Басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, ҚХР, Венгрия мемлекеттерінің өкілдері қатысты.
Жиында Ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) дүниежүзілік федерация құрылғаны ресми хабарланды, оның штаб пәтері Алматыда орналасқан. Қатысушы мемлекет өкілдері дүниежүзілік федерацияның президенті етіп ҚР Аударыспақ федерациясының президенті, Аtasu Group компаниясының басшысы Марат Жұманды сайлады.
Съезге қатысқан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл шараның маңызына тоқталды.
«Еліміздің ұлттық спорт тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ұлттық ойынымыз – аударыспақты әлемдік дәрежеге көтеретін сәт туды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерімен біріге отырып аударыспақ спортын дамытамыз, дүниежүзіне танытатын боламыз. Баршаңызға белгілі, келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында. Біз – көшпенділер ұрпағымыз, бұл шараны өте жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл орайда Ұлттық спорт қауымдастығы өзіне қарасты федерациялармен бірлесе жүйелі жұмысты бастап кетті. Бүгінгі дүниежүзілік аударыспақ федерациясының құрылуы соның дәлелі деп білемін. Осы орайда аталмыш спорттың дамуы мен өркендеуінде тынымсыз еңбек етіп жүрген Аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман мырзаға ерекше алғысымды білдіремін», – деді Исламбек Төлеубайұлы.
Ат үстіндегі күрестен дүниежүзілік федерацияның жаңа президенті Марат Жұман аударыспақ ойынын дәріптейтін елдерден келген қонақтарға алғыс білдіріп, ұйымның алдағы жоспарымен бөлісті.
«Бүгін баршамыз Алматының төрінде аса маңызды шараға жиналдық. Осы айтулы басқосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін елдерден келген өкілдерге, сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жиын қазақ елі үшін, ұлттық спорт үшін тарихи күн болады. Әлемнің алпауыт бірнеше мемлекетімен бірлесіп ат үстіндегі күрестен дүниежүзілік федерация құру арқылы ұлттық спортымызды жаһанға паш етеміз деген үлкен жоспарымыз бар. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Болашақта федерацияға мүше елдермен бірлесе аталмыш спорттың дамып, өркендеуіне күш салатын боламыз», – деді Марат Қожаханұлы.
Аударыспақ спорты қазақтың ұлттық аударыспақ ойынына негізделген. Мұндай спорттық ойындар қазіргі таңда тек Қазақстан емес, Орталық Азия, Кавказ өңірі, тіпті, Еуропа елдерінде де танымал. Елімізде де осы спорт түрімен айналысатын балуандар жылдан жылға көбейіп келеді. Жиын барысында аударыспақтың бірыңғай ойын тәртібі бекітілді. Негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты аударыспақтан алынды. Қазақстан делегациясы ұсынған ертоқымды пайдалану, диаметрі 15 метр алаңның мөлшері бекітілді. Одан бөлек, спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданды. Ересектер алты салмақ санаты бойынша жарысқа қатыса алады: 60, 70, 80, 90, 100, 100+ келілер. Жастар арасындағы салмақ дәрежесінің де алты санаты бекітілді: 50, 60, 70, 80, 90, 90+. Салмақ категориясын енгізу соңғы кезде қалыптасты, мақсаты – спортшыларға неғұрлым тең жағдай жасау. Ертеде кез келген тілек білдіруші салмағына қарамай өз еркімен жарысқа қатыса беретін болған. Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ұлттық спорт түрлері – халық құндылығының ажырамас бөлігі. Қазақтың кез келген ойыны ерлікті, батыл, өжет, шапшаң, епті қимылдауға, тапқырлық пен табандылыққа, байсалды болуға үйретеді. Ата-бабамыздың заманынан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.
Жиында сондай-ақ аударыспақтан алдағы уақытта өтетін жарыстардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR (бейнебақылау) қойылу міндеттелді. Қырғыз Республикасының өкілдері жаңа бекітілген бірыңғай ойын ережелері бойынша алғашқы әлем чемпионатын осы жылдың қыркүйек айында Ыстықкөлде өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы қатысушы барлық мемлекет бірауыздан қолдады.
Асыл ТҰМАР