Екі күн ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Екібастұз гарнизонын өртті сөндіруге 10 рет шақыртқан. Бұл туралы Aikyn.kz сайты @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 13 шілде күні сағат 09.25-те Марғұлан ауылы маңында құрғақ шөптің жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына өрт сөндіру қызметтері, ерікті өрт сөндіру бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар аттанды.
Тілсіз жау 14 шілде күні сағат 07.35-те толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілердің жұмысына жел кедергі келтірген.
«14 шілдеде жүргізілген тексеру барысында далада болған өрт салдарынан Марғұлан ауылындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының ұсақ малы жартылай жанып, қойлары отқа күйіп қалған», – делінген ресми хабарламада.
Дала өртінен кем дегенде 16 ұсақ мал өлгені белгілі болды.
Ескерер жайт Екібастұзбен қатар Баянауыл, Шарбақтыда да өрт қаупі сейілмей тұр.