Атырау облысында балықты аулау ғана емес, оны өсіріп, өңдеу жолында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.
Атыраудың бренді  әлем нарығында
2,038
оқылды

Мысалы, жақында Құрманғазы ауда­нындағы «Каспий-Балық» өндірістік коопе­ративі балық өңдеу цехын іске қосты. Қосымша құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Бастысы, зауыт заман талабына толық жауап беретін құралдармен жабдықталған.

 Байда ауылдық округіндегі Перевалоч­ный учаскесінде іске қосылған нысан инвестиция есебінен жүзеге асырылып отыр.

Аумағы 2 500 шаршы метрді құрайтын цех­тың қуаты бір мезгілде 30 тонна балық­ты қабылдауға жетеді. Мұнда әрқай­сысының сыйымдылығы 15 тонналық 5 мұздатқыш камера, 400 тонналық бір балық сақтау орны бар. Өндірістік цехқа жан-жақтағы ауылдардың тұрғындары жұмысқа тартылған.

«Каспий-Балық» ӨК бас инженері Тілек­қабыл Жәкеевтің айтуынша,  аулан­ған балықтар су көліктерімен осы цехқа тасылады. Арнайы жәшіктерге салынып, мұздатылып, белгіленген орындарда сақ­талады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балықты өңдеу мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Біздің цехымызда балық шикізат күйінде емес, өңделген соң ғана экспортқа шығарылады», –  дейді спикер Тілекқабыл Жакеев.

Қазіргі уақытта аталған «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі Құрманғазы ауданының Бірлік ауылындағы «Қызыл-оба» жерінен жаңадан балық өндеу цехын салып жатыр. Цех құрылысы Ресей елінің Нижний-Новгород қаласындағы «Атлан­тик-лайн» ашық акционерлік қоғамымен серіктестікте жүзеге асырылуда.


БЕРІСІ – РЕСЕЙ, ӘРІСІ – ФРАНЦИЯ

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібек­ұлы­ның айтуынша, қазір балық өнімдерін терең өңдеумен тек бір ғана «Амангелді» ЖШС айналысады.

Терең өңдеу дегеннен шығады, «Аман­гелді» кәсіпорнында бүгінде шаруашылық жұмыстары нәтижелі жүріп жатыр. Жыл ба­сынан бері кәсіпорын 330 тонна көле­мінде балық өнімін шығарған.

Каспий теңізі мен Жайық және Қиғаш өзендерінде кәсіпшілік балық аулау мен балық өнімдерін кең ассортиментте шы­ғаратын ең ірі мекеме саналатын «Аман­гелді» кәсіпорны жыл басынан бері 241 тонна балықты шет мемлекеттерге экс­порттап, 89 тонна балықты ішкі нарыққа сатылымға шығарды.  Былтыр балықтың 2 512 тоннадай өнімі өндіріліп, 730 тон­насы өзге елге экспортталса, 1 782 тоннасы ел аумағында сатылған.

Кәсіпорында қазір  балық аулаумен 1 100 адам айналысып жатыр. Ал балық өңдеу цехтары мен мекеме әкімшілігінде 400 адам, жалпы алғанда мекеме бойынша 1 500 адам қызмет етуде.

Қазіргі таңда «Амангелді» кәсіпорнына қарасты компаниялар тобында Атырау облысы бойынша теңізден және өзен­дерден балық қабылдайтын екі ірі айлақ пен балық өңдеп дайын өнім шығаруға арналған бір зауыт және екі цех бар. Соны­мен қатар мекеме өз кәсіби қызметін атқа­руға арналған 20 шағын кеме мен 6 тепло­ходпен қамтылған.

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін аткарушы Азамат Әлібаевтың айтуынша, өткен жылдың II жартыжыл­дығы мен осы жылдың I жартыжылдығында барлығы 4 501 тонна балық ауланды.

«Одан 2,5 мың тонна салқындатылған балық, 300 тонна балық еті, 350 тонна ысталған, 200 тонна қақталған балық өнімдері шығарылды. Шығарылған дайын балық өнімдері Атырау қаласы бойынша 28 сауда нүктесінде сатылып жатыр. Қа­зіргі күні дайын балық өнімдері Қазақ­станның батыс өңірлеріне жеткізіліп, шет елдерге жіберіледі. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Украина, Германия, Польша, Румыния, Франция, Латвия, Грузия, Изра­иль елдеріне экспортталады», – деді А.Әлібаев.


БЕКІРЕ ӨСІРУ ЗАУЫТТАРЫ МОДЕРНИЗАЦИЯДАН ӨТЕДІ

Былтыр бекіре өсіру зауыттарын бірік­тіру жолымен қуатын арттыру жөні­нде қаулы шықты. Қазіргі уақытта тиісті ми­нис­трлікте жобалық-сметалық құжат дайын­­далып жатыр. Келесі жылы бекіре өсіру зауыттарын модернизациялау бас­талады. Жоспар бойынша қос зауыт та 80 пайызға жаңартылады деп күтілуде.

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәді­бекұлының айтуынша, зауыттар модер­ни­зациядан өткен кезде балықты ұрықтан­дырудан бастап, өзенге жіберуге дейінгі процесс толықтай автоматтан­дырылады. «Ал қуатын 12 миллионға жеткізу жос­парланып отыр. Махамбет ауданында қосымша бекіре шабақтарын өсіру бағытында жаңа нысан ашылады. Оған жергілікті қазынадан 1 миллион 200 мың теңге қаралады.

Сонымен бірге, Құрманғазы ауданын­дағы «Каспийфиш» ЖШС-іне тиесілі Шортанбай балық өңдеу зауыты толық модернизациядан өтеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 11 миллиард 600 миллион теңге қаралған деді Артур Сәдібекұлы.

Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Аты­рау облысы бойынша 19 субъект кәсіптік балық аулаумен айналысуда. Оның ішінде, төртеуі тауарлы балық өсіруді қолға алған.

«2021 жылы «Шағала – Атырау» кәсіптік балық аулау субъектісі тіркелген болатын. Былтыр балық аулап, әрі өсірумен айналысатын «Сағиева» мен «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктері іске қосылды. Бүгінде «Сағиева» серіктестігі өзі өсірген 30 мың тонна шабақты тоғанға жіберіп отыр. Оның 5 мың тоннасы – бекіре, қалғаны – қара балық. Ал «Тілекші» техникалық тоғанда тұқы балығын өсіріп жатыр. Егер бекіре бес жылда өнім берсе, тұқы екі жылда екі-үш келі жинап, тауарлы балыққа айналады» дейді Атырау облыстық балық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Қазіргі уақытта осындай ірі шаруа­шылықтың Махамбет пен Құрманғазы аудандарында үшеуі, облыс орталығында екеуі бар.

Былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша 15 мың тоннаға жуық балық ауланған. Оның 13 мың тоннасы өңделген. 7,5 мың тонна өңделген балық алыс-жақын елдерге экспортталған. Ерекше атап өтерлігі, биыл ішкі нарықта Атырауда өндірілген балыққа ел ішіндегі сұраныс айтарлықтай артқан. Атырауда өңделген бренд осылайша, ішкі-сыртқы нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп жатыр.


Баян Жанұзақ,
Атырау облысы