Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай өтті.
Моңғолиядағы қандастар құрылтайы
740
оқылды

Шара «Отандастар қоры» пре­зиденті бастаған Қазақстан­дық делегация Моңғолияның елор­­дасы Ұлан-Батырдың На­лайх ауданының әкімі Ч.Рад­нааба­зар және мәслихат депу­таттарымен кездесуімен бас­тал­ды. Айта кетерлігі, бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады.

Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моң­ғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқаш­баев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түр­кияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.

Сол күні аталған делегация Моң­ғолия қазақтарының кіші Құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ау­данына да арнайы ат басын тіреп, сондағы қандастармен кездесті. Басқосу Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моң­ғолиядағы «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ұйым­дастырылды.

Кездесу барысында Абзал Сапар­бекұлы шетелден елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қол­даулар туралы да баяндады. Бұған қоса, биылдан бастап іске асырылуы жос­парланған, шетелдегі этникалық қа­зақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы ақпарат берді.

Қазақстан Республикасының Моң­ғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының ашылуына орай құттықтау сөзімен бастады. Елшіліктің қандастарға елімізде көрсетіп жатқан қолдауларға дәнекер ретінде қызмет ететіндігіне тоқталды.

Шараның екінші күні «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастары­ның даму болашағы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Жиын Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар­дың 30 жылдығына орай ұйымдасты­рылды. Дөңгелек үстелдің құрметті қонағы ретінде Моңғолияның тұңғыш президенті П.Очирбат қатысты.

Дөңгелек үстелде Қазақстан мен Моңғолияның дипломатиялық, мә­дени, саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастары әңгіме арқауы болды.

Қазақстаннан келген депутаттар өз кезегінде екі ел Парламент достық то­бының күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге күш жұмсау керектігін атап өтті. Осы ретте Баян-Өлгей аймағымен тікелей рейс ашу және Қазақстанға жақын аймақтарда Қазақстанның консулдығын ашу пысықталып жат­қанын тілге тиек етті.

Құрылтай аясында шара ары қарай Моңғол Ұлттық университетінде жалғасты. Сол күні осы білім ордасында Моңғолияның халық жазушысы, тарих­шы, драматург, қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейдің «Отандастар қоры» ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазу­шылар одағы және Sun компаниясының қолдауымен «Ұлы Дала» айдарымен шыққан «Сеңгір таулар» атты рома­нының тұсаукесері өтті. Кітап авторы Сұлтан Таукей бұл кітапты қазақтардың Моңғолиядағы тұрмыс-тіршілігі мен тарихын моңғол оқырмандары түсіну үшін моңғол тілінде  жазғанын айтты.
Сөз соңында автор Отандастар қо­рына өз алғысын білдіріп, Қор жұмы­сына сәттілік тіледі. Тұсаукесер бары­сында Абзал Сапарбекұлы Сұлтан Тәукейге Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі куәлігін тапсырды.

Бұдан әрі Моңғолияда өтіп жатқан кіші Құрылтай қазақтар шоғырлана қоныстанған Баян-Өлгий аймағында жалғасып, Тұғрыл-Хан бейресми ұйы­мы­ның бастамасымен бизнес форум өтті. Осындай Форум осымен 4-рет ұйымдастырылуда. Бұдан бұрын Аста­на қаласында бастау алып, Көлсайда, Катон Қарағайда өткен болатын.
Шараның Баян-Өлгийде жал­ғасуының басты себебі – форум қа­тысу­шылырының дені Моңғолиядан Қазақстанға келіп өз кәсібін ашқан азаматтар. Атап айтсақ, аталған іс­керлік жиынға Қазақсаннан 60-тан аса кәсіпкер, Баян-Өлгий аймағынан ең атақты 50 кәсіпкер, сонымен қатар Еуропадан да қандас кәсіпкерлеріміз арнайы келіп қатысты.

«Бизнес форумның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, сауда-сат­тық­ты,экспортты дамыту», – дейді форум төрағасы, кәсіпкер Мұрат Дәкейұлы.

Осы орайда қазақ-моңғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға және ұлттық руха­ниятқа қосқан үлесі үшін бірқатар қа­зақ-моңғол қайраткерлері марапат­талды.

Атап айтқанда, Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, моңғол-қазақ парламенттік достық тобының тең төрағасы – Бәделхан Қабдыісләмұлы «Достық» орденіне, Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралы­ның бұрынғы депутаты, саясаткер, ұлт жанашыры – Тілейхан Әлмәлікұлы және Моңғолияның Еңбек және әлеу­меттік қорғау вице-министрі, ғалым, PhD докторы – Зульфикар Сарқытұлы «Шапағат» медаліне ие болды.

Ал Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесі, «Баян-Өлгийдің Ұлан-Батыр қаласындағы Жерлестер алқасы» үкіметтік емес ұйымының төрағасы – Әубәкір Тілеуханұлы; Моң­ғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты – Бейсен Бұланұлы; Моңғо­лияның халық дәрігері, қазақ тілінің жанашыры – Асай Рәмішұлы; Меди­цина ғылымдарының докторы, про­фессор, атақты нейрохирург, Моңғо­лия­ның халық дәрігері – Нота Әнуарұлы; «Арулар» әйелдер одағының төрайымы – Айнагүл Сарайқызы; ақын, аудармашы, Моңғолиядағы қазақ жастарын қолдаушы – Байыт Қабанұлы; «Алаш Моңғолия» бей­ресми ұйымының төрағасы, Ұлан-Батыр қаласында домбыра үйірмесін ұйымдастырушы – Оразбек Сейтах­метұлы; Моңғолиядағы Мұсылман қо­ға­мының төрағасы, Моңғолия Прези­дентінің жанындағы Діни кеңес мүшесі және Моңғолиядағы қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуіне тұрақты қолғабыс көрсетуші – Батырбек Хадысұлы Қа­зақстан Республикасы Президентінің Төс белгісімен және Алғыс хатымен марапатталды.

Наурызбек САРША