Елордадағы ең кәрі ағашты біле­сіз бе?
Кіршіксіз күндердің куәгері
631
оқылды

 Есіл жағалауындағы Кенесары ескерткішіне қарама-қарсы тұста 132 жастағы көктерек бар. Кемінде төрт адамның біріккен құлашына сыятын қарт терек бүгінге дейін мың­даған адамның тәтті естеліктеріне куә болған деседі. Сол мөлдір хикая­лар кәрі көктеректің Instagram желі­сіндегі фотоальбомында сақтаулы тұр.

Көктерекке арнап альбом ашқан

Кәрі терекке арнап, астаналықтардың естеліктері жинақталған электронды фотоальбомды ашқан азамат – Теміртас Ысқақов. Оны жұртшылық елорданың жоғалып бара жатқан тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртумен, насихаттаумен айналысатын Fading.TSE жобасының ав­торы ретінде таниды.

«2019 жылы Fading.TSE жобасымен айналысып жүргенімде, қаладағы ең кәрі терек туралы көп мәлімет кездестірдім, әлеуметтік желіде адамдардың осы ағаш жайында жазған естеліктерін жиі оқитын­мын. Бір күні ерінбей, әлгі ағашты өз кө­зім­мен көрмекші болып, әдейілеп барып едім, бірақ ол мүмкін болмады: жан-жағындағы шарбақ пен субұрқақ ағашқа қарай өтуге кедергі келтіріп тұр еді. Қа­ладағы ең көнекөз жәдігердің осындай елеусіз күйде қалғанына қатты қынжыл­дым. Дереу Fading.TSE жобасының әлеу­меттік желідегі парақшасында үндеу жариялап, петицияға қол жинадық, ақыры біздің үніміз шенеуніктерге жетті. Нәти­жесінде шарбақтың бір бөлігі алынып, ағаштың зақымдалған тұстары қайта қал­пына келтірілді. Сөйтіп, бірігіп, жұмылып жүріп, бір жәдігерді аман алып қалғанымыз бар», – дейді Теміртас.

Сәл кейінірек, сол жылдың шілдесінде қала әкімдігіне қарасты мердігер ұйым қоршаған ортаны қорғау басқармасының рұқсатынсыз шаһардағы Ресей ғылым мен мәдениет орталығы маңындағы кәрі шегіршінді кесіп тастайды. Теміртастың айтуынша, бұл ағаш кезінде атақты көпестер Кубриндер әулетінің сарайы мен дүкені арасында болған бақтың соңғы ағашы болған болуы мүмкін. Осындай жағдай қайталанбас үшін Fading.TSE жобасы кәрі теректің фотосуреттері мен ел аузындағы естеліктерді жинақтап, цифр­лық альбом жасайды. Осылайша, ең кәрі ағашты мәдени мән-мағынасы бар нысан ретінде қорғап, сақтаудың қадамдарын ойластырады.

«Біз әлеуметтік желілерде көктеректің суреттерін жинап жатқанымыз жайлы хабарландыру таратып, бұған дейін жария­ланған суреттердің авторларымен байла­ныса бастадық. Олардың әрбірінің осы ағашқа қатысты естеліктерін, хикаяларын сұрап, суреттерінің нақты түсірілген уақы­тын білуге тырыстық. Қазір бізде авторы белгілі бас-аяғы 35 шақты фотосурет бар, олардың ең ескісі 1958 жылы түсірілген екен», – дейді кейіпкеріміз.


Ағаш та – тарихи мұра

Деректерге сүйенсек, біз айтып отырған көктерек ХІХ ғасырдың аяғында ақмолалық кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерінің мұрындық болуымен Есіл бағын отырғызу кезінде егілген екен. Архивтерде бұл ағашты отырғызған жандар ретінде көпес Халиолла Нығматуллин, дәріханашы Петр Путилов және дәрігер Чигловскийдің есімі аталады.

1946 жылы теміржолшылар паркінде (қазіргі Астаналық паркте) балаларға арналған теміржол іске қосылыпты, ол 2002 жылға дейін жұмыс істеген. Темір­жолдың «Победа» стансасы мен кассасы осы терекке жақын маңда болған екен. Сол тұстағы жағажай мен жергілікті халық «Солдатский» атап кеткен қайық стансасы тұрғындардың ең жақсы көретін мекені-тұғын.

«Кәрі ағашқа қатысты ел аузында небір қызықты аңыздар мен хикаялар көп. Әсі­ресе алдыңғы толқын өкілдерінің әлеу­меттік желіде бөлісетін жазбалары адам­дардың біраз қызығушылығын туғызады. Сол себепті біз фотосуреттерді, пікірлерді, естеліктерді біріктіріп, бір жерге жинақ­тайық деп шештік. Біздің жобаның мақ­саты – мәдени мұраның нысаны болып ғимарат немесе ескерткішті ғана емес, ағашты да айтуға болатынын түсіндіру. Бүгінде әлемде «құндылықтар критерийі» деген түсінік қайта қаралып жатыр. Мәселен, Англияда Historic England атты арнайы портал бар, онда ескерткіштер тізіміне енген нысандардан бөлек, ес­керткіш болып танылуы мүмкін әртүрлі нысан түрлеріне арналған нұсқаулық беріл­ген. Олардың «Біз өзіміздің кім екені­мізді анықтайтын орындарды қорғаймыз, насихаттаймыз және сақтаймыз» деген ұраны маған қатты ұнайды. Ал біз кімбіз? Қаладағы қандай орындар біздің кім екенімізді анықтайды? Осы мәселеге көбірек көңіл аударуымыз керек деп ойлаймын», – дейді Т.Ысқақов.

Әрбір естелік әдемі

Астаналықтардың кәрі ағашқа қатысты естеліктерінің әрбірі өзінше қызық бол­ғанымен, бәрін де ортақ нәрсе біріктіреді: бірі – отбасы, бірі – алғашқы махаббат, бірі – балалық шақ, енді бірі студенттік жыл­дардағы естеліктерін осы терекпен бай­ланыстырған екен.

«1973 жылы жас кезімізде студенттер бұл ағаштың мәңгілік қуат тарататынын айтып, іштей тілек тілеген едік. Ол кездері, әрине, бәріміз де тек махаббат туралы ойладық. Енді, міне, күйеуіміз екеуіміз мәңгі бірге өмір сүріп келе жатқандаймыз. Бірге болғанымызға 42 жыл болыпты: 4 баламыз, 8 немереміз, 1 шөбереміз бар. Бәрі де Астананың тұрғындары. Біз күйеуіміз екеуіміз – аборигендерміз, ақмолалықтармыз», – деген естелігін бөліседі Клавдия Селезнева.

Ал теректің 1961 жылы түсірілген фотосуретінің астындағы хикаяда Наталия Миропольская: «Бұл сурет Есіл жағалауында, «Солдат­ский» жағажайының маңында түсірілген, балалар теміржолының рельсі көрініп тұр. Суретті әкем түсірген, ал мен бесікарбада жатырмын. Бұл бесікарбаның аяғы темір шана болатын, мен оны әлі күнге дейін білемін», – деп жазады.

1998 жылғы фотосурет авторы Татьяна Люпп: «Менің ең бақытты күнім. Фотода мен 17 жастамын. Ал суретті жігітім түсірген еді. Бұл күн менің есімде ерекше сақталып қалды, өйткені Витяны екі жыл бойы әскерден күткен едім. Міне, 1998 жылдың 7 маусымында ол әскери борышын өтеп, үйге қайтты. Ал күзде үйлендік. Шаңырақ құрғанымызға 21 жыл. Біз осы күнгі кез­десуді ұзақ күттік, әлі күнге дейін сол кезді жымиып еске аламыз», – деп жазыпты.

Енді бір суреттің астына Вальдемар Кеер есімді азамат: «1979 жылдың жазында әріптесім Юрий Лапшин екеуіміз паркке демалуға бардық. Юра – фотоаппаратын бір сәтке мойнынан тастамайтын әуесқой фото­граф. Паркте біз үш студент қызбен таныстық. Бәріміз бірге қыдырдық, ал Юра бізді суретке түсірді. Осы терекке жа­қындағанда қыздардың бірі: «Қане, мінейікші» деген еді. Сөйтіп мына қыз екеуіміз ағашқа шығып, суретке түсіппіз. Біз ол қыз­дармен одан кейін кездес­педік. Одан бері 40 жыл өтіпті, аттары, өкінішке қарай, есімде жоқ», – деген жазба қалдырған.

P.S. Қаншама жып-жылы естеліктің куәгері болған 132 жастағы көктерек Астананың ресми түрде та­нылған тарихи-мәдени ес­керткіштері қатарында әлі жоқ. Fading.TSE жо­ба­сы­ның мүшелері биыл да осы мәселені қала билігінің құла­ғына жеткізуге ниетті.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ