Соңғы күндері Арал теңізінің құрғаған ұлтанынан су шыққаны жайында жиі айтылып жүр.
Аралдағы оазис құрғақшылықтан құтқара ма?
1,127
оқылды

 Тіпті, Сәтбаев университетінің гидролог ғалымдары теңіз астындағы тіршілік нәрінің тұщы екенін, Арал аумағын жасыл желекке бөлеуге зор мүмкіндік туып отырғанын алға тартты.

Жалпы бүгінде Арал теңізі аймағы құрғақшылықтың құрсауында қалып, экологиялық зардабы артып, тіршілігі тұралап тұр. Ала жаздай шаңды бораннан көз ашпайтын өңір халқының басты арманы – теңізімен қайта қауышып, атакәсібін дөңгелетіп, берекелі тұрмыс кешу. Дейтұрғанмен, экологиялық ахуалы күн санап төмендеп келе жатқан Аралдың болашағы бұлыңғыр тарта бастаған. Бірнеше жыл бұрын көктен бір тамшы жауын тамбай, құрғақшылық белең алып, қуаңшылықтан төрт түліктің жаппай қырылғаны ел есінде. Ал соңғы жылдары өңірде теңіз байлығының тапшылығы сезіліп, балық шаруашылығынан береке қашқаны жиі айтыла бастады.

Жуырда ақпарат көздерінен Аралдың құрғаған ұлтанынан су шығып, егінжай мен мал шаруашылығын өркендетуге мүм­кіндік арта түскені желдей есті. Жағымды жаңалық, жергілікті жұртшылықтың үзіл­ген үмітіне қайта сенім ұялатқандай болды.

Дерекке сүйенсек, Арал маңынан бұған дейін де мөлдір бұлақтың көзі табыл­ғаны мәлім. Соның айғағындай, Арал ауданына қарасты Ақеспе елді мекенінен 1200 метр тереңдіктен мөлдір, ащы, 62 градустағы ыстық су шығып, ел игілігіне емдік мақсатта пайдалануға берілген бо­латын. Бұдан өзге, Қасқақұландағы  тұщы су «Барсакелмес»  қорығында мекендейтін аң-құсқа нәр сыйлағаны да белгілі. Сонымен қатар 2019 жылы Қарақалпақстан елінің Мойнақ ауданы орталығынан 230 шақырым жердегі Арал теңізінің кеуіп қалған табанынан су шыққаны да жария болған еді. Соған орай экологтар теңіз астында мол судың қоры болуы мүмкін деген тұжырымға келіп отыр.

Бұл жолы теңіз ұлтанын көгалдандыру және суландыру мақсатында Қаратерең ауылдық округінен 50 шақырым жерден  су ұңғымасын қазу жұмыстарын американ­дық Юсайд (USAID) және Халықаралық Аралды құтқару қорымен бірлесе атқарған. Осы орайда Аралды құтқару қорына арнайы хабарласып, мән-жайды білмекке тырыстық.

«Өткен жылдан бастап Аралды құтқару қоры атқарушы дирекциясының қол­дауымен жаңа өңірлік жобалар жүргізіліп жатыр. Соның аясында америкалық Юсайд даму агенттігімен бірлесіп, қоршаған ортаны қорғау мақсатында теңіз ұлтанынан 500 гектар жерге сексеуіл егуді қолға алдық. Соған орай сол маңнан ұңғыма қаздық. Себебі кеуіп кеткен Оңтүстік Арал, яғни Ұлы теңіз ұлтанында су жоқ. Бұл араға дария суы да бармайды. Ал сексеуілге алғашқы үш жылда кем дегенде айына бір мәрте су құйылып тұруы қажет. Сол себепті де бұрғылау жұмыстарын жүргізгенбіз. Нәтижесінде, 500 метр тереңдіктен су шығардық», – деп түсіндірді бұл жайында Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекция­сының директоры Болат Бекнияз.

Дирекция директорының мәлімдеуін­ше, жер астынан шыққан су тұщылығымен ерекшеленеді. Зерттеулер нәтижесімен судың құрамы литріне 3,8 грамды құрайды. Яғни сексеуілді және басқа да егістік алқаптарды суаруға қолайлы болатын секілді. Сонымен қатар «Барсакелмес» мемлекеттік қорығын мекендейтін жан-жануарларды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге де үлкен мүмкіндік туып тұр. Бүгінде мемлекеттік қорықта қызыл кітапқа енген құлан, қарақұйрық және киіктер мекен­дейді. Жерасты суы шөлді аймақта өсіріліп жатқан жануарларды  құрғақшылықтың зардабынан құтқаруға сеп болатынын алға тартады.

«Жалпы бұл пилоттық жоба аясында теңіз ұлтанынан оазис жасап жатырмыз. Ал оған бірінші кезекте су қажет екені белгілі. Барлығы өзіміз жоспарлағандай жүріп жатыр. Теңіз астынан су шықты. Тіршілік нәрі ұңғымадан үлкен қысыммен атқылап жатыр. Бүгінде осы жерасты суын сексеуіл егілген аумаққа арықпен ағызып қойдық. Жуырда өзім Арал ауданында арнайы болып, осындай атқарылған жұмыстарды көзбен көріп қайттым. Бәрі де жоспарға сай жүргізілуде. Алдағы уақытта осы жерасты суы арқылы шағын көлшіктер жасауды да мақсат тұтып отыр­мыз. Сол арқылы аң-қүстар мен үй жа­нуарлары су ішеді. Сондай-ақ жайылым­дық жерлерге нәр беріп, мал азығының молаюына да мүмкіндік ашатын болады. Осы орайда дүниежүзілік банкпен тағы бір жобаның техникалық  негіздемесі жасалып жатқанын айта кеткім келеді. Соның ая­сында  қосымша тағы үш жерден дәл осындай  ұңғыма жұмыстарын жүргізу межеленуде», – деп ойын сабақтады қор директоры.

Халықаралық қор директоры кезекті жоба бойынша Аралдың шығыс бетіне егілген сексеуілдерді суару үшін қосымша ұңғымалар қазу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Осындай жобалардың жалпы құны 300 мың АҚШ доллары болатынын алға тартты. Сонымен қатар көршілес Өзбекстан еліндегі мамандар да жерасты суын шығару үшін ұңғыма қазуға кіріскелі жатқанын да жеткізді.

Ендігі кезекте еліміздегі Сәтбаев пен Назарбаев университеттері бірлесіп, жер­асты суының пайда болу кезеңін өлшеу жұ­мыстарын қолға алмақшы екен. Осын­дай зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұңғыма арқылы жерасты суларын көптеп пайдалану көзделіп отыр.

Ең бастысы, Халықаралық Аралды құтқару қоры тарапынан құрғаған теңіз табанын көгалды алқапқа айналдырып, тұрғылықты халықтың тұрмысын арт­тыруға негіз болатын игі жобаларды қолға алып отырғанын мәлімдеді. Бұл тіршілік нәріне шөліркеген жұртшылықтың ата кәсібімен қайта қауышуына жол ашатын берекелі бастама болатынына сеніммен қараймыз.

Қызылорда облысы
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ