Астана – еліміздің астанасы.
Шабыт сыйлаған мекен
815
оқылды

Сол себептен болар, көпшілік бас қаланы мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылап, саяси шешімдерді қабылдайтын орталық ретінде қабылдайтыны бар. Алайда қазір қаладағы мәдени орталықтың саны артып, шығармашылық иелеріне шабыт сыйлаған мекенге айналды десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені осы күні өнердің ордасына баланған бас қалада түрлі театр мен мәдени орталықтар бой көтерді.

Әлемдегі тенденция дейміз бе, кез келген мемлекеттің астанасы мәдениеттің ордасы ретінде де қалыптасады. Тарих­шылардың пайымына сенсек те, ежелгі астаналардың тарихы тым тереңде жатуы­мен ғана емес, мәдениеттің да­муымен ерекшеленеді. Арғы тарихты қопармай-ақ Ыстамбұл мен Мәскеу, Вашингтон мен Париж, Рим мен Афина, Бейжіңдегі өркениеті мен мәдениеті қатар дамыған қалалардың мысалын алып қарасақ та жетіп жатыр. Ажары жылдан-жылға көз тартқызған елордамыз да қазір мәдениет пен руханияттың көшінен қалмай, ақылды қалаға да айналып үлгерді.

Аз ғана уақыттың өзінде көркі көз тартар заманауи ғимараттар бой көтерді. «Бәйтерек», «Мәңгілік Ел» мен «Қазақ Елі» монументтері, «Хан Шатыр» ОСК, «Бейбітшілік және келісім», «Тәуелсіздік» сарайларын айтпағанда, ЭКСПО қала­шығы астанамыздың символына баланады. Соңғы жылдары ашылған Әзірет Сұлтан мешіті мен Орталық Азиядағы ең ірі және әлемдегі ең үлкен мешіттердің ондығына енген бас мешіттің де бой көтеруі шаһардың рухани орталық болып қалыптасқанының айғағы. Сондай-ақ Ұлттық мұражай, Ұлт­тық академиялық кітапхана мен Ұлттық мұрағат орталығы да ел руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Қаладағы мәдениет пен өнердің айнасына айналған өнер шаңырақтарының қатары да жыл сайын толығуда. Мәселен, Қазақ Ұлттық Өнер университеті мен Қазақ Ұлттық Хореография академиясы, Астана опера және балет, Астана балет театрлары, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, «Жастар» сарайы, Астаналық цирк, Бірлескен мұра­жайлар дирекциясы, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма және «Наз» мемлекеттік би, «Қуыршақ», «Жастар», Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия, Музы­калық жас көрермен, сондай-ақ Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық муздрама театрларының залы көрерменнен үзілмейтін болды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің де келушілері жыл санап артып жатқаны қуаныш сый­лайды.

1998 жылы жаңа құрылған елордада 32 мәдени нысан болған. Содан бері 25 жыл ішінде қаладағы мәдени нысан саны бірнеше есе өсті. Осылайша, астанаға ажар берген мәдени орталық қала халқының мәдениеті мен руханиятының дамуына да серпін беріп келеді. Бүгінгі Астананың қалыптасу кезеңінде қалада облыстық қазақ және орыс театры, 3 облыстық мұражай (Бейнелеу өнері мұражайы, С.Сейфуллин мұражайы, Тарихи-өлкетану мұражайы), бір кинотеатр, мәдениет және демалыс саябағы, 3 мәдениет сарайы, облыстық киновидеоларды жалға беру, филармония, 19 қалалық және бір об­лыстық кітапхана жұмыс істеп тұрды.

Осы 32 мәдениет нысанына жыл сайын жаңа мәдениет орталықтары қосылып, әртүрлі шығармашылық ұжымдар мен фестивальдер де құрылып жатыр. Ал сол байқауларда бақ сынаған өнер адамдары қазір республикалық және халықаралық конкурстардың жүлдесін алып, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді.

1997 жылы қалада мемлекеттік филар­мония құрылды. Оның негізінде алғашқы кәсіби ұжым – Қазақ халық аспаптар оркестрі ашылды. 1998 жылғы 10 маусымда Қазақстанның жаңа астанасының тұсау­кесері өтіп, тура бір айдан кейін «Астана» бірінші халықаралық авторлық әндер фестивалі, қазан айында «Шабыт» бірінші халықаралық шығармашылық жастар фестивалі дүркіреп өткен еді. Міне, бұл айтулы мәдени іс-шаралар әлі күнге дейін көптеген таланттардың басын қосып, шығармашылық жолда қанатын қомдап келеді.

2000 жылы елордада К.Байсейітова атын­дағы Ұлттық опера және балет театры­ның есігі ашылды. Оның жанынан симфо­ниялық оркестр, хор, балет труппасы құ­рылғаны бар. Сонымен бірге қала орта­лығында орын тепкен ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы орналасқан Прези­денттік мәдениет орталығының ашылуы да жылдың жарқын оқиғасы болды. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция құрыл­ғанын қала жұртшылығы жақсы біледі.

2001 жылдың 8 қыркүйегінде «Ата­мекен» Қазақстан Картасы кешенінің ашылуы болды. Бұл жерде еліміздің барлық қалалары мен өңірлерінің басты көрікті жерлерін көруге болады. 2001 жылы Астана алғаш рет X Республикалық «Жас қанат» эстрадалық әндер фестивалінің иесі атанса, тура бір жылдан кейін елордада ең бірегей және айтулы нысандардың бірі – «Бәйтерек» монументі бой көтерді. Ал 2003 жылы Интернациональный, Мичурино, Пригородный сияқты тұрғын алаптарында кітапханалар бірінен соң бірі ашыла бас­тады. Тіпті қала орталығы ғана емес, елор­даның шеткі аймақтарында да мәдениетке шөліркеген тұрғындардың өтінішіне дер кезінде құлақ түрді. Сол жылдары «Көктал» шағын ауданында Мәдениет үйі қалпына келтірілген еді. Қазір бұл жерде «Наз» мем­лекеттік би театры жұмыс істеп тұр.

2004 жылы Тұңғыш Президент атында­ғы Музей мен Ұлттық академиялық кітап­хана есіктерін айқара ашты. Артынша «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында 2000 орындық астаналық цирктің құрылысы бітті. 2006 жылы елордада Бейбітшілік және келісім сарайы, ал 2007 жыл тұрғындардың есінде жаңа шығарма­шылық ұжымдардың құрылуымен есте қалды. Оның ішінде «Наз» мемлекеттік халық би және Жас көрермендер театрлары, «Шалқыма» халық би ансамблі бар.

Елорданың он жылдығында «Қазақ елі» монументі мен Тәуелсіздік сарайы қаланың туған күніне арналған тамаша тарту болды. Осы жылы қазақтың көрнекті тұлғалары – Әлия Молдағұлова, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлына ескерткіш ор­на­тылды. 2009 жылдың соңында 3 500 көрер­менге арналған бірегей және ең ірі «Қазақ­стан» орталық концерт залы ашылды.

Соңғы үлгіде заманауи стилде салынған Astana Ballet театрының бой көтеруі бас қаланың бедерін ашып, көркіне көрік қосты. Өнер ордасы 2012 жылы ашылға­нымен, театрдың алғашқы концерті 2013 жылдың шілде айында көрсетілді. Бұл театрды көрермен қауым жылы қабылда­ғаны бірден көрінді. Осы күні театрдың жанкүйерлері Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінен келетін туристер де бір кіріп шықпай кетпейтін орталыққа айналған. Театрдың түрлі жанрдағы репертуары әлемдік және отандық шедеврлермен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады. Ұжым өнер көр­сететін негізгі алаң – «Астана балет театры» 2016 жылдың желтоқсан айында ашылды. Жалпы көлемі 15.467 м²-ді алып жатқан шығармашылық орталықтың көрермен залында 783 орын бар. Театр кеңістігін қолданудың заманауи стандарттарына сай сахна көлемі – 536 м². Авансцена, арьер­сцена мен қуыстарды қоса есептегенде, жалпы сахна көлемі 1000 м² артық болса, оркестр орны 50-60 музыкантқа ыңғай­ластырылып салынған. Ал сахнаны транс­формациялау үшін жылжымалы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады.

2013 жылы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ашылды. Орталық Азиядағы ең ірі театр «Астана Опера» әлемдік сәулеттің ең үздік классикалық дәстүрлерін ескере отырып салынғанын атап өту керек. Өнер ордасының архитек­турасында қазақтың ұлттық нақышы ерек­ше ескерілсе, техникалық жабдықталуы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Қазір театр сән-салтанаты асқақ ғимара­тымен және залдардың көркемділігімен ғана емес, сондай-ақ талантты труппа орын­­­­дайтын тамаша репертуармен көрер­мен­дерін таң қалдырып келеді. 2013 жылғы 21 маусымда өзінің алғашқы театр маусы­мын М.Төлебаевтың ұлы туындысы «Бір­жан-Сара» операсымен салтанатты түрде ашқан театрдың қойылымдарында музыка­лық-поэтикалық дәстүрдің жарқын көрінісі тереңінен көрсетіліп, шығармаға қайталан­бас көрініс беруден жалыққан емес.

Шындығында да бүгінде «Астана Опера» опера және балет театры – еліміздің ғана емес, әлемнің аса сәулетті театрлары­ның бірі. Өнер ордасының сәулеттік әсемдігі еріксіз назар аудартады. Себебі ғимарат құрылысының өзі бірнеше мың­даған жылдарға кейін шегініп, антика дәуіріне шомуға мүмкіндік береді. Сәу­леттік мінсіздігі бойынша ол Миландағы «Ла Скала», Мадридтегі Корольдік театр, Мәскеудегі Үлкен театр, Нью-Йорктегі Метрополитен-опера сияқты атақты опера театрларының қатарынан орын алды.

Сонымен біре 2015 жылдың мамыр айында елордада Кеңес Одағының батыры, әскери жетекші Иван Панфилов ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Ал 2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның жүрегінде барлық параметрлер бойынша бірегей оқу орны – Қазақ ұлттық хореография акаде­миясы қолданысқа берілді. Бір айдан кейін Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқар­баевқа ескерткіш орнатылды.

2017 жылы Есіл өзенінің жағасында амфитеатрдың, сондай-ақ «Астана-ЭКСПО» кешенінің салтанатты ашылуы өткені жалпақ жұрттың есінде қалды. Себебі, әлем көз тіккен айтулы шараны әлемдік БАҚ беттері тамсана жазған болатын. Артынша бір жылдан кейін елор­дадағы осы кешеннің аумағында Комедия театры ашылды, ол бүгінде көрнекті қазақ­стандық режиссер Әзербайжан Мәмбетов­тің есімімен аталады.

2020 жыл қаланың мәдени өмірінде Музыкалық жас көрермен театрының ашылуымен және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыка­лық драма театрының жаңа ғимаратының салынуымен де есте қалды. Қазір бұл өнер шаңырақтарындағы киімілгіш бос бол­майтын жағдайға жетті. Бұл да болса бас қаладағы шығармашылық ортаның толыса түскенін айғақтай түседі. Осы жылдың мамырында Астана қаласында Кеңес Ода­ғының екі мәрте батыры Талғат Бигелди­нов­тің ескерткіші ашылды.

Қысқа уақыттың ішінде елордада ха­лықты патриоттық рухта тәрбиелейтін ең­селі ескерткіштер де, мәдениет пен руха­ният дәнін сеуіп тарихымызды білуге үлес қосып жатқан өнер орталықтар да баршы­лық. Ең маңыздысы да сол, осы орталыққа келетін көрермендердің көптігінде. Осы арқылы астанамыздың шығармашылық ортаға шабыт сыйлап, жұртшылықтың жүрегіне жол таба білген мекенге айналға­нын аңғаруға болатындай.

Жадыра МҮСІЛІМ