Бұл туралы жақында Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісінде айтылды.
Жыл басынан бергі 6 айда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар саны былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 48 пайызға өсіп, яғни 39-дан 58 оқиғаға артқан.
Шымкент қаласының Полиция департаменті басшылығы кәмелетке толмағандар қылмысының Қаратау ауданында тұрақталып, Абай ауданында 1-ге төмендегенімен, есесіне әл-Фараби ауданында – 53,8, Еңбекші ауданында 33,3 пайызға көбейіп кеткенін тілге тиек етті. Ал жаңадан құрылған Тұран ауданында алты айдың өзінде 11 қылмыс болған.
Қылмысқа барғандардың 9-ы – көршілес өңірлердің тұрғындары. Олар үшінші мегаполиске келіп қылмыс жасаған. Олардың 8-і Түркістан облысынан келсе, біреуі – Алматы облысының тұрғыны.
Иә, өзімізді осылай алдаусыратқанымен, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа бейімділік пен үйірліктің артып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Сорақысы сол, мектеп оқушыларының қылмысқа қатысуы екі есеге көбейген. Мәселен, былтыр дәл осы кезеңде 8 оқушы қылмыс жасаса, биыл оның саны 16-ға өсіп отыр. Олардың қатарында №28 мектептің 8-сынып оқушылары А.Н. және Т.С. екеуі топтасып, екі мәрте біреудің мүлкін ұрлаған. Одан бөлек, Шымкент қаласындағы №63, №31, №44 және №31 мектептің оқушылары бірігіп, былтыр желтоқсан айында ұрлық жасаған. Жыл басынан бері дәл осындай жағдайлармен №19 және №69 мектептің оқушылары екі мәрте біреудің мүлкіне қол салған.
Мұның барлығы мектеп қабырғасында болса, шымкенттік колледждерде де осындай келеңсіз оқиғалар тіркеліп жатыр. Естеріңізде болса, былтыр колледж студенті жатақханада өз-өзіне қол жұмсап, қоғамда үлкен пікірталас тудырған. Өзін-өзін өлтіруге не итермелегені әлі күнге дейін анықталған жоқ.
Жалпы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық екені байқалады. Шымкент қаласындағы аграрлық колледждің оқушылары С.К. және С.Қ. екеуі былтырғы желтоқсан, яғни бір айдың өзінде жеті рет тонау қылмысын жасаған. Дәл сол сияқты №3 колледждің 2-курс оқушысы қаңтар айында тұрғындардың мүлкіне екі мәрте шабуыл жасаған. Ұрлыққа үйір жастардың арасында политехникалық колледждің, жол-көлік колледжінің және «Болашақ» колледжінің оқушылары бірігіп топ болып, ұйымдасып қылмысқа барған.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннетта Жазықбайқызы бұл қылмыстар білім беру ұйымдары мен аудандық полиция басқармалары арасындағы қызметтік қарым-қатынас пен ақпар алмасудың жоқтығынан болғанын айтады. Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осынау қылмыстың 65 пайызын оқымайтын және жұмыс істемейтін жасөспірімдер жасағанын ескере отырып, мектеп бітіргеннен кейін бос жүрген жасөспірімдерді жұмыспен қамту шараларын жандандыру қажеттігін айтады. Бұған оқымайтын және жұмыс істемейтін жасөспірімдердің қылмысқа қатысуы 15 пайызға өскені дәлел бола алады.
Басқосуда Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар қолға алынып, осы бағытта арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұратыны, балалардың ата-аналарына да департамент мамандары тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыратыны айтылды. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, құқықбұзушылыққа бейім 245 жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 146 қолайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне қойылған. Ал 4 жасөспірім сот шешімімен Тараз қаласындағы арнаулы мектепке жіберілген.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар тәрбиесіне байланысты 3 749 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Өкінішке қарай, 28 жасөспірім қоғамдық орында мас халде ұсталып, оларға ӘҚБтК-нің 440-бабы қолданылған. Әкімшілік шара қолданылған жасөспірімдердің көбі – түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында, көшеде жүріп ұсталғандар. Полицейлер кәмелетке толмаған жастарға жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, жыл басынан бергі 6 айда Шымкент қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 26 пайызға, яғни 57-ден 72-ге өскенін айтып, дабыл қағуда.
Кәмелетке толмағандарға қатысты болған зорлау фактілері 4-тен 2-ге төмендегенімен, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері екі есе, яғни 3-тен 6-ға көбейген. Ал 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау деректері 14 пайызға артқан. Зорлау сипатындағы қылмыстар әл-Фараби ауданында 1-ден 9-ға өсіп отыр.
Кәмелетке толмағандарға қатысты болған зорлау сипатындағы 16 қылмысқа тоқталатын болсақ, бұл жерде 14 адам 14 жасөпірімге қатысты қылмыс жасаған. Сорақысы да, өкініштісі де, 12 қылмысты балалардың өз таныстары жасаса, 1-уіне өгей әкесі, тағы 1-еуіне өзінің туған әкесі озбырлық танытқан.
Елімізде, оның өзінде де қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстікте осындай жаға ұсататар жайттың жиі қылаң беріп жүргені өзекті өртейді. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен өткен жиында осыған орай, тәрбиенің ұйытқысы ата-ана мен мектеп екенін ескере отырып, білім беру ұйымдарында психолог, социолог және сынып жетекшілердің жұмысын жандандыру қажет екені ескерілді. Енді жаңа оқу жылы бастала салысымен бірлескен жұмыстар қатаң бақылауға алынбақ.
Жаннетта Жазықбайқызы өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыстық жағдайды азайтудың жолы ата-аналардың балаларға дұрыс бағытта тәрбие беруі екенін айтады. Уәкіл жасөспірімдердің қылмысқа баруы әртүрлі себептерден туындайтынын, бірі абайсызда, бірі қасақана, біреулері пайда табу мақсатында жасағанын тілге тиек етті.
Шыны керек, жасөспірімдер қылмысы жыл сайын өзектілігін жойған емес. Соған қарамастан қылмыстың алдын алу шаралары бір сарында. Бүгінде жастардың ой-өрісі күн сайын дамып жатыр. Сондықтан бұзықтыққа бейім жастардың қылмысқа бармауы үшін алдын алу шараларының да формасын өзгерту керек сияқты.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы