Қазақ спортына сұранып келген және сырттан келіп қосылған легио­нерлер легі аз емес.
Легионер легі толастамай тұр
764
оқылды

 Әсіресе, фут­бол, хоккей, баскетбол клубтарынан өзге елдің азаматтарын жиі байқай­мыз. Олардың айлықтары да мил­лион­дап саналады. Бірақ айды аспанға шығарып, қазақ спортын нәтижеге жеткізіп жүргендері аз. Неге?

Қазір спортқа легионерлерді тарту еш­кімге де таңсық емес. Себебі шет мемле­кеттерден спортшылар шақыру – әлемдік спорт саласында қалыптасқан құбылыс. Дегенмен біздің елімізде легионерлерге көрсетілетін «құрмет» тым жоғары. Осы мәселені бұған дейін Парламент Мәжілі­сінің бұрынғы депутаты Сәкен Қаныбеков те көтерді. Оның пайымынша, жыл сайын спорт және дене шынықтыру саласындағы уәкілетті орган легионерлерді қысқарту бойынша саясатты жүргізеді. Дегенмен олардың саны қысқартылмайды.

– Барлық спорт түрлерінде бюджеттік шығындарды қайта қараудың уақыты келді. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы соңғы жарияланымдарға сүйене отырып, көптеген Еуропа елдері, сондай-ақ Ресей мамандар мен легионерлерден бас тартуды қолдады. Осы шешімдердің қабылдануы жас спортшылардың ішкі әлеуетін дамыту­ға мүмкіндік береді, – деді С.Қаныбеков.

Алайда легионерлер саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Айталық, 2021 жылы премьер-лигадағы 370 футболшының 150-і – легионер болыпты. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер екен. Бұл тек футболдағы бізге мәлім легионерлер саны. Ал басқа спорт түрлерінде шеттен келген ойыншылар қаншама?

– Шеттен спортшылар шақырғанда Роналду мен Мессиді әкеп қойса, бір жөн. Бірақ біздің футболға Молдова деген елдердің екінші, үшінші девизионында жүрген ешкім танымайтын, ешқандай нәтиже көрсетпейтін жігіттерді әкеледі. Олардың арасында күніне 1 млн теңгеге дейін табатындар бар, – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.


Қыруар қаржыны қалтаға басады

Былтыр «Барыс» хоккей клубының ойыншысы Никита Михайлистың жылына 401 миллион теңге жалақы алатыны белгілі болды. Бұл аздай, Линдей Вей деген ше­телдік ойыншыға бір жылдық шарт пен 481 миллион теңге ұсынған. Былтыр «Спорт қоры» арқылы тек «Барыс» хоккей клубына 8 млрд теңге бөлінген. Ал ондағы кейбір ойыншылардың айлығы 40 млн теңгеден асады деген де ақпарат шыққан еді. Әрине, мұндай қомақты сома шет елден келген легионердің қалтасына түсетіні белгілі.

– Бір жаманы қазір Ресей, Армиян, Беларусь ойыншыларын легионерлерге қоспайды. Хоккейде де солай. Осы елдердің ойыншылары легионер болып есептелмейді және Канада, Америкадан үйіп-төгіп спортшылар әкеледі. Былтыр хоккейшілерге ресми 8 млрд теңге бөлінді деген ақпарат шықты. Бірақ КХЛ оны 2,5 млрд деп отыр. Қалған 5,5 млрд қайда екенін білмейміз. Ешкім есеп беруді міндет деп ойламайды, – дейді Аслан Қаженов.

Үлкен спортта оның ішінде хоккей, фут­бол сияқты командалық спорт түр­леріне сырттан ойыншы шақыру – бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі. Легио­нерлерді шақырмай жақсы команда жасақтау мүмкін емес. Өйткені командалық спорттың басқа спорт түрлерінен ерек­шелігі 1-2 ойыншы чемпионаттың тағ­дырын шеше алмайды. Сондықтан мықты клубтың құрамында міндетті түрде легио­нерлер болады. Ал командамыз көштен қалмай жүре берсе жетеді дейтін болсақ, легионерлердің де қажеті жоқ. Қаржысы көп әлемдік деңгейдегі клубтар үшін біз айтып жүрген 480 миллион теңге тек түстенудің құны болып саналады. Ұлттық хоккей лигасында ойнайтын Канада мен Американың клубтары легионерлерді бізден 10-20 есе көп ақша төлеп шақырады. Сондықтан спорт сарапшысы Несіп Жүнісбайұлының айтуынша, елімізде кәсіпқой клубтар ең бірінші өзін-өзі қаржыландыратын болса ғана шеттен спортшылар шақыруы керек.

– Америкадағы клубтар ақшаны өздері табады. Ешқашан Канада мен Американың үкіметі спорт клубтарын қаржыландыр­майды. Ал кәсіпқой клубтар қаржыны қалай табады? Бірінші клуб ойынды көруге келетін жанкүйерлердің қолдауымен, екінші өздері тәрбиелеген ойыншыларды сату арқылы, үшінші түрлі жарыстарға қатысып жүлде қорларын жеңіп алса, төртінші жарнама берушілер арқылы ақша табады. Мұндай жағдайда кәсіпқой клуб қаржысын қайда жұмсаса да өзі біледі. Ал Қазақстанның жағдайында спорт клубта­рының қыруар қаржыға спортшы шақыруы – ақымақтық. Себебі біз көп болса өз тобымыздан әрең шығып, ары қарай іріктеу кезеңінің 1-2-ойындарда сүрінеміз. Құрлықтық хоккей лигасында ойнап жатқан командалардың, чемпионаттың маңызы анау айтқандай емес. Біздің елімізге ол чемпионаттан үлкен абырой да келмейді, – дейді спорт сарапшысы.

Жалпы Қазақстанда өзге елден спортшы шақыру үрдісі 90-жылдардан бастау алған. Алғашында еліміздің Ауыр атлетика федерациясы сырттан легио­нерлерді алдыруға қатты әуес болатын. Өйткені елімізде ең көп легионерлерді шақырып, мәртебелерін көтерген ауыр атлетика екен. Федерация құрамына келіп, Қазақстан азаматтығын алған Эдуард Тюкин, Вячеслав Ершов, Алла Важенина, Светлана Подобедова секілді ресейлік зілтеміршілердің жетістіктерін атап өтуге тиіспіз. Одан кейін қытайлық Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза да қоржы­ны­мызды майлады. Шетелдік спортшыларды тарту арқылы жетістікке қол жеткізген Ауыр атлетика федерациясының бұл қадамы кейін өзге спорт салаларын да дендей бастады. Теннис, күрес, футбол, велоспорт сияқты спортта «Қазақстанның жаңа азаматтары» көбейе бастады. Бірақ барлық федерацияның қадамы табысты болды деп айта алмаймыз. Тіпті қазаққа жақын спорт түрі – күрестен де сырттағы­ларды сынап көрдік. Қазақтың білекті һәм жүректі жігіттері тұрғанда легионерлер жастарға үлгі болады деген тым өрескел ұстаным екенін ескергендер саусақпен санарлық. Легионерлерді шақыртуға құ­мар­лардың айтар уәжі біреу – Қазақстан­ның халықаралық беделін көтеру, имиджін қалыптастыру. Жасанды бедел алып, елге абырой бола қоймасын ескергендер тым аз. Осылайша, тәуелсіздік алғаннан бері, ақша үшін Қазақстан сапында өнер көрсеткен талай спортшылар келіп, кетті.

Легионер тарту – спортты дамыту емес

Соңғы кездері «Уимблдон» турнирін жеңген Елена Рыбакина мен жеңіл атлети­кадан әлем чемпионатында көзге түскен Нора Джерутоның жұлдызы жарқырады. Алайда екі спортшының Қазақстан атынан шығып жүргеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Олардың жетістігі еліміздегі спорт саласының дамуының айқын көрінісі ме? Әлде уақытша нәтиже ме?

– Мен легионерлерге қарсы екенімді бұрыннан айтып келемін. Одан да соларға құртып жатқан қаражатты өзіміздің игі­лігімізге жұмсасақ, көптеген дарындары­мызды көтеруге болар еді. Бапкерлердің айлығын көтерсек, олар да жақсы жұмыс істеуге ынталанар еді. Бүгінде тенниске, күреске, ауыр атлетикаға тағы басқа спорт түрлеріне легионерлер көптеп келіп жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл үрдіс бүгін пайда әпергенімен, аталмыш спорт түрлерінің қуанышын ұзаққа созбайтыны белгілі. Менің ойымша, легионерлерді тарту – спортты дамыту үшін емес, сол федерациялардың президенттері өз бедел­дерін көтеру үшін жасалып жатқан қадам. Өйткені легионерлердің жеңісі еліміздің атын әлемге шығара алмайды, – дейді бапкер Тұрсынғали Еділов.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін «Астана» велокомандасына да, басқа спорт түрлеріне де қаншама легионерлер шақыр­дық. Олардың барлығы бірдей жоғары нәтиже көрсеткен жоқ. Ал бір-екі жарыста топ жарғандары келісімшарт аяқталған соң өз елдеріне кетеді. Осылайша, қаншама қар­­жыны желге ұшырдық. Жүгіруден бәрі­бір Кениядан оза алмаймыз. Өйткені әр елдің өзіне ғана тән озық спорт түрлері бар.

– Сол сияқты біз де өзімізге жақын, өзімізде бар спорт түрлерін дамытуымыз керек. Легионерлерге төлейтін қыруар қаржыны үнемдеп, өз елімізден де мықты бапкерлер мен чемпиондар дайындай аламыз. Менің ойымша, қазақ балаларын оқытып, чемпион дайындауға әлі де кеш емес. Төл спортшыларымызға қолдау біл­діріп, Әнұранымызды жүрегімен орындап, көп байрағымызды риясыз көңілмен мақтана желбіретіп тұрған спортшы ғана патриоттық рухымыздың асқақтай түсуіне, нығайта түсуіне үлес қосады, – дейді бапкер.

Ұлттық құрамаларға легионер шақыру, ішкі біріншіліктегі шетелдік легионерлерді жерсіндіру мәселесі қай уақытта да өзек­тілігін жойған емес. Мұндай үрдіс бүгінде барлық спорт түрінде кең етек алған. Қа­зақстан хоккей құрамасының америкалық, канадалық легионерлерге азаматтық бергенін отандық спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Заң бойынша Қазақстанда кемінде 5 жыл тұрған, осы елдің суын ішіп, ауасын жұтқан азаматтар ғана азаматтық ала алады. Бірақ спортта, жалпы, Қазақ­станда ғана емес, әлемде азаматтықты жылдам беру үрдісі қашаннан-ақ бар. Алайда күні кеше Ұлттық хоккей құрама­сында болған Егор Петухов, Антон Сагадеев және Алексей Маклюковтің Қазақстан азаматтығынан бас тартқанын және ұлттық құрамадан шығатыны белгілі болды. Құрамаға «жұғымсыз болған» үштік Қазақстан азаматтығын алса да, Ресей азаматтығынан бас тартпаған. Олар ақыр соңында Қазақстан құрамасына қосыл­мауға шешім қабылдады. Олардың әрекеті ел құрамасының дайындығы мен бабында болуына нұқсан келтіріп, шығынға батыр­ғаны анық. Кезінде аттай қалап алдырып, бар жағдайын жасаған легионерлер осы­лайша бір сәтте құрамадан да, азаматтықтан да шығамыз деп отыр.

– Бөтеннің жеңісіне малданғанда отан­дық спорттың сапасы жақсарып кетпейді. Легионерлер арқалы уақытша тығырықтан ғана шығамыз. Аталмыш тәжірибе елімізге ештеңе берген жоқ. Керісінше спорт сала­сы күннен-күнге құлдырап барады. Талай мықты спортшылар мен бапкерлер бар. Бірақ олардың еңбегі бағаланбай, келім­сектердің тасасында қалып келеді. Отыз жылда келіп, кеткен легионерлерге қыруар қаржы төлесек те, олардың нәтижелеріне ешкім бақылау жасап отырған жоқ, – дейді Тұрсынғали Еділов.

Иә, судың да сұрауы бар. Ел бюджеті­нен бөлінген қыруар ақшаға шақырылған легио­нерлердің нәтижесіне бақылау жасайтын уақыт келді.

Көктем ҚАРҚЫН