Zam-Zam Qazaqstan турис­тік фирмасының заңсыз жолмен 120 адамды жинап, Сауд Арабиясына апарғандығы болып отыр.
Қажылықтан қаржы тапқан
4,250
оқылды

Соңғы уақытта Құдайға құлшылық етіп, бес парыздың бірі – қажылық сапарын орындамаққа ниет еткен отандастарымыздың қаңғып, қапасқа қамалып, ас-сусыз әбігерге түскені туралы ақпарат әлеуметтік желі бетін желдей ескен еді.

Бұған себеп Zam-Zam Qazaqstan турис­тік фирмасының заңсыз жолмен 120 адамды жинап, Сауд Арабиясына апарғандығы болып отыр. Ақыр соңы қажылық парызын өтеп жүрген кезде еліміздің азаматтарын сол елдің поли­циясы ұстап, екі күн бойы автобустан шығармай, тексергендігін, тамақ ішуге де, тіпті әжетханаға баруға да рұқсат бермегендігін, тек келесі күні сол елдегі Қазақстан елшілігі қызметкерлерінің араласуымен ғана олар босатылып, елге қайтқандығын оқып білдік. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударып, жауапты болған мамандарға тиісті шара қолдануын тапсырған болатын. Одан кейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жаңа деректерді жариялап, қазақстандық турагенттік Сауд Арабиясына қажылық жасамақ болған 306 азаматты туристік визамен апарғанын мәлімдеген еді.

Біз де осы ретте Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасына сұрау салып, жалпы қажылық мәселесі бойынша аз-кем сұхбат құрған едік.

ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгеру­шісі Жанділлә Бекжігітовтің айтуынша, жыл басында өткен кезекті конкурс нәтижесінде биылғы қажылықты ұйымдастыруға лайықты 18 туристік фирма іріктеліп алынған. Олар – бұған дейінгі жылдары қажыларды қасиетті орындарға алып барған кезде өздерін оң қырынан көрсеткен, кемшіліктерге жол бермеген және қажылық маусымын отандастарымыз үшін қолайлы және жоғары деңгейде ұйымдастыруға қабілетті деп танылған туроператорлар.

– Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі қажылық квоталарын әр елдің дін саласына өкілетті мемлекеттік органдарына немесе ресми исламдық діни басқармаларға (мүфтият) ғана тиісті талаптар мен тәртіпке сай береді. Ал Zam-Zam Qazaqstan өкілдері қажылық квотаны тікелей Сауд Арабиясынан аламыз деп қажылыққа адам жинаған. Осылайша, заңды белшесінен басып отыр, – дейді ол.

Бір қызығы, аталған туроператор басшысы өзінің кінәсін мойындамақ түгілі, керісінше «ҚМДБ әр квотаны ақшаға сатады, ол жақта да парақорлық жайлаған» дегенді айтты. Бұл туралы Жанділлә Бекжігітов:

– Zam-Zam Qazaqstan өкілдерінің қажылық орындарын беруде «ҚМДБ парақор» деген мәтінде таратып отырған қауесеті жалған. Себебі қажылық орын­дарын Қажылық бөлімі емес, бұл салаға қатысы жоқ қоғам және дін қайраткерлері мен діни қызметкерлерден құралған ар­найы комиссия мүшелері ашық конкурс­тық негізде «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу туралы» ҚМДБ ережесінің талаптарына сай бөлінеді. Мүфтият бұл ақпараттың жал­ған екендігін және «Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы» Қазақстан Респуб­ликасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V ҚРЗ кодексінің 73-3 (жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату, көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет) «Жала жабу» бабына сәйкес Д.Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінін хабарлайды, – дейді.

Біз ғаламтордағы Zam-Zam Qazaqstan туристік компаниясының сайтында көрсетілген қызмет телефонына жазға­ны­мызда, заңсыз әрекеттерінің әшкере болғанына қарамастан, әлі де қажылық сапарларын ұйымдастырып жатқанын білдік. Ондағы менеджер умра сапарына 27 тамызға бос орындар бар екендігін, бағалары 1 300 доллардан басталатынын, сапалы қызмет көрсететінін айтты.


Алла атын жамылып алаяқтық жасаған

Қажылықты қаржы көзіне айнал­дырып, қоржынын қомпайтуды ғана мақсат еткен компаниялар тек Zam-Zam Qazaqstan ғана емес екен. Қажылық бөлі­мінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітов­тің айтуынша, пайда табу мақсатында адамдарды заңсыз түрде қажылық сапарына апару – жыл сайын қайталанып келе жатқан келеңсіздік. Биыл тек Zam-Zam Qazaqstan компаниясынан бөлек, Zulay Travel, Sultan Travel, Zamzam Company сынды туристік фирмалар да заңсыз жолмен Сауд Арабиясына адамдарды алып келген. Бір ерекшелігі, алғашқы үшеуі қажылық барысында жергілікті құзырлы органдарға ұсталып қалып, адамдары қажылықтарын өтей алмай қалса, Zamzam Company қажылары ғана ұсталмай, құлшылықтарын толық өтеп шыққан. Мәселен, биыл қаңтар айында Алматы мен Шымкентте 50 шақты адамды Мекке мен Мәдинеге апарамыз деп ақшаларын алып, алдап кеткен «Кәусар-тревел» атты турфирма, поли­ция­ның мәліметі бойынша, мыңға жуық тұрғыннан 33 миллион теңге алып, бірақ уәде еткен қажылыққа апармаған.

Жанділлә Бекжігітов қажылық визасы бар туркомпанияларға қарағанда туристік визамен апаратын компания­лардың шығыны едәуір аз болатынын айтады.

«Мысалы, биыл елімізден баратын 4 000 қажының әрқайсысына шаққанда сапар құнының бастапқы бағасы 5 500 доллардан басталды. Ал бейресми жолмен апаратын турфирмалардың ұсын­ған бағасы 6 000 доллардан баста­лады. Бірақ олар туристік визамен баратындықтан, ұшақ билеттері мен қонақүйлер арзанға түседі. Қажылық жасағаны үшін төленетін (1 000 доллардан аса) салықтан да бейресми турком­паниялар жалтарып кетеді», – дейді ол.

Квота беретін комиссия да күмәнді

Қажылыққа қатысты ақпараттарды іздеу кезінде тағы бір мәліметке кез болдық. Сондағы көзімізге іліккені, 2020 жылы қаңтар айында Qamshy.kz сайтына шыққан «Нұр-Қазақстан» компания­сымен қажылық сапарға барған бір топ алматылық азаматтың аталған компа­нияға алданып қалғандығы жөніндегі мақала еді. Алданған қажылардың сөзінше, компания директоры Амангелді қажы Әбдіхалық қажылыққа баратын қазақстандықтардың қалтасын қағып, алаяқтық жолмен азаматтардан артық ақша алған. Олар «Нұр-Қазақстан» компаниясымен қажылық сапарға бару үшін олардың әрқайсысы компанияға 1 700 АҚШ долларынан төлеген. Ал Әбдіхалық сол ақшаға оларды 12 күндік қажылыққа апаруды уәде еткен, бірақ берген уәдесін орындамапты.

Алтыншы қаңтарда Алматы әуежайы­нан Дубайға ұшқан азаматтар Әбдіхалық­тың тапсыруы бойынша, кеден қызмет­керлеріне қажылыққа емес, тек «Дубайға саяхаттап барамыз» деп өтірік айтқан. Олардың сөзінше, Амангелді қажы «Егер сендерден кеденде шекарашылар сұраса, Дубайға барамыз деп айтыңдар, Меккеге демеңдер», – депті. Бірақ кейін Әбді­халық ашқызып берген визалары турис­тік виза екенін білген. Айтуларынша, виза аштыру үшін де олар «Нұр-Қазақстан» компаниясының директоры Амангелді қажы Әбдіхалыққа 150 АҚШ долларын төлепті.

«Мединеде төрт жұлдызды, Меккеде бес жұлдызды қонақүй болады, жағдай­ларыңның бәрі жасалады, өздерің ойла­ғандай құлшылық етіп келесіңдер», – деп уәдесін берген компания басшысы­ның сөзіне сенген азаматтар Медине қала­сында аялдаған қонақүйлері алдын ала уәде етілгендей төрт жұлдызды емес, ескі һәм жағымсыз иісі бар болып шыққанын айтқан. Аялдаған қонақ­үйлерінің қызмет сапасы көңілдерінен шықпай, басқа қонақүй тауып беруін талап еткенде, Амангелді қажы азамат­тардың айтқан шағымына құлақ аспай, діни уағыздармен қорқытқан. «Тәкаппар­лық танытпай, қасиетті жерге келгенде барлық жағдайға шүкір етіңіздер. Әйт­песе, шайтанның шақыруымен келген­дей боласыздар», – деп қажылар уәжін тәкаппарлыққа теңеген. Қажылыққа барған азаматтар Амангелді Әбдіхалық олармен сапар барысында үш-ақ күн бірге болып, «Елбасының жиналысына мен қатыспасам болмайды. Елбасы мені жиналысқа шақырып жатыр» деген сыл­таумен қаңтардың тоғызы күні Қазақ­станға ұшып кеткен.

– Мына қызықты қараңыз: осындай алаяқтық жолмен қажылардың қалтасын қаққан компания биылғы қажылық маусымдағы квота алған 18 туроператор­дың тізімінде бар болып шықты. Сонда осындай заңсыз жолмен әрекет еткен компанияға ҚМДБ қалай квота бергендігі бізге түсініксіз. Бұл жөнінде қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжі-гітовтен сұрағанымызда, аталған заңбұзу­шылық жөнінде хабарсыз екендігін айтты. «Квотаны қандай крийтерийлер арқылы бересіздер?» деген біздің сұрағымызға «бұған дейінгі жылдары қажыларды қасиетті орындарға алып барған кезде өздерін оң қырынан көрсет­кен, кемшіліктерге жол бермеген және қажылық маусымын отандастарымыз үшін қолайлы және жоғары деңгейде ұйымдастыруға қабілетті деп танылған туроператорларға береміз» деп қажылық бөлімінің меңгерушісінің берген жауабы қайда қалды?! Ендеше квотаны үлестіру­ші комиссиядан да ши шығып тұрғаны емес пе?! Яғни, бұл мәселе де жіті қада­ғалауды, тексеруді қажет етеді.

Құлшылықтың «құны» қымбат

Ғаламтордан қажылық сапарына барып-қайту құнын іздестіргенімізде, түрлі туркомпаниялардың әрқилы бағаларына жолықтық. Мәселен, kizmet.kz сайтындағы ақпараттарда қажылық сапар құны комфорт – 3 миллионнан жоғары болса, люкс пакеті 4 304 570 тг деп көрсетілген. Комфорт пакетінің ішіне: «Jabal Omar Marriott Hotel отелінде тұру (Аль-Харам мешітінен 2 200 метр қашықтықта); Мекке мен Мединеде тамақтану үшін арнайы бөлінген қонақ­үйлерде күнделікті екі мезгіл тамақтану; қажылық жасауға Сауд Арабиясы Ко­роль­дігінің визасы; қажыларды маршрут бойынша автокөлікпен қамтамасыз ету; Мекке мен Мединеде жұма намазын орындау мүмкіндігі, сонымен қатар 3 рет тегін умра жасау мүмкіндігі кіреді. Қажы­лықтың 16 күні қажылық рәсімдерін ыңғайлы өткізуге мүмкіндік береді. Қа­жы­лар тобына қазақ және орыс тілдерін меңгерген, қажылық пен умраның барлық рәсімдерін жақсы білетін және қажет болған жағдайда қажылардың іс-әрекеттерін үйлестіретін жоғары білікті рухани тәлімгер ілесіп жүреді» деп жазылған.

Сонымен қатар қажылыққа аттанарда VIP қызметін ұсынатын туристік компа­ниялар да бар екен. Осынау қызмет түрін алатындардың да қарасы көп екендігі белгілі болды. VIP қажылықтың қара­пайым қажылықтан айырмашылығы – уақытының қысқа болуында. Мәселен, қарапайым қажылық кезінде жол жүру уақыты 20 күн болса, VIP қажылықта жеті күнге ғана созылады. Туристік агент­тіктердің айтуынша, VIP қажылық баға­сы 26 000 – 27 000 доллардан (шамамен 12 миллион теңге) басталады екен.

VIP қажылар Қағба мен қалаға қарай­тын 120 шаршы метрлік президенттік люкстерде тұрады. Қағбаға көрініп тұратын корольдік люкстердің бір түні 1,3 миллион теңгеден асады. Одан бөлек, қонақүйлерде санаторийлер, қоғамдық моншалар мен спорт залдары бар екен.



Қадірі қашқан қажылық

Өзін мұсылман санаған әрбір шамасы жеткен адамның бес парызының бірі – қажылықты орындауы парыз саналатыны рас. Бірақ қазіргі қажылық – бизнес пен атаққұмарлықтың, саяхаттың түріне айналып бара жатқан сияқты. Қажылық сапарға шығушы ең алдымен өз төңіре­гіндегі ел-жұрттың жағдайына болысып, жетім-жесірге қарайласып, ата-аналық, көршілік парызын орындауы қажет емес пе?! Бүгінгі қажылар осы үдеден қаншалықты шығып жүр? Мәселен, жоғарыда жазған «Нұр-Қазақстан» компаниясының директоры Амангелді Әбдіхалық 100 рет қажылыққа барғанына шүкір ету мақсатында «Аллаға шүкір» және «Шүкір» деген атаумен ұлан-асыр той жасағаны туралы кезінде ақпарат көздері жарыса жазған болатын.

Қажылық – адамның кемелдікке ұмтылып, Пайғамбардың ғибратқа толы ғұмырын сезініп, жол бойы әйгілі мешіт-медреселерден ілім үйреніп, көрген-білгендерін өз пайымдарымен баға­м­дайтын сапардың бірі. Осы қажылықтың қадір-қасиеті жөнінде әйгілі Мәшһүр Жүсіп қажыларға арналған деректі дастандар жазып, «Шонтыбай қажы»,«Жантемір қажы», «Ізбас қажы» деп сол кездегі қажылықтан көптеген дерек келтіреді. Мәшһүр Жүсіп бұл дастандарда Мекке-Мединеге барушы­ларды екіге бөліп қарастырған. Оның бірі – ақшасы мен атағына малынып, қалашы мен базаршы болып, зат алып, мәз бо­лушылар да, екіншісі – шын ықыласымен Құдайға құлшылық етушілер.

Мәшһүр Жүсіп өз өлеңдерінде қа­жылықты мансап көрушілерді қатты сынға алады.

«Дүниежүзі бұл күнде толып кетті,
Біздерге өлең түстеніп қонып кетті.
Ақырзаман бұл да бір ғаламаты,
Жанның бәрі қажеке болып кетті», – деп сол кезеңдегі ел ішіндегі қажылыққа бару сәнге айналғанын көрсетеді.

Бір қиссада парасатты ғалым әрі сопы Меккеде Харам Шәріпте қажылығын орындаған соң көзі ұйықтағанымен, көңілі ояу отырғанда, аспаннан екі періште келіп, біреуі екіншісіне: «Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен келген 500 мың адам қажылық жасады. Бірақ бәрінің қажылығы Шамдағы бір аяқкиім жөндеушінің құрметі үшін қабыл болды», – дейді. Ғалым бұл халден оянған соң таң-тамаша болады. Бәрін өз құлағымен естіп, сезіп тұр. Қайтар жолда керуенмен Шамға соғып, әлгі етікшіні елден сұрап жүріп, тауып алады. Одан: «Сен қажы­лыққа бармасаң да, тілегің қабыл болды. Жаратушының назары барша қажы­лардан асып, өзіңе ауатындай қандай амал жасадың?» деп сұрайды. Сонда етікші: «Отыз жылдан бері қажылыққа баруды ниет еттім. Етік бүтіндеуден және ескі киімдерден 300 дирхам ақша жинадым. Жүкті әйелім: «Көршіден еттің иісі шығып жатыр, маған бір жапырақ ет сұрайсың ба?» деді. Көршіме барып ет сұрадым. Көршім жылап: «Жеті күннен бері балаларым аш. Жолда өлген жануар тауып алып, етінен аздап кесіп алдым. Соны қайнатып, оларды алдандырып жатырмын. Адал тамақ таба алмайтын болсам, мәжбүр соны жегіземін. Қаласаң, берейін, бірақ осы қайнап жатқан ет бұларға өлімге жақындағандықтан адал, ал сізге харам», – деді. Мұны естігенде ішімнен бір нәрсе үзіліп кеткендей болды. Қиналып жинаған 300 дирхамды соған бердім де: «Уа, Аллам! Қажылық ниетімді қабыл ал!» деп мінәжат еттім», – депті етікші. Сонда парасатты ғалым әрі сопы «Аллам маған түсімде шындық­ты аян еткен екен», – деді.

Міне, осы қиссада баян етілгендей, қажылықтың мәні елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жетім мен жесірге пана болып, ағайын-көршісіне қамқор бола білген жан ғана қажылық сапарға ба­руына рұқсат. Ендеше біздікі не дара­қылық?! Иә, Пайғамбар хадисінде де «Өзі тоқ, көршісі аш отырған адам бізден емес» деген емес пе?!

Наурызбек САРША