«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген тәмсіл бар. Ал Есеп комитеті мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының арасындағы текетірестен кім қандай зардап шегеді? Бұл текетірестің нүктесі қашан қойылады?
Әзірге екі тарап та өзінікін дұрыс санап отыр. Кімге сенеріңді білмейсің. Өйткені біреуі ел экономикасының маңызды салаларының басын біріктірген үлкен Қор, екіншісі – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын құзырлы мекеме. Бұлардың айтысы ауыл ішіндегі айтыс-тартыстан әлдеқайда ауқымды. Миллиардтар туралы әңгіме айтылатын жерде абайламаса, абыройға нұқсан келеді. Осы тұрғыдан келгенде қос құрылымның табандылығы кәдімгідей ойландырады екен. Өзі бұл айтысқа не себеп болып еді, шегініс жасап көрейікші. Есте болса, Президент былтырғы Жолдауында Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жылдың ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты қандай үлес қосқанын білгісі келетінін айтты.
Ол үшін Үкіметке Есеп комитетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуді тапсырды. Есеп комитеті іске кірісті. Сөйтіп, ақпан айының ортасында комитет басшысы Наталья Годунова Ақордада есеп берді, Қордың қордаланған мәселелерін жайып салды. Ұзын-ырғасы экономикадағы квазимемлекеттік сектордың үлесі азаймай тұр, компаниялар республикалық бюджеттің қолдауына тәуелді, сатып алулар кезіндегі рәсімдерде әлі күнге ашықтық жоқ. Шарттардың дені бәсекелес жолмен жасалмайды. Есеп комитеті мұнымен тоқтап қалмады, Президент қарауына квазимемлекеттік сектордың кейбір компанияларын жабу мақсатында оңтайландыру туралы ұсынысын енгізді. Қызықтың көкесі осы тұста басталды. Ақордадағы қабылдау туралы аз-маз ақпаратқа тоймай қалған БАҚ құралдары Есеп комитетіне сауал жолдап, ұлттық холдингтердің экономикадағы үлесі, яғни жиынтық активтері 32 триллион теңгеден асатыны, ал мемлекетке төлейтін дивидендтері мен таза кірістері арасында айырмашылық жер мен көктей екені туралы ақпаратқа қол жеткізді. Бұл мәліметтер ақпарат құралдарын шарлап кетті.
«Самұрық-Қазына» бұл сынға жауап беру құқын пайдаланып, Есеп комитетінің мәліметтерін жоққа шығарды. Комитеттің квазимемлекеттік сектордың кейбір компанияларын таратуға қатысты мәлімдемесіне Қордың 167 компаниясының 141-і бәсекелес ортаға шығарылғанын және таратылғанын, қалған 26-ның 23-і бойынша биыл жекешелендіретінін жеткізді. «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары мен Үкіметке төлеген дивидендтеріне қатысты та мәліметтерді жайып салды. Сөйтіп, өзіне айтылған сынды «Шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеді. Бұл – шындап келгенде, ауыр айып. Есеп комитетінің біліктілігіне нұқсан келтіретін мәлімдеме.
Жалпы, Қорға қатысты сын биыл ғана айтылып жүрген жоқ. Алысқа бармай, 2017 жылдың ақпанын еске алсақ. Сол кезде де Есеп комитеті «Самұрық-Қазынаның» жұмысынан қаржылық және процедуралық бұзушылықтарды анықтадық деген. Қорға тиесілі компаниялардың акцияларын халықтық ІРО-ға шығару бағдарламасының орындалмағанын, яғни жоспардағы 6 компанияның ІРО-ға екеуі ғана шығарылғанын айтқан. Сол жылдың маусымында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Самұрық-Қазынадағы» тендердің 94 пайызын жыл бойы жалғыз компания ұтып отырғанын мәлімдеген. Сондықтан жемқорлыққа қарсы агенттік квазимемлекеттік сектордың қазына қаржысын қалай және қайда жұмсағанын жіті тексеруді және тендерді электронды жүйге көшіруді, сонымен қатар байқау өткізетін қызметкерлерді екі жыл сайын ауыстыруды ұсынған. Бұл ұсыныстардың қайсысы жүзеге асқаны белгісіз. Себебі екі жыл бұрынғы айыптаулар әлі жалғасып келеді.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, бұл екі құрылымның арасындағы айтыс-тартыс тоқтауы үшін жауапты экономикалық саясат жүргізілуі керек деп санайды.
«Квазисекторды қысқарту туралы жиі айтамыз, алайда кей мәселелерге жіті назар аударуымыз керек. Мысалы, төлем балансына оң сальдоны қамтамасыз ететін және теріс сальдоны азайтатын компанияларды қысқартпау керек. Ұлттық қауіпсіздік, экономиканың стратегиялық маңызды салалары туралы заңдар бар, осы заңдарда көзделген ұлттық қауіпсіздікке қызмет ететін кәсіпорындарға да тиіспеу керек, ықшамдауға болады. Ал нарықтық экономикада жеке секторға кедергі келтіретін квазикомпанияларды реформалау керек, қысқартса да болады», – дейді ол.
Экономистің пікірінше, кейбір қарызы бар квазимемлекеттік компанияларды жауып тастауға асықпау керек. Себебі оның қарызы мемлекеттің мойнынан ілінеді, сондықтан оларды қысқартпай, сыртқы міндеттемесін орындауға мерзім беріп, жұмысын қадағалау керек. Осыған назар аударылса, жауапты экономикалық саясат жүргізіле бастайды.
Біз өз тарапымыздан Есеп комитетінің баспасөз қызметіне хабарласып, Қор мәлімдемесіне қатысты комитеттің ұстанымын сұрадық.
«Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына аудит жүргізіліп жатыр. Ақпан айындағы Президентке баяндалған мәлімет мерзімаралық аудиттің қорытындысы ғана болатын. Сәуірдің соңында аудиторлық тексеру толық аяқталады. Сол кезде аудит қорытындысы Президентке баяндалады. БАҚ-та да ашық жариялаймыз. Комитет заң шеңберінде жұмыс істейді. Біздің әр мәлімдемеге сай фактіміз бар», – деді баспасөз қызметі.
Сөз басында қойған сұрақтың жауабын сәуірде білетін сияқтымыз. Себебі Есеп комитеті де, Қор да «семіз сөйлеп, арық шыққанды» ұнатпасы анық. Қысқасы, қызықтың көкесі әлі алда...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ