АЛУ ОҢАЙ, ҚАЙТАРУ ҚИЫН
Шын мәнісінде несиені қайтармау мен қайтара алмаудың айырмашылығы жер мен көктей. Оның себебі туралы көп жазуға болады. Дегенмен қарыз қысқан жұртшылықтың жағдайы қиындап кеткен соң былтыр Президент Қ.Тоқаев кредитке амнистия жариялаған. Нәтижесінде, ел борышынан құтылып, банктер жоғалтқаны орнына келіп бір желпініп қалғандай болды. Несиені кешіру демекші, Президент тапсырмасы екі бағытта жүргізілгені белгілі. Кепілсіз тұтыну несиесі бойынша негізгі қарызды өтеу және айыппұл мен өсімпұлды алып тастау. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бірінші бағыт негізінде 2020 жылдың 1 ақпанына дейін 554 мың азаматтың 115 млрд теңгесі өтелген. Кешірілген кредиттің жалпы сомасының 18% алматылықтарға тиесілі болса, Түркістан облысының тұрғындарына – 22% және шымкенттіктерге – 5%-дан келген. Ал айыппұл мен өсімпұл (екінші бағыт) кешірімінің игілігін 1,2 млн азамат (33,6 млрд теңге) көріпті. Жоғарыдағы қарыз соманың 70% кредиторлар есебінен алынып тасталса, Ұлттық банк 30% шығынды жапқан. Мұндағы үлестің үлкенін де (жалпы соманың 21%-ы) Алматы қаласының тұрғындары көріпті. Сондай-ақ елордалықтар – 10%, шығысқазақстандықтар – 8% және Алматы облысының халқы – 7% қамтылған. Сондай-ақ биылдан бастап банктерге 90 күннен асып кеткен қарызға өсімпұл салуға тыйым салынды. Алайда несие амнистиясы бір жолғы шара. Үкімет кредитті үнемі жаба бермесі анық. Осыған орай, Ұлттық банк барлық несиелік ұйымдар үшін қарыз алушының төлем қабілетін бағалаудың жаңа талаптарын енгізді. Яғни, енді адам табысының 50% -дан астамы барлық қарызды өтеуге бағытталады. Егер төлемге жұмсалған қаражат 50% табыс көлемінен асып кететін болса, ол адамға несие беруден бас тарту көзделген.Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, 2020 жылдың басында бөлшек несие портфелі 7,4 трлн теңге болды. Ипотека 1,97 трлн теңге, автокредит – 561 млрд теңге, кепілдендірілген тұтыну несиесінің көлемі – 698 млрд және кредиттік карта несиесі 90,4 млрд теңгені құраған. Кредиттік карта демекші, 2019 жылдың аяғында қазақстандықтар 5,3 млн кредиттік карта ұстап жүргені белгілі болды. Мұны экономикалық белсенді халық санына (9,2 млн адам) шақсақ, едәуір үлкен көрсеткіш. Демек, несие алу үрдісіне тоқтам жоқ.
НЕСИЕ НЕСІБЕ БОЛА МА?
Әдетте, қарызды ақшасы жетпеген адам сұрайды. Бірақ психологтар мәселені кредитпен шешу әдетке айналса, соңы жақсылыққа апармайтынын айтады. Биылғы қаңтар айының өзінде қазақстандық банктер халыққа 346 млрд теңге тұтыну несиесін берген. Оның 320 миллиарды ұзақ мерзімге рәсімделсе, 25 миллиарды қысқа уақытқа деп алыныпты. Бұл қаржыны өңірлерге шақсақ, жылдың жаңа несиесінің көп бөлігі (38%) Алматы тұрғындарына 131 млрд теңге берілген, нұр-сұлтандықтарға – 30 млрд теңге (9%), шымкенттіктерге – 24 млрд теңге (7%), қарағандылықтарға – 24 млрд теңге (6%). Ал қысқа мерзімге алынған тұтыну несиенің үлесіне келсек, 472 млн теңгесін Алматы тұрғындары рәсімдепті, Алматы облысына – 17 млн теңге, СҚО – 15 млн теңге, Ақмола облысына –11 млн теңгеден айналады. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, 2020 жылдың басында бөлшек несие портф елі 7,4 трлн теңге болды. Ипотека 1,97 трлн теңге, автокредит – 561 млрд теңге, кепілдендірілген тұтыну несиесінің көлемі – 698 млрд және кредиттік карта несиесі 90,4 млрд теңгені құраған. Кредиттік карта демекші, 2019 жылдың аяғында қазақстандықтар 5,3 млн кредиттік карта ұстап жүргені белгілі болды. Мұны экономикалық белсенді халық санына (9,2 млн адам) шақсақ, едәуір үлкен көрсеткіш. Демек, несие алу үрдісіне тоқтам жоқ. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнареваның айтуынша, азаматтарға ең алдымен керегі – қаржылық сауат. Несие алған адам саналы түрде оны қайтару керек екенін ұғынып, отбасына, жақындарына қиындық тудырмайтынына жауапты болуы керек.ТАБЫСЫ АЗ АДАМ – НЕСИЕГЕ ТӘУЕЛДІ
Статистика комитеті 2019 жылдың қорытындысы бойынша медианалық және модальды жалақы көрсеткішін жариялады. Оған сүйенсек, жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың жартысы (3,3 млн) 112,2 мың теңгеден аз жалақы алады яғни жалақының медианалық мәні осынша. Медианалық жалақы дегеніміз, шынайы орташа жалақының есептеу тәсілі. Қаржы саласының мамандары Қазақстанда медианалық жалақы көлемі статистикалық ұйымдар көрсететін орташа айлық көрсеткішінен 15-30 пайызға төмен екенін айтады. Яғни, бір жыл ішінде медианалық жалақы 5,6%-ға (+5,9 мың теңге) ұлғайған, бұл кезеңде жылдық инфляция көрсеткіші 5,4%-ды құрады. Бұдан шығатын қарапайым қорытынды: қазақстандық жалақының нақты сатып алу қабілеті 2018 жылғы деңгейде қалды. Айта кетейік, Қазақстанда орташа жалақы өткен жылдың қорытындысы бойынша 203,9 мың теңге деп белгіленді. Бұл медианалық жалақы көрсеткішінен екі есе жоғары. Демек, орташа және медианалық жалақы арасындағы алшақтық неғұрлым үлкен болса, жалақының теңсіздігі соғұрлым күшті болады және жалақысы төмен жұмысшылардың үлесі неғұрлым жоғары болады. Өңірлер бойынша да медианалық және орташа жалақының көрсеткіші әртүрлі. Мәселен, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы орташа жалақы 308,1 мың теңге болса, медианалық жалақы көрсеткіші – 48,9%-ға аз, 157,4 мың теңге. Алматыда алшақтық – 43,1% (248 мың және 141 мың теңге). Айырмашылық көрсеткіші бойынша алдыңғы үштікке Жамбыл (67,4%), Павлодар (67,4%) және Солтүстік Қазақстан (66,8%) облыстары кірген.
Бауыржан БАЗАР