Осынау бір әсем қаланың сұлу келбетіне тамсанып, көрікті кейпіне құмар едік. Суреттен көріп, сүйсінгеніміз болмаса, табанымыз тимеген қала. Сыртынан қанықпыз, ішкі әлеміне үңілмегеніміз бар-ды. Құрманғазы мен Дина шыққан қасиетті мекен ғой. Мәншүктей батыры бар, Жұбан мен Қадырдай ақыны бар бұл өлкеге қалай мақтанса да жарасады.
Оралға келсек, ең бірінші іздейтініміз – Ақұштап Бақтыгереева. «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын апамның Алатауынан алыстап, туған өлкеге, Оралға қайта оралғанынан да хабардармыз. Ара-тұра қоңырау шалып, әдебиеттің төңірегінде сырласатынымыз тағы бар.
«Ай, күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы,
Айдыны бар Жайықтың
Әлдилеген талайды», – деп өмір бойы Жайығын жырлап келе жатыр. Ақұштап апа елеңдеп, бізді тосып отыр екен. Көлігіне отырғызып алды да, «шу, қарақұйрық» деп тартып кетті. Ақұштап апаның бір ойлағаны бар шығар деп, үнсіз отыра бердік. Қала сыртына шыққан соң ғана апам ақтарылып, әңгімесін бастады.
«Орал шағын қала ғой. Оны аралау ешқайда қашпас. Сендерді Құрманғазы аталарың жүрген жолмен жүргізгім келеді. Өздерің білесіңдер, қазақ даласын асқақ күйлерімен тербеген Құрманғазы аталарың Бөкей хандығы, қазіргі Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде дүниеге келген. Әкесі Сағырбай өнерден алыс, қақ-соқпен ісі жоқ, қарапайым шаруа адамы болатын. Шешесі Алқа адуынды, бірбеткей, ер мінезді кісі болған. Той-томалақта күрескен палуан әйел атанған. Құрманғазы аталарың ерте жұрт назарына іліккен. Оны күй өнеріне баулыған әрі алғашқы ұстазы Ұзақ күйші болатын. Бала болса да, ұстазымен бірге ел аралап, талай-талай сайыстарға түсіпті. Сол замандағы небір атақты күйшілермен араласып, шеберлігін шыңдай түседі. Аяусыз азап пен сол заманның қитұрқы саясатына қарсы болған Құрманғазыны талай рет түрмеге де салды. Ол кісі жатқан түрме бар осы маңда. Ескі түрменің орны сақтаулы тұр. Сыртынан өткен сайын «Құрманғазы жатқан түрме деп ел-жұртқа айтып өтемін» деп бір күрсініп алды апа.
Жайықты жағалай ұзыннан-ұзақ жол жатыр. Айнала көкмайса, жайқалып тұр. Биыл Жайыққа су мол жиылған секілді. Мал да қоңды көрінді.
«Жайығымыз толып, көңіліміз марқайып қалды. Су болса, шаруаның да жайы түзеледі ғой» деп, ары қарай Құрманғазы туралы әңгімесін қайта жалғады. «Құрманғазы аталарың не көрмеді дейсің. Алты рет абақтыға қамалып, босап шыққан. Бір күні түрмеде жатқан Құрманғазыға анасы Алқа келеді. Баласының түрмеде езілген түрін көріп, ұлының жағынан бір тартып жіберіпті. «Мен ұл тудым ба десем, ез туған екенмін ғой. Мына қас дұшпандарыңның алдында оныңды көрсетпе» деп, қапаста жатқан ұлына жігер беріпті. Сол кезде күйші қолына домбырасын алып, «Қайран, шешем» деп күмбірлете жөнелген деседі».
«Кісен ашқан» күйі де осы түрмеде туса керек. Ол туралы Ахмет Жұбановтың жазғаны бар. Онда өнер зерттеушісі: «Күндердің бір күнінде Құрманғазы амалдың жоқтығын біліп, қалайда қашуды ойлайды. Айсыз қараңғы бір түнде жұмыстан қайтып келе жатып, аяғы ауырып, тіпті жүргізбеген болып, Құрманғазы тұтқындар тобынан кейін қала береді. Қапысыны тауып, конвойдың біреуін қағып түсіріп, қаша жөнеледі. Қараңғыда күйшінің ізін жоғалтып алған конвойлар түрмеге қайтады. Оның алдында күндіз жұмыс үстінде Құрманғазы баяғы Лавочкиннің шешесі берген болат араны ұлтарағының астынан суырып, кісеннің бір жағын кесіп, жай орнына байлап қойған болатын. Қашарда бір жағын қолына алып, адымдай жөнеледі. Қаладан алысырақ бір сарайға барып, кісеннің екінші басын да кесіп, сол араға лақтырып тастайды. Біреулердің айтуынша, Құрманғазы қашар тұста кісенді жұлып аламын дегенде өзінің майөкшесінің бірін жұлып алады да қаша береді. Ол күні қалың шөптің арасынан ешқайда шықпайды. Кісен қиған жерлерін көйлек-дамбалынан жыртып алып орайды. Кеш бата Құрманғазы Жайықтың бойын төмен қуа жүре береді. Таң ата бір ауыл шетіндегі малшының үйіне келіп, өзінің мән-жайын айтады. Ол үйдің иелері Құрманғазыны тамақтандырып, басқалардың көздерінен тасалап, тығып ұстайды. Жарасына сормақта тартып, жақсылап байлап береді. Кішкене тыныққан соң, Құрманғазы домбыра алдырып, бірнеше күй тартады. Ең соңғы күйінде қайғының үні шығады. Айналадағыларға Құрманғазы бұл күйдің «Кісен ашқан» екенін айтады»...
Жайықты бойлап, көлігіміз жүйткіп келеді. Дәл осы жолда Құрманғазы атамыз абақтыдан жаяу-жалпы қашып шықты-ау деген ой келеді. Кісен қажаған, кісенді жұлып аламын деп, еті қоса жұлынған, қан сорғалаған аяғын сүйретіп, безіп барады. Қайда барады, бағыт-бағдары да белгісіз. Бастысы, тор қапастан аман шықты. Тән жарасы жазылар, жан жарасын емдей ала ма? Соңында бар қайғысы, түрме азабы күй боп төгілді. Күй боп өрілді. «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» күйлері – соның дәлелі.
Сынаққа сынбаған жан
Ақжайық ауданы. Бұрынғы Чапаев елді мекені. Ақұштап апа туған мекен. Бізді бірден аудандық орталықтандырылған кітапханаға алып келді. Есік алдында еңселі ескерткіш орнатылған. Ол ескерткіш қазақтың көрнекті ақыны Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арнап қойылған. Жұбан ақын мен Сағынғали Сейітовтің арасындағы рухани байланыс пен терең сыйластық талай жанға үлгі болды. Аудандық тарихи-өлкентану музейінде С.Сейітовтің тұтынған заттарынан жасақталған жеке кабинеті ашылған. Музейде қаламгердің жылдар жүзінде жарық көрген кітаптары, фотосуреттері, жеке заттары, еңбегі мен қазақ кеңес әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін алған грамоталары, медальдары қойылған.
Айтқандай, біз барған уақытта елге белгілі кәсіпкер Ләззат Сейткерееваның мерейтойын атап өтіп жатыр екен. Тура тойдың үстінен түсіппіз. Ләззат апай Ақсуат ауылында тұрады. Орал – Атырау тас жол бойындағы «Саланг» дәмханасы жергілікті жұртшылыққа жақсы таныс. Ләззат апайдың қиын тағдырын естіп, көзімізге жас үйірілді. Нағыз қайсар рухты жан. Жолдасы екеуі алғаш кәсібін 1999 жылы бастаған екен. Күре жолдың бойында жаман вагонды сүйреп әкеліп, шағын дәмханасын ашады.
«Айналада дым жоқ. Зулап жатқан көліктер. Бос жатқан кең дала. Тіпті жарық та орнатылмаған. Халықтың кеңдігі шығар. «Мынау жаман вагон ғой» деместен, асханаға соғып, дәм татып кететін еді. Шамның жарығымен жолаушыларға тамақ беретінбіз. Жолдасым Ауған соғысының ардагері болғандықтан, жолдастарын еске алып жүрейін деп, дәмхананың атын «Саланг» қойды. Алланың сынағы болар, 2008 жылы жолдасым жол апатынан көз жұмды. Екі ұл, бір қызымды жетілдірейін, жылап-сықтап отырғаным жарамас деп, қайта кәсібімді жалғап кеттім. Арада он бір ай өткенде жиырма жастағы үлкен ұлымнан айрылдым. Екі жыл өткенде екінші ұлымды да көлік қағып кетті. Жолдасымнан бір айырылып, екі ұлымнан тағы айырылып, пүшәйман халге түстім. Тіпті өмір сүргім келмеді... Күйреп, құлап жатқанымда ата-анам сүйеу болды. Қолтығымнан демеді. Бұл да маған берген Алланың сынағы шығар. Анам өмірбақи мұғалім болған адам. «Қызым, өмір – күрес. Бұл күресте сен жеңуің керек. Қызыңды ойла» деп, тұңғиықтан алып шықты. Қазір жұбанышымды еңбектен табамын. Осы ауылда тудым, осында өстім, осы жерде есейіп келе жатырмын. Ауылымның әр тасы, әр адамы – қымбат. Сол ауылды сақтап қалғым келеді» дейді Ләззат апай.
«Басқа түссе – баспақшыл» дейді, соншама қиындықтарға қарамастан, өмір үшін күресте сынып кетпей, қайта бас түзеген кәсіпкердің қайсар рухына тәнті болмасқа амалың жоқ. Тіршілік қазанын қайнатып, жолдасынан қалған кәсібін ары қарай дөңгелетіп әкетті. Шағын дәмханадан басталған жұмысы ары қарай кеңейіп, ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтып отыр.
Кеудеме өлең нұрын құйып өткен...
Ақжайыққа барған жан Жұбан орталығына соқпай кетпейді. Есімі алты алаштан асып, «Мен – қазақпын!» деп жар салған ақынның есімі ұмытылмайтыны сөзсіз. Академик Зейнолла Қабдолов: «Жұбан – қазақ поэзиясындағы, әдебиетіміздегі ірі құбылыс. Ол – Оралдың ғана емес, қазақтың Жұбаны» деген екен. Сол қазақтың Жұбанына арнап, туған мекенінде орталық ашқанына да көп бола қойған жоқ. Бұл ғимарат Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арнап, кәсіпкерлердің тартқан сыйы екен. Жұбан орталығы төрт бөлмеден тұрады: кітапхана, руханият залы, ақын кабинеті, музей бөлмесі. Музейдің ішінде Жұбан ақынның қолданған заттары, кітаптары, кітапханасы әкелінген. «Мені білгілеріңіз келсе, менің жыр-дастандарыма үңіл» деген ақын болмысын оның шығармаларынан табарымыз хақ.
Көзі тірісінде елге келгенде үнемі Саясат дейтін ақсақалдың үйіне тоқтайды екен. Сол кезде өзі пайдаланған керуеттің қасындағы кілемше мен күнтізбелікті кейін Саясат атаның ұлы орталыққа табыс етіпті. Көне жәдігерлерімен қатар, бес фото альбом да тұр. Бұл альбомдар кезіндегі Орал өңірінің тарихынан сыр шертеді. Мұның бәрін жинақтаған – ауыл тұрғындары.
Орталықта Ақұштап апа Жұбан аға туралы әдемі естеліктерін бөлісті. Әйгілі Желтоқсан оқиғасы кезіндегі Жұбан ағаның ерлігі туралы да айтып өтті.
«Жұбан ақынның ерлігі туралы «Ерлікті көзбен көрген күн» атты өлеңімде жазғанмын.
– Ұрпағыма халім бар не дер енді,
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан
Ит таласын деп пе едім немеремді?
Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.
Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін.
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің замандас, салтын елдің.
Бір еместей өзіңмен жолым бүгін
Мен айтпасам паш етер сорымды кім,
70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.
Деп үйреттің мәңгүртсің; бәрің надан,
Тіл мен діннен айрылды елім, бабам,
Кеше алаңда сабаған — сенің тегің,
Ал таяқты жегендер менің балам...
Бірақ сол сәтте Жұбан ақынның сол залда сөйлеген сөзін ешкім жазған жоқ. Газеттердің өзі «сылап-сипап» беріп жатты.
«Біздің тілімізді алды. Оған да көндік. Сенімімізден айырды. Оны да көтердік. Менің халқымнан тағы не қалайсыңдар?» деп ашық айтты. Батырлық қой. Мәскеу жіберген адамға олай сөйлейді деген ешкімнің ойында жоқ. КСРО депутаты жастарды қаралап сөйлейді деп ойлаған ғой. Одан мұндай сөзді ешкім күткен жоқ. Колбин қып-қызыл болып кетті. Зал тегіс тынып қалған. Қол соғуға да қорқып тұрмыз. Үп еткен жел жоқ. Төбеден жай түскендей біз отырмыз. Бір сәтте біреу ақырын жерді тепкілеп, дыбыс шығара бастады. Барлығымыз жан-жақтан еденді тепкілей жөнелдік. «Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп, ұйқысынан бар қазақ оянғандай». Әскер қарап тұр, үш әріп тағы бар.
Сонда Жұбан ақынның жасы 68-де. Солай тіп-тік қалпы, тайсалмай сөйлеген ақын арада бір жыл өткенде ауруханаға барып, қалай өліп қалады?» деп ауыр күрсінді ақын апа.
Жұбанның жұмбақ өлімі туралы ақын Қадыр Мырза Әлі де жиі айтатын. «Әй, Қадыр, мен бұл жерден тірі шықпаймын-ау», – дейтін еді… Жұбан Молдағалиев тұтас советтік әміршіл-әкімшіл жүйеге ашық қарсы шыққан адам. Оның «тірі жүргені» сол жүйенің өктем, озбыр билігіне қауіпті болатын, – деген Қадыр ақынның сөздері күмәнді күшейте түсетіндей…
«Ерлікті көзбен көрген күн»... Өлең жүректі тілгілеп жатты. «Желтоқсанның көргенше он алтысын, бір күн бұрын батсамшы батар күнмен»... Қайран, Жұбан ақын! Сіз тұтынған әр жәдігер бізге қымбат! Сіз жазған әр шығарма бізге құнды! Сіз қаймықпай, кеңестік империяға қарсы шыққан сол бір тарихи сәт мәңгі ұмытылмайды...
P.S.
«Ақ Жайыққа барамын алып-ұшып,
Жас жүректің жарқылы жалын құшып.
Сырым туған далаға сәлем айтад(ы)
Жанарымнан тамшы жас ыршып түсіп».
Біз Жайықтан көрсек деген дүние көп еді. Соның бірі – Жұбан ақын туған мекенге ат басын бұру болатын. Ол арманымыз да орындалғандай. Ақжайық ауданын Жайық өзені жарып өтіп жатыр. Бір кездері Чапаев атанған мекеннен жалғыз Чапаев ескерткіші қалыпты. Оның өзі тал астында жасырынған. Есесіне, Молдағалиев ескерткіші қасқайып тұр. Кеше мен бүгіннің бейнесі секілді...
Біз осылай Жұбан туған мекенге барып бас иіп, тағзым етіп қайттық.
Гүлзина БЕКТАС