Астана күніне орай қасиетті мекеннен жеткен өнер ұжымы мерейтойға мәдени тарту ұсынды.
Арқа төсінде апта бойы Түркістан музыкалық драма театрының үздік қойылымдары қойылды. Атап айтсақ, гастрольдік репертуарға Р.Мұқанованың «Фариза», Т.Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», А.Нүсіптің «Мағжан», Е.Аманшаевтың «Қорқыт» қойылымдары енген. Қазір Түркістан музыкалық драма театрының репертуарында 9 спектакль бар.
Сапалы дайындалған спектакльдер бірнеше байқаудың бас жүлделерін де иеленді. Дулат Исабековтің «Бөрте» спектаклі – мәдениет және өнер саласындағы «Ұмай» тұңғыш ұлттық сыйлығын, II халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалінің бас жүлдесін және «Театр сыншыларының бірлестігі» ұйымдастырған «Сыншылар жүлдесін» жеңіп алды. Ticketon.kz сервисінің 10 жылдығына арналған «Тикетон премия-2022» байқауында «Жылдың үздік премьерасын» жеңіп алды және театр актрисасы Айя Шәріп «Бөрте» рөлі үшін «Жыл актрисасы» атанды. Талаптан Ахметжанның «Махаббат мұнарасы» қойылымы 2023 жылы Ticketon.kz сервисі ұйымдастырған байқауда «Жылдың үздік аймақтық спектаклі» номинациясы бойынша топ жарды.
– Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістан облысының мәдени шашуы ретінде гастрольдік сапармен келдік. Астанаға былтыр да келіп, «Қорқыт» пен «Бөртені» қойғанбыз. Бұл жолы гастрольдік сапарымыздың шымылдығын Роза Мұқанованың «Фариза» спектаклімен аштық. Екінші қойған спектакліміз Т. Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», одан кейін А.Нүсіптің «Мағжан», соңғы күні Е. Аманшаевтың «Қорқыт» қойылымдарын ұсындық. Астаналық көрермендер театрымызды келмей жатып-ақ қарсы алды. Әлеуметтік желілерде қай күні келетінімізді сұрағандар көп. Құшақ жайып қарсы алған, ыстық ықыласына бөлеген көрермендерге алғысымыз шексіз. Біз үшін көрерменнің көңілінен шыққаннан артық дәреже жоқ, – дейді Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Өмірін өлеңге балаған Фариза ақынның өзгеше бейнесі де, «Махаббат мұнарасындағы» қос ғашықтың тұтанған сезім оты да, Мағжанның ақындықтан бөлек, адамдық қыры да, Қорқыттың мұң-зары да бәрі-бәрі театрдың осы жолғы сапарында баяндалды. Астана халқы мен қонақтарына әкелген төрт күндік тарту жанрлық та, мазмұндық та тұрғыда көрушісін елең еткізбей қоймады.
– Спектакльдердің әрқайсысына ерекше көңіл бөлеміз. Кеңесші мамандардың көмегіне жүгінеміз. «Мағжан» спектаклін қоятын кезде белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдіден көп кеңес алдық. «Бөрте» бір ғасыр өтіп кеткен оқиға болса, «Мағжан» күні кеше Кеңес заманында болған тұлға. Мағжанның көзін көргендер мен әңгімесін тыңдағандар әлі де бар. Сондықтан біз спектакль қоятын кезде тарихты тереңінен білетін кеңесшілердің қызметіне жүгінеміз. Көрерменге спектакльді жарнамалау, түсіндіру үшін арнайы тизер дайындаймыз. Өйткені театрға келіп жүрген көрермен мен бірінші рет келген көрермендер де бар. Сондықтан тизерді көрерменге түсінікті болу үшін түсіреміз. Сондай-ақ саундтрек жазамыз. Осы жолғы спектакльдер мен бұған дейінгі қойылымдардың музыкасын, либреттосын жазған – театрымыздың талантты композиторы Хамит Шанғалиев. Кешегі «Мағжандағы» композицияны жүрекке жеткізетіндей етіп жазған да Хамит. Әрине, жас ерекшеліктеріне байланысты сырттан актерлер шақырып тұрамыз. Себебі біз жас театр болғандықтан, актерлеріміздің жасы 25-ке дейін ғана. Спектакль нанымды болып шығуы үшін жас ерекшеліктеріне қарай, сырттан актерлер шақырамыз. «Мағжан» спектаклін жазған драматург те, қоюшы режиссер де, сценография жазған маман да жас. Спектакльдің мазмұнын ашуға жастарды тарттық. Олар шетелдік болса да, Мағжан туралы көп ізденген. Мағжанды тек лирикалық ақын, қоғам қайраткерінде ғана емес сценографияда эстет адам образында көрсетті, – дейді Айнұр Көпбасарова.
Оның айтуынша, Түркістан музыкалық театрының әртістері Ресейде және Қазақстандағы өнер академияларында оқыған. Театрдың ең кіші актері 18-де, ал ең үлкені – 25 жаста. Бұған дейін театр гастрольдік сапармен Алматыға, Астанаға және Мәскеуге барған.
– Жаңа маусымға екі қойылым дайындап жатырмыз. Келіссөздер де жүргізудеміз. Біз Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасын қоюды ойлап отырмыз. Ол бұрын М.Әуезов театрында сахналанған. Дегенмен біз өз нұсқамызды ұсынып көрмекпіз. Сондай-ақ «Қаламқас» деген драма және пластиканың синтезі ретінде жасалып жатқан спектакліміз бар. Авторы – Оңайгүл Тұржан. Спектакльге қоюшы режиссерді шақырып жатырмыз, – дейді Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Осылайша, аптаға созылған театр кеші талғампаз көрерменнің қай-қайсысын да бейжай қалдырған жоқ.
К.ЕСІМ