аманаты» комиссиясы заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтаруға күш салуда. Жыл сайын орта есеппен 300 мың гектар жер қайтарылады.

Маңғыстау

Жол азабын тартып отыр

«Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Майқапшағай-Зайсан жолының жыры ұзаққа созылып кетті. Жол азабын тартқан халық әбден шаршаған». Өңірге арнайы сапармен барған Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Е.Саиров осылай деп отыр. Депутат облыс орталығынан шалғайда жатқан шекаралық аймақ болып саналатын Тарбағатай және Зайсан аудандарының жұртшылығымен бірнеше кездесу өткізді. Олардың ішінде орманшылар қауымы да бар. Қаратал ауылдық округінде тұрғындармен болған жүздесуде халық қалаулысы 5 жылдан бері салынып бітпеген жол мәселесіне қынжылысын білдірді.

«Жол салып жатқан шетелдік компания өкілдерімен мәселені талқыладық. Осы жерде компанияның өндірістік жұмысына жауап беретін азаматтар тұр. Жағдай мәз емес. Ашығын айту керек, компания жолды биыл салып үлгермейді. Бұл компания Қазақстанның юрисдикциясында жоқ. Сондықтан олар жергілікті жердің де, «ҚазАвтоЖолдың» да азаматтарына сырт қарап отыр. Бұл мәселені біз өзіміздің бақылауымызға аламыз. Ең болмаса ауылдың ішіндегі жолдарды биыл бітіріп беруі керек. Өйткені жол азабын тартқан халық моральдық тұрғыда шаршап кетті. Шұғыл шешімдер қарастырамыз», – деді мәжілісмен.

Сондай-ақ ол Зайсан ауданында орманшылармен де жүздесіп, олардың базынасын тыңдады.

«Қаншама жылдан бері осы мекемеде қызмет атқарып жүрміз. Біздегі ең басты мәселе – өрт сөндіру техникаларының тозығы жеткен.  Қазір техника дамыған уақыт. Бірақ біз әлі күнге дейін сол ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істейміз. Осы мәселенің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұраймыз», – деді Орман өрт сөндіру станциясының басшысы Аманбек Жасаров.

Мамандардың айтуынша, орман шаруашылығының меншігіндегі техникалардың әбден тозығы жеткен. Сондай-ақ ондағы қызметкер­лердің жалақысы да мардымсыз.

«Жұмыс уақытына қарамастан қызметкерлердің жалақысы өте аз. Олар күндіз-түні түрлі ауа райында жұмыс істейді. Сондықтан да жалақы мәселесі реттелсе жақсы болар еді», – дейді Зайсан орманшы­лығы басшысының міндетін атқарушы Айдын Ескендіров.

Өз кезегінде Ерлан Саиров жақында Абай облысында орын алған өрт осы салада түйткілді мәселелердің көп екенін көрсеткенін алға тартты.

«Мемлекет басшысы саладағы кемшіліктерді анықтап, оны жоюды тапсырды. Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың айлығы көтеріледі. Ал министрлік материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаттары тиісті министрліктің жұмысын назарда ұстайды», – деді депутат.

Сонымен қатар Ерлан Саиров осы сапары барысында Тарбағатай ауданына қарасты бірнеше ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ түрді. Жаңауыл ауылының жұртшылығымен кездесу барысында шекаралық аудандарға байланысты заң жобасы туралы, жастарға берілетін жеңілдіктер, аудандағы білім мен медицина әлеуетін арттырудағы жобалардың жүзеге асуы жөнінде әңгімелесті. Ауыл тұрғындары интернет жылдамдығы, арзан пайызды несие алу, дипломмен ауылға мәселелері бойынша сауалдар қойды.

ШҚО

Жылу үзілмесін десек...

Осы аптада Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Рудный қаласында болып, жылу желілерін жаңғырту барысымен танысты. Сондай-ақ ол «ССКӨБ» АҚ ЖЭО, «Рудный су арнасы» ЖШС және «Рудный жылу желілері» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесті. Сонымен қатар  ол 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының Рудный қаласында жүзеге асырылу барысын тексерді.

«Рудныйдың жылу желілерін жаңғырту жұмысына арналған алғашқы 4 млрд теңгені бөліп қойдық. Жұмыс жүріп жатыр. Арнайы келіп соған көз жеткіздім. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасып, тағы 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бюджетті қыркүйек-қазан айларында қарастырамыз. Алдағы екі-үш жылдың жоспары әзірленді. Оның ішінде Қашар кентін сумен жабдықтау және бірқатар орамішілік желілерді жаңғырту жұмысы да бар», – деді Альберт Рау.

Халық қалаулысы Рудныйда коммуналдық шаруашылық қызметі мамандарының жетіспеушілігі байқалатынын атап өтті. Бұған жалақының аздығы да себеп болып отыр. Бұдан соң,  Альберт Рау пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері (ПИТК) және ПИК төрағаларымен кездесіп, ПИК қызметін жетілдіруге қатысты «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасын талқылады.

«Мен бұл заңды тұрғын үй қатынастары туралы емес, адамдар арасындағы, көршілер арасындағы адами қарым-қатынас деп атадым. Реформаға небәрі жарты жыл уақыт бөлу туралы шешім қабылдаған кезде, мен қарсы болдым. Себебі тұтас сананы өзгерту үшін белгілі бір уақыт қажет. Соған қарамастан, осындай мерзім берілді. Нәтижесінде азаматтардың 10%-ы ғана белсенділік танытты. Біз бірқатар түзету әзірлеп жатырмыз. Себебі ПИТК мен ПИК қызметі жетілдірген жағдайда ғана тұрғындардың мүддесі ескеріледі. Бұл ең алдымен есеп берудің ашықтығына, басқару органдарын сайлауға қатысты болмақ. Бәрін ашық әрі әділ жасау керек: әр үйге жинақ шотын ашып, үнемі есеп беріп отыру қажет. Қыс бойы қаржы жинап, көктемде жөндеу жұмысын жүргізуге болады. Егер адам қаражатының қайда жұмсалып жатқанын білетін болса, пәтер иесі екенін де сезіне бастайды. Нәтижесінде тиісті қарым-қатынас пайда болады», – деді ол.

Айта кетейік, алдағы 5 жылда партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес, ел аумағындағы ТКШ инфра­құрылымын ауқымды жаңғырту көзделген. Қостанай облысындағы Қостанай, Лисаковск, Арқалық және Жітіқара қалаларында жылумен жабдықтау желілерінің 100 шақырымын күрделі, ағымдағы жөндеу және жаңғырту жұмысы жоспарлануда. Сондай-ақ Арқалықта электрмен жабдықтау желісінің 40 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Қостанай